Жаңалықтар

Бейбітшілік пен келісім жолында

Тәуелсіздіктің алғашқы жылыақ Мемлекет басшысы елдің ертеңі кемел, іргесі берік, бірлігі мығым болуы үшін бірінші бүкіләлемдік рухани келісім конгресін өткізуге мұрындық болды. Бұл Елорда төрінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің бастауы еді әрі 18 қазан – Рухани келісім күні болып бекітілуінің негізіне айналды.

Әр үш жыл сайын бас қосатын діни көшбасшылар, саяси қайраткерлер мен халықаралық ұйымдар өкілдерінің алтыншы жиыны жақында ғана мәресіне жетті. Оған әлемнің 42 елінен 82 делегация қатысты. Біздің аймақтан арнайы барған делегация құрамында конфессияаралық қатынастардың проблемаларын зерттеу және талдау орталығының директоры Жанболат Сектай да бар. Рухани келісім күні қарсаңында Жанболат Ахуанұлымен сұхбаттасудың реті келді.

– Съезден қандай пікір түйдіңіз?

– Елбасының бастамасымен елімізде қалыптасқан ұлтаралық келісім, конфессияаралық татулық – тәуелсіз еліміздің жеткен басты жетістіктерінің бірі. Елдің әлеуметтік-экомикалық деңгейі ел арасындағы ауызбіршілік пен татулығы негізінде дами түседі. Бүгінде біздің еліміз әлем елдері алдында татулықтың үлгісін көрсетіп отыр. Оны барлық әлемдік діндер де, саяси қайраткерлер де, халықаралық ұйымдар да мойындады. Біздің бейбітшілік моделіміз түрлі зерттеулердің өзегіне айналды. Бұған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезіне қатысып, көз жеткіздім.

– Съезд қатысушыларының көтерген мәселелеріне тоқталып өтсеңіз?

– Алқалы жиынға жиналғандардың наным-сенімі түрлі болғанымен, көздегені біреу. Ол – бейбіт әлемде берекелі өмір сүру. Олар қауіпсіз әлемді жақтайды. Қазіргі құбылмалы геосаяси жағдайда дін адамзат баласын біріктіретін орасан зор күш. Біздің еліміз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиыншылықтардың барлығын татулығымыздың арқасында еңсере білдік. Жалпы, дін кез-келген мемлекет үшін рухани күшқуат беретін бастау. Дегенмен, ол саясат тандырылмауы керек. Саяси сипат алған дін діннің әу бастағы нағыз жолынан таяды. Съезд қатысушылары осы мәселені бірінші орынға қойды.

Бұл жерде түрлі діндердің басын қосып, бір мақсат-мүддеге жұмылдыра білген Елбасының ерен еңбегі мен салиқалы саясатын баса айту керек. Астана бітімгершілік пен ашық пікір алмасу алаңына айналғаны көкірегімізге мақтаныш ұялатады

– Өзіңіз басшылық жасайтын орталық қандай жұмыстармен айналысады?

– Қоғамдағы әлеуметтік, этностық және діни дау-дамайлар мемлекеттің ішкі қауіпсіздігіне, еліміздің әлеуметтік тұрақтылығына қауіп төндіретіні жасырын емес. Біздің орталықтың жұмысы сол болуы мүмкін қауіптерді зерттеу, талдау, болжау, ақпараттық түсіндіру, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға негізделген. Үш бағыт бойынша, белсенді азаматтармен, халықтың маргиналды бөлігімен және түзету мекемелерінде экстремизм және терроризм баптары бойынша жазасын өтеушілермен жұмыс жүргізіледі. Жезқазған, Сәтбаев,Теміртау мен Балқаш қалаларында осындай орталықтар жұмыс жасайды.

– Қазіргі қоғамның басты проблемасы не деп ойлайсыз?

– Жат ағымдардың жетегінде кетуі дер едім. Осы орайда түсіндіру, насихаттау, халықтың діни сауаттылығын арттыру – аса маңызды. Біздің орталықта алты теолог бар. Бесеуі – Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетінің түлегі. Былтыр облыс әкімдігі мен аталмыш жоғары оқу орны арасында меморандум жасалып, соның негізінде дін мамандарын даярлау жақсы жолға қойылды. Былтырдан бері облыс әкімінің гранттары бөліне бастады. Мәселен, биылғы оқу жылында облыс әкімінің 12 гранты тағайындалды. Бұл мемлекеттің діннің қоғамдағы орнын жете түсінгендігін білдіреді. Жалпы, жасалған сараптамалар облыс бойынша діни ахуалдың тұрақты екенін көрсетеді.

 – Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕКОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button