Қарағанды

Қанды жасқа тұншыққан тағдырлар

Қарағандыда «КарЛаг: болашаққа тағзым» атты жастардың екінші халықаралық шығармалар байқауының, жеңімпаздары анықталды. Оған Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Германия, Польша елдерінен 19-30 жас аралығындағы 112 адам қатысты. Сайыс комиссиясы ұсынылған жұмыстардың ең үздіктерін іріктеп алған. «Bolashaq» академиясы ұйымдастырған конференция онлайн түрде өтті.

«Bolashaq» академиясы 2006 жылдан бері «КарЛаг: болашақ үшін есте сақтау» тарихи-ағартушылық жобасын жүзеге асырып келеді. Жоба аясында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде 40-тан астам еңбек жарыққа шықты. Жұмыстардың ішінде кітаптар, фотоальбомдар, ғылыми-зерттеу материалдары, сондай-ақ, фильмдер бар. Жоба жайлы әлемнің 30-дан астам елінде оң пікір білдірілген.

Байқаудың алғашқысы 2014 жылы өтіп, онда 500-ге жуық қатысушы бақ сынаған-тын.

Аталған жоба – КСРО-ның тоталитарлық режимі кезінде қуғын-сүргінге ұшырап, мехнатты тағдыр кешкен жазықсыз жандардың азапты өмірін жан-жақты зерттейтін халықаралық тарихитанымдық, ғылыми-зерттеу және қайырымдылық жоба. Авторы және ғылыми жетекшісі – Қазақстан Республикасы ҰҒА академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Дулатбеков.

Өзекті тақырыптағы білім сайысына эссе, әңгімелер, сұхбаттар, өлеңдер, зерттеулер ұсынылған. Қатысуышлар тарихтың қайғықасіретке толы кезеңіне деген ойлары мен ішкі сезімдерін жұмыстарына арқау етіпті. Байқаудың талабы да сол.

Ұйымдастырушы сала білгірлерінің мәлімдеуінше, ұсынылған жұмыстарда тақырыптар жақсы ашылып, шынайылыққа деген еркін көзқарас басым болған. Озығын таңдау оңай болмапты. Жалпы, 12 жеңімпаз анықталып, екі Бас жүлде, екі I орын және төрт II орын мен төрт III орын табысталды. Бұдан бөлек, «Отбасы тарихы», «Сезімтал жүрек», «Өңірдің тарихын терең зерттеу» сынды тағы 21 шығармаға түрлі номинациялар бұйырды.

Бас жүлдеге оқ бойы озық келген Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің студенті Жұлдыз Исина және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистранты Айдана Әбішева (шығарма қазақ тілінде) ие болды. Болашақ заңгер Жұлдыз Исина жеңіс әкелген эссесін Қарағанды жерінде РСФСР Қылмыстық кодексінің әйгілі 58-бабымен жазаға тартылған саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнаған.

– Қарағанды еңбекпен түзеу лагерінің (КарЛаг) барлық лагерлік бөлімшелері мен нүктелерін аралау үшін бір күн де жеткіліксіз. Қазір бұл ашық аспан астындағы жалпыға ортақ қайғы мен қасіреттің мекеніне айналған мұражай ретінде қалып отыр. Бұл жерде әрбір шөп көз жаспен суарылып өскен. Әрбір қылқан желмен бірге ырғалып, шайқалуда. Оларға қарап, бұл өсімдіктер осында қаны төгіліп, ауыр қасіреттен көз жұмған жандардың тыныштығын қорғап тұрғанын сезінемін. Тіпті әрбір ағаштардың жерге иілген бұталары да суық жерді жастанған марқұмдарға бас иіп тұрғандай, – деп жазды ол. Қанды жасқа тұншыққан тағдырлар жайлы жазылған шығарма оқыған жанды тебірентері анық. Топ жарған шығармалар әзірге «Bolashaq» академиясының сайтында орналастырылса, кейінірек, жинақ болып жарыққа шықпақ.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button