«Максим» пулеметі – Балқашта

Балқаш тарихи-өлкетану музейінде ХХ ғасырдың басындағы соғыстарда кеңінен қолданылған «Максим» пулеметі сақтаулы тұр. Екі дөңгелекті қару Балқаштағы түсті металлдарды өңдеу зауытының аумағынан табылған. Музей қызметкерлері «пулемет Кольчугино зауыты Балқашқа көшірілген кезде жеткізілген» деген болжамды алға тартады.

Ұлы Жеңісті жақындатуға Қазақстан лайықты үлес қосты. 1941-1942 жылдары Қазақстанға батыстан 150-ден астам кәсіпорын, 50 мың жұмысшы келді. Қазақстан өнеркәсібі соғыс жағдайына жедел бейімделді. Сол кезде Кольчугино түсті прокат зауыты іске қосылғаннан кейін Балқаш мыс зауытының қуаты бұрынғысынан едәуір артты. 1941 жылы Кольчугино түсті прокат зауытын эвакуациялағанда эшелон күзетінде қару-жарақ арсеналы болған. Біз «Максим» пулеметінің Балқаш жеріне келуін осы кезеңмен байланыстырып отырмыз. Ал, пулеметті 90-шы жылдары зауыт жұмысшылары тауып алып, музейге тапсырған. Бүгінде қала тұрғындары мұражайға пулеметті көруге жиі келеді, – дейді музей қызметкері Асыл Серікқызы.

Айта кетейік, қазір көпшілік «Максим» пулеметін ресейлік өнертапқыштар еңбегінің жемісі» деп пайымдайды. Бірақ, пулеметті алғаш ағылшын конструкторы Хайрем Стивенс Максим 1883 жылы құрастырғанын екінің бірі біле бермейді. Салмағы – 64 келі. Минутына 600 оқ ата алады.

Пулеметті ең бірінші неміс Кайзер Вильгельм сатып алыпты. Ол қаруды жеке өзі сынап көріп, соңынан тағы бірнешеуін алған. Кейін «Максим» І-ІІ дүниежүзілік соғыстарда қолданылды. Ұлы Отан соғысы жылдары Кеңес армиясына 300 «Максим» жеткізіліпті. Соның бірі – қазір Балқашта.

Нұрдос КӘРІМ,

БАЛҚАШ қаласы.