Пинкасовтың атын дұрыс айтпаған шешем он жылға сотталды

1937 жылғы саяси қуғын-сүргіннің қара бұлты басына үйіріліп, жазықсыз жапа шеккен мыңдаған отбасының бірі – Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ өңіріндегі Сартау ауылдық округінің (Бұрынғы Н.Нұрмақов кеңшары) Бастал елді мекеніндегі Смағұловтар әулеті.

 

Көрнекі сурет

Өмірдің көп талқысын көрген Белағаң, Белгібай Смағұлов әңгімешіл, шешен адам болатын. Әуелетіп ән салған майдақоңыр әсем даусына да тәнті едім. Бірде осыдан жиырма жылдай бұрын сол Белағаң жан түкпірінде жылдар бойы бүгіп жатқан бір сырдың ұшын шығарып айтқаны бар.
«Әке-шешемнен бір жасымда қалыппын», – деп өткен шақ туралы сөйлеп кетті. – Ол кезде Маркс колхозындағы Сарыадыр деген жерден жеті жылдық интернат ашылып, Қу өңірінің
балалары осы жерге келіп оқыған, – дейді үлкендер. Маркс колхозы бірінші ауылдың бас колхозы болған. Осы колхоздардан сол кездері интернат құрылысын салу үшін қолынан іс келеді-ау деген адамдар жинайды. Менің әкем де интернатқа құрылыс салуға барады. Ол кезде ауылда әкем аттас бірнеше Тәуекел деген кісілер болса керек. Әкем ұзын бойлы, зор денелі болған деседі. Содан ба, «Зор Тәуекел» атанып кетіпті. Шешем Қажар деген кісі интернатта тамақ пісіруші болған. Шешемнің қолынан осы Егіндібұлақ өңіріне белгілі Мағмұр Еңсебаев, Мұқан Іңірбаев деген ақсақалдар интернатта оқып жүргенде дәм татыпты.
Былқылдақ деген жерде әкемнің қыстауы болған екен. Ол жерді Кемер деп те атаған. Осы жерде әкейдің салған жақсы үйі болса керек. Ел белсенділерінің әлгі үйге көзі түседі. Солардың бірі «үйіңді мен қыстаймын биыл» деп сұрайды. Әкем болса «жоқ, бере алмаймын» деп қарсылық білдіреді. Бұл кез нағыз «шаш ал десе, бас алатын» қызыл империя саясатының ел ішін ала тайдай бүлдіріп, үркітіп, қорқытып, жазықсыз жандардың өзін жаппай жазалап жатқан «науқан» болғанын кейін білдік қой. Содан «мылтықтың басуына құланның қасуы» дегендей, белсенділерге әлгі сөз ілік болып, әкейдің соңынан шам алып түседі, пәле іздейді. Ол кезде «үштік үкімі» дегеннің үркітіп, үрейлендіріп тұрған кезі. Белсенділер болса «Тәуекел Смағұлов колхоздың жемін сақтауға үйін бермейді» деген жала жабады да, әкем бір-ақ күнде «халық жауы» болып шыға келіп, 10 жылға айдалып кете береді.  Содан маған әкемнің тірі бейнесін ес кіргенде бір көріп қалуға жазбады. Қазір КарЛаг деп жүрген атышулы, Қарағандының жанындағы лагерьде жүрген кезінде қайтыс болыпты. Әкеммен лагерьде ауданнан Шәмші Шоланов деген кісі бірге болған көрінеді. Сол кісі қайтып келгеннен кейін бір-ақ білдік әкемнің өлгендігі туралы. Кейіннен, КарЛаг болған жерде техникум ашылған кезде, сол жерді барып көзбен көрдім де. Жүректі сыздатты. Неше түрлі ойға берілдім.
Қайран әкем, мына қоршаудың ішінде қандай азап тартты екен? Жазықсыз жаладан, әлде, ішқұса болып жанын жегідей жеген дауасыз дерт өмірін мезгілсіз қысқартты ма екен? Көз жұмып, соңғы демі бітуге айналғанда не деді екен? Зор Тәуекел атанған әкем-ай, қор Тәуекел болып қорқаулардың қорлығына шыдай алмадың ба? – деп екі көзге ерік те бердім…».
Ауыр бір күрсінді.
– Мен бейбаққа ең құрымаса шешемнің аман-саулығын да бұйыртпады ғой. Қайша, Қадиша, Кәмеш, Зәрен, Мақан және мен алты ұл мен қыз едік. Ең кішісі – мен, бір жаста қалдым. Әкем кеткеннен кейін, енді ауызды шешеме салды. «Сен – халық жауының әйелісің» деп тиісуін қоймады белсенділер. Содан 1937 жылы депутаттыққа сайлау өтеді де, атақты шахтер Күзембаев пен Виталий Пинкасов деген (соңғысының атын ұмытпасам осылай болуы тиіс) депутаттыққа түседі. Шешем Қажардың Пинкасов дегенге  тілі келмей «пеңқасық» деп айтып қалса керек. Міне, тағы пәле осы жерден басталады. «Сен әдейі «қасық» деп мазақ қылдың» деген жала жабылады. Сол сөз үшін шешем де он жылға сотталып, айдалады. Мен туған апам Хадишаның қолында қалыппын. Ол кісі онда 19 жаста екен. 4-5 жастардағы кезім ғой деймін. Үй ішінде кісілер жиналып жылап отырғандары есімде қалыпты. Кейін білдім ғой, анам қайтыс болды деп хабар келген екен сонда.
Содан тағдырдың салғанын көріп, жүріп жаттық. 1948 жылы Мақаң ағатайым соғысқа қатысып, әскерден оралды. «Өлмегенге өлі балық жолығады» деп, бірте-бірте жағдайымыз түзеле бастады 

…1956 жыл еді. Онда 20-дағы кезім. Колхоз басқармасы Түсіп Қоржынбаевтың шопырымын. Бір күні Қарағандыға студент баласына киім, тамақ беріп жіберді. Қаладағы 20-шахтаның қасындағы Абзали деген кісінің үйіне түстім, кештеу барып. Мен қатарлы Баян деген баласы бар (Қарағандыдағы белгілі хирург болған Баян Абзалиев) екеуміз бірге дем алып, таңертең тұрсақ (Баян мединституттың студенті) шешесі шай дайындап қойыпты. Дастарқан басына шайға отырдық. Ол кісінің аты Күлжан екен. Баяннан қайта-қайта сұрай берді, «кім дейсің, кімнің баласы дейсің?», – деп.
Шай құйып отырып, менің бет-жүзіме қайта-қайта қарай береді. 

– Өсібайдан келдім. Маркс колхозындағы «Зор Тәуекел» деген кісінің баласымын. Шешемнің аты Қажар – дедім. Әлгі кісі орнынан тұрып кеп бас салып мені құшақтап көрісті.
– Ой, қарағым-ай, жігіт болған екенсің, «орнында бар оңалады» деген – деп шешеммен Ақмоладағы АЛЖИР-де бірге болғанын айтты. Ол кісінің де, менің де көзімнен жас шығып, босап алдық.
– Елге барсаң, көзіңнің қырын сала  жүр. Менің сәлемімді жеткіз. Көз жұмсам айтарсыңдар, – деп еді Қажар.

– Ауырып жатқанда айтқан еді бұл сөздерді. Содан қайтыс болды. Шешеңді ақ жуып арулап қойдық, балам, – деп лагерьде бірге болған Болар деген апа туралы айтты. Ол кісі түрмеде 4-5 жылдай болғаннан кейін екі көзден айрылып, қайтарған екен. Қу өңірінен сол кезде төрт әйел жазықсыз жаламен сотталғанын естісем де, төртіншісінің кім екенін әлі күнге дейін біле алмадым.
Күлжан апа жасы келіп, кейіннен қайтыс болып, елге әкеліп арулап қойды, – деген Белаға біраз уақыт үнсіз қалды.
– Содан бері де алпыс жыл өтіпті. Қатыш екеуміз 1958 жылы қосылып, 10 бала тәрбиелеп өсірдік. Түбірі шабылған бәйтерек қайта көктеді, мәуесін жайды. «Әке-шешең халықтың жауы болған, жетімек» деген сөздерді қашан ат жалын тартып мінгенше естіп өстім.
Одан артық қорлық бар ма екен! – деп түйіндеп еді сонда әңгімесін «37» зобалаңын көрген, қасіретті көп тартқан Белгібай Смағұлов ақсақал.

Бекәділ СЕМҚҰЛ.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.