Жеңіс Қасымбек жұмыс сапарымен Балқаш қаласына барды

Биыл Балқаш қаласының Қоңырат шағын ауданында жылу жүйесінің құрылысы басталады. Осылайша, тұрғындардың орталықтандырылған жылу желісіне қосылу туралы арманы орындалады. Бұдан бөлек, әуежай ғимаратын жөндеу, үйлердің шатыры мен қасбеттерін ретке келтіру және жаңа тұрғын үй салу жоспарлануда. Бұл туралы облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің Балқаш қаласына жұмыс сапары кезінде айтылды.

Қала әкімі  Ораз Тәуірбековтің айтуынша, былтыр қала құрылысы қарқынды болған. Соңғы жылдарда жаңа тұрғын үйлер бой көтеріпті. Биыл  баспана кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтарға арналған  екі тұрғын үйдің құрылысы басталды. Сондай-ақ, 134 пәтерлі тағы 6 тұрғын үй салу жоспарлануда. 

Бұдан бөлек,  орталық көшедегі бес үйдің шатыры ауыстырылып, қасбеттері жаңартылған. 

Қаланың тыныс-тіршілігімен танысқан аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек жұмыс істемей тұрған лифттерді қалпына келтіруді тапсырды. Белгілі болғандай, бүгінде Балқашта жөндеуді қажетсінетін 7 лифт бар. 

— Біз облыста лифттерді қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізудеміз. Басқа қалалармен салыстырғанда сіздерде олардың саны аз. Сондықтан осы жылға арналған жұмыс жоспарына көтергіштерді ауыстыруды енгізуді тапсырамын. Сонымен қатар, лифт шаруашылығын жаңарту бойынша бағдарламаның тетіктерін белсенді пайдалануды бастау керек, — деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы қаланың тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жағдайын да назардан тыс қалдырмады.  Әсіресе Балқаш ЖЭО-нан Қоңырат ықшам ауданына дейін жылу желісін салу мәселесіне көңіл бөлді. Жергілікті биліктің айтуынша, құрылыс мамыр айына жоспарланған. Олар жылуға қатысты көп жылдық мәселені 2022 жылға дейін толық шешуге уәде берді.

Коммуналдық сұрақтардан басқа, Жеңіс Қасымбекті туризм мәселесі де қызықтырды. Белгілі болғандай, Балқаш осы саладағы өсудің жаңа нүктесі болуы тиіс. Бүгінгі таңда курорттық аймақ жылына 80 мың турист қабылдауға дайын. Және де осымен шектеліп қоймайды. Болашақта бұл көрсеткіш кем дегенде екі есе өсуі тиіс. Сондықтан да қазіргі заманғы демалыс аймақтарын салып қана қоймай, көлік инфрақұрылымын дамытуға көңіл бөлу туралы шешім қабылданған. Мысалы, Қарағанды-Балқаш жолының құрылысы басталды. Мердігерлер биылғы жылдың соңына дейін бұл жолмен жүргізушілер кедергісіз жүре алады деп уәде береді, ал келесі жылы жол бойы толық абаттандырылуы тиіс.

Курорттық қалаға жету үшін жергілікті билік әуе айлағын дамытуға ниетті. Бұл қонақтардың ағынын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік беруі тиіс. Өткен жылы Балқаш әуежайының ұшу-қону жолағы пайдалануға берілді, соның арқасында 1-ші класты үлкен жүк ұшақтарын жыл бойы және тәуліктің кез келген уақытында қабылдау мүмкіндігі пайда болды.

Ғимараттың өзіне келетін болсақ, ол 1967 жылы салынған. Мұнда соңғы рет жөндеу жұмыстары 2007 жылы жүргізілді.

— Нысанның құрылымын өзгертпейміз. Бізге әуежай ғимаратын, рульдік жол мен перронды қайта жаңарту қажет, — деді әуежай бастығы Мейрамбек Мырзахметов.

Жеңіс Қасымбек жобаның егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеуді тапсырды.
— Егер біз бұл қаланы туристік елді мекен ретінде дамытқымыз келсе, авиажолаушылар үшін қолайлы жағдайлар қажет. Жергілікті тұрғындар үшін өмір сүру жағдайын жақсарту керек, — деді ол.