Бас тақырып

Заң білген зардап шекпейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «азаматтардың құқықтық сауатын жүйелі түрде арттырған жөн» деп тапсырма берген болатын. Себебі, азаматтардың құқығын білмеуінің салдары олардың өзіне ғана емес, мемлекет тағдырына да қауіп төндіруі бек мүмкін. Дәл осы құқықтық сауаттылықтың төмендігі елдегі сыбайлас жемқорлыққа, алаяқтыққа, жазықсыздан жазалы болып, ал, кінәлінің жазадан құтылуына алып келетінін көрсетеді әлемдік тәжірибе, деп хабарлайды Ortalyq.kz.

Заң білген зардап шекпейді

«ҚҰҚЫҒЫН БІЛМЕГЕН ҚҰЛ БОЛАДЫ»

Жалпы, 8 фактор, 44 көрсеткіштен тұратын заң үстемдігі индексі бойынша Қазақстан 66-орында. Алты жыл қатарынан алдына қара салмаған Дания болса, үздік 5 мемлекеттің қатарында Норвегия, Финляндия, Швеция және Германия бар.

Жалпы, құқықтық сауаттылық ұғымының ауқымы кең. Соның бірі – қарапайым тұрғындардың құқықтық шарттар жасаспауы салдарынан туындайды. Көп жағдайда қызмет алу немесе зат сатып алатын кезде шартқа отырмағандықтан, кейін құқықтық қатынастарды дәлелдеу мүмкін болмай жатады.

Кейінгі уақытта, әсіресе пандемия кезінде алаяқтардың саны күрт артты. Барлық саланың онлайн форматқа көшуі оны түрлендіре түсті. Ал, құқықтық сауаты төменнің, әлбетте, оңай жемтікке айналып шыға келетіні анық. Облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Әлия Құлагинаның айтуынша, 2022 жылғы қаңтар-қазан айлары аралығында тұтынушылардан 2337 өтініш түссе, оның ішінде тұтынушылардың 825-і – бөлшек сауда, 79-ы – электрондық сауда, 174-і – байланыс қызметі, 886-сы – тұрмыстық қызметтер бойынша шағымданған.

– Тұтынушыдан шағым түскеннен кейін департамент тексеріс жүргізеді. Егер, мәселе тексеріспен болмаса өзара татуласу арқылы шешілмейтін болса, тұтынушы өзі сотқа талап-арызын бере алады. Бірақ, осы жерде дәлел болуы керектігін айтқым келеді. Ол үшін келісімшарттың болуы міндетті. Онда кез келген қызмет болмаса заттың жеткізілу мерзімі, тіпті, түрі мен түсіне дейін айқын жазылуы тиіс. Ал, бізге шағымданып келушілердің денінде келісімшарт болмайды. Яғни, тұтынушылар қызмет көрсетуші алдындағы құқығын білмегендіктен, көп жағдайда опық жейді, – дейді Әлия Қажыкенқызы.

«ЕКІ ЖЕП, БИГЕ ШЫҒУ» ҰСТАНЫМЫ ЖҮРМЕДІ

Департамент басшысы Әлия Құлагина кез келген затқа онлайн тапсырыс бергенде оның мекенжайының, өңірдегі өкілінің болуына мән беру керектігін айтады. Бұл – тұтынушының қарапайым құқығы.

Мысалы, қарағандылық Даниил Скоба Wildberries интернет-дүкені арқылы 200 000 теңге көлемінде тапсырыс беріп, кейін алған затының өлшемі келмегендіктен, белгіленген мерзімде қайтаруға шешім қабылдаған. Бұл – оның заңда белгіленген құқы. Бірақ, аталған интернет-дүкенде сәйкес өлшемнің болмауына байланысты тұтынушыға ақшасын қайтаруға уәде еткенімен, бүгінге дейін нәтижесіз. Әлия Құлагина бұл тек Қарағанды ғана емес, Қазақстанның өзге өңірлерінде де болып жатқан жағдай екенін айтады.

– Тұтынушы заң бойынша наразылық жазғысы келгенімен, кімге жазу керегін білмейді. Себебі, Wildberries-тің Қараған дыдағы ресми өкілі мен мекенжайы жоқ. Жауапкердің болмауына байланысты мұндай шағымдарды сот та қабылдамайды, Департамент мамандары алданып қалмаңдар деп, дабыл қағып жатса да, тұтынушыларымыз құқықтарын білмегендіктен арзан тауарға қызығып, жиі алданып қалып жатады, – дейді Әлия Қажыкенқызы.

ЗАҢ – ҚОЛДАҒЫ ҚАРУМЕН ТЕҢ

Егер заңды білмей, құқығыңызды өзіңіз қорғай алмай жатсаңыз, облыстық адвокаттар төралқасының адвокаттарынан тегін заң кеңесін алуға болады. Одан бөлек, Қарағанды қаласы бойынша Қазыбек би ауданына қарасты үш заң консультациясы, Әлихан Бөкейхан ауданына қарасты 2 заң консультациясы тағы бар. Тіпті, адвокаттар алқасы Әділет департаментімен бірлесіп, «Әділет департаменті кеңес береді» эгидасымен түрлі мекемелер мен оқу орындарында заң кеңестерін тегін ұсынады. Бұл үшін адвокаттар саны жеткілікті екенін айтады облыстық адвокаттар төралқасының төрағасы Оқасбай Әбікенов.

– Түзету мекемелеріндегілерге де рейд аясында тегін құқықтық кеңес береміз. Ал, егер, адвокаттар алқасына хат келіп жатса, міндетті түрде адвокат жіберіп, көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, қазақ тілінде де, орыс тілінде де заң көмегін көрсету үшін адвокаттарымыздың кәсіби деңгейі жеткілікті, – дейді Оқасбай Әбікенов.

Тегін заң көмегі демекші, Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы Заңның 26-бабында мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығы бар тұлғалар тізімі де жарияланған. Яғни, заң көмегіне мұқтаж жандардың барлығы мемлекет есебінен адвокаттың тегін көмегіне жүгіне алады. Мұның барлығы заңмен белгіленген.

Бірақ, заң әуелде орыс тілінде жазылып, кейіннен қазақшаға аударылғандықтан, көп жағдайда қарапайым адам түсіне бермейтінін айтады «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығының заң кеңесшісі Жанар Кежеғалиева.

– Бізге көмек сұрап келетіндердің дені – көпбалалы аналар. Ажырасу, алимент, мүлік мәселесі, тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайында өздерінің құқықтарын біле бермейді. Сондай-ақ, аналарымыздың көбісі тұрмыстың тауқыметінен амалсыздан микрокредиттік ұйымдардан несие алып, пайызы өсіп кеткендіктен төлей алмай жүреді. Егер, адам құқығын білер болса, пайызды азайтуға да мүмкіндігі болар еді. Сондықтан, қарапайым тілмен түсіндіруге тырысамыз, – дейді Жанар Бейсенбекқызы.

«Шаңырақ» орталығының заңгері көпбалалы аналарға заң кеңестерін тегін көрсететінін айтады. Яғни, құқығыңызды өзіңіз қорғауға жүрексінсеңіз, кәсіби заңгермен ақылдасуға әбден болады. Ол үшін ешқандай ақы төлеудің қажеті жоқ әрі ол заңмен белгіленген. Бірақ, шырмаулы істе уақыттың алатын орны үлкен. Сондықтан, уақыт ұттырмай, құқығыңызды өзіңіз біліп, тақылдап тұрсаңыз, несі айып?! Білгеннің пайдадан басқа зияны жоқ.

Салтанат ІЛИЯШ. 

Басқа материалдар

Back to top button