Жаңалықтар

Қарағанды облысында су тасқынына қарсы әрекет ету штабының жұмысы аяқталды

Қарағанды облысында көктемгі су тасқынына дайындық шаралары талап деңгейінде ұйымдастырылды. Су қоймаларында су ағызу жұмыстары жүйелі негізде әрі ретімен жүргізілді. Сондай-ақ, өзендердегі судың көлемі де ұдайы бақылауда болды. Дер кезінде қабылданған шаралардың нәтижесінде елді мекендерді және автокөлік жолдарын су басу оқиғаларына орын берілмеді.

Мақсатты жұмыстар «Қарағанды облысында 2020 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық «2017-2020 жылдарға арналған су тасқыны қатерінің алдын алу және жою бойынша шаралар кешені» Жол картасын және облыстық инженерлік жұмыстар жоспарын іске асыру шеңберінде өтті.

«Облыс бойынша жалпы ұзындығы 47 шақырымдық қорғаныс бөгеттері мен дуалдары салынды және нығайтылды. 30,2 шақырымды құрайтын су бұру арналары салынды және жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, 35,3 шақырым дренаждық және су бұру жүйелері нығайтылып, қардан тазартылды. Автокөлік жолдарының 39 учаскесінде су өткізу қабілеті артты», – деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз қызметі.

Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап, аймақтағы негізгі су қоймаларынан су ағызу жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде, олардың деңгейі төмендеп, тасқын суды қабылдауға жеткілікті бос орын қоры жасақталды.  

Жергілікті атқарушы органдар тарапынан қажетті қаржы қарастырылып, материалдық-техникалық қажеттіліктер мерзімінде әзірленді. Төтенше жағдай жөніндегі департаменттің жедел әрекет ету топтары тасқын қаупі төнген 174 елді мекенде 215 рейд жүргізді. Оның барысында тұрғындарға  24,5 мың дана жадынама таратылды. Сондай-ақ, аумақты абаттандыру ережелерін бұзған 517 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Су тасқыны кезеңіне дейін аймақ елді мекендерінен 2 млн. 855 мың текше метр қар шығарылды. Автокөлік жолдары мен теміржолдарда су өткізу құрылғыларын тазалау шаралары ширатылды. Жалпы алғанда автомобиль жолдарында 4 871 су өткізу құбыры, теміржолдарда 602 су өткізу құбыры мен 258 көпір тазартылды. 21,8 шақырымдық су бұру арналары орнатылып, ұзындығы 124,1 шақырым 113 арна және  87,5 шақырымдық 302 арық тазартылды», – деп хабарлады департамент мамандары.

Түйіп айтқанда, көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары өз жемісін берді. Аймақта су тасқыны қаупі сейілді. Сол себепті, су тасқынына қарсы әрекет ету штабы 14 сәуірден бастап, өз жұмысын аяқтады.

Басқа материалдар

Back to top button