Ғалымның биігі

Қазақ халқының «жаныңда жүр жақсы адам», «ұрпағың жайылсын», «ұшқанда қанатың талмасын» деген жақсы сөздері бар. Алпыс жас – ардақты асуды ақсақалдық мерейлі кезеңге өткен «тал түс» дейді халық арасында. Бұл сөздер 60 жасқа толып отырған, кешегі шәкіртім – бүгінгі әріптесім, кафедра меңгерушісі, ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Қанат Сәдуақасұлы ӨСКЕНБАЕВҚА да айтылатын жүрекжарды лебіздердің бір парасы болса керек.

Әріптесім Қанат Сәдуақасұлы Қарқаралы ауданы, Ақтайлақ ауылында 1958 жылдың 20 қазанында дүниеге келген. Оның арғы атасы тама Өскенбай Бөгенбаев – сөзге шешен, тапқыр ойлы, Қарқаралы өңірінде елге қамқор азамат ретінде және ХХ ғасырдың басындағы демократиялық қозғалыстың бастауы – «Қарқаралы петициясына» қол қойған адамдардың бірі ретінде белгілі. Біздің халқымызда «тегі жақсы» деген ұғым бар. Мерейлі жасқа толып отырған ғалым-ұстаздың әкесі Сәдуақас та отбасында жақсы тәрбие алып, ұстаздық еткен және ел басына қиыншылық туған кезде Ұлы Отан соғысына қатысқан жан. Жұбайы Күлән екеуі сегіз баланы тәрбиелеп өсірген. Күлән әже бүгінде 95 жасқа келген абыз ана. Бір ұядан түлеп, қанаттары қатайып ұшқан сегіз балапан бүгінде еліміздің қоғамдық өмірінде, шаруашылықтың әр саласында абыройлы еңбек атқарып келеді. Бауырларына біздің Қанат қанатымен су сепкен қарлығаштай қамқоршы болса, туыстары онымен мақтанады.

Осындай текті адамдардың ұрпағы Қанат жайлы сыр шертсек… Ол орта мектепті Қарқаралы ауданындағы Ақтерек және Мартбек ауылдарында оқыды. 1980-1985 жылдары академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетінде оқып, «Тарих. Тарих және қоғамтану оқытушысы» мамандығы бойынша бітірді.

Еңбек жолын орта мектеп мұғалімі болып бастаған ол 1991-1996 жылдары Қарағанды педагогикалық институтының саяси тарих кафедрасының оқытушысы қызметіне келді. 1996 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетінде ұстаздық қызмет атқарып келеді.

Жастарға білім берумен қатар ғылыми жұмысты да қатар алып жүріп, 2001 жылы тарих ғылымдарының докторы, профессор Д.Шаймұхановтың жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғады. 2006 жылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Білім беру және ғылым саласы бойынша бақылау және аттестациялау комитетінің шешімімен «доцент» атағы берілген.

Ғалым Қанат Сәдуақасұлы «Қазақстанның жаңаша тарихы», «Қазақ диаспорасының тарихы», «Қазақстандағы тоталитаризм және саяси репрессиялар тарихы», «Қазақстанның шетелдік тарихнамасы», «XX ғасыр басындағы Алаш қозғалысының тарихы», «Отандық тарихтың іргелі мәселелері» пәндері бойынша студенттер мен магистранттарға дәріс оқиды. Ол 200-ден астам ғылыми мақалаларды, Қазақстан тарихы бойынша оқу-әдістемелік құралдар мен сөздіктерді, «Ә.Ермековтің қоғамдық-саяси және ағартушылық қызметі» (1891-1970 жж.) еңбектерін жариялады. Солардың бірі «Алаштың Әлімханы. Тұлға тағылымы» атты монографиясында XX ғасырдың 30-50-ші жылдары орын алған зорлық-зомбылықтың құрбаны болып, жазықсыз жазаға ұшырап, кейін ақталған қазақ зиялыларының бірі қайраткер, ғалым Ә.Ермеков жайлы жан-жақты зерттеді. Бұл еңбекте Алаш азаматының туып-өскен кезінен бастап, өмірінің соңына дейінгі өмір жолы, ұлт-азаттық қозғалыстың көрнекті тарихи қайраткерлердің өмірі мен қызметін зерттеуде қалыптасқан жаңа концепциялар мен ой-тұжырымдар негізінде жазылды. Бұдан басқа, Алматы, Семей, Карағанды қалаларының ғалымдарымен бірлесе отырып, қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген еңбектері: «Восточная Сарыарка. Каркаралинский регион в прошлом и настоящем», «Сарыарқаның ұлы азаматтары. (ХХ ғасырдың басы)», «Садырбек қажы әулеті», «Қарағанды. Қарағанды облысы энциклопедиясы», «Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінгі күнге дейін» атты электронды оқулық, 12 жылдық экспериментальдық және бүгінгі орта мектептің 8, 9, 10-сыныптарына арналған оқу бағдарламалары, оқулықтары, оқу-әдістемелік құралдары жарияланды. Бұл еңбектердің көпшілігі Қарағанды қаласындағы Н.Гоголь атындағы облыстық кітапханада авторлық келісімшарт негізінде электронды форматқа көшіріліп, жастардың оқуына мүмкіндік жасалған. Сонымен қатар, бүгінгі мерейтой иесі өзімен бірге шәкірт тәрбиелеп жүрген ғалымдардың адамгершілігі, ғылымдағы жетістіктері жайлы мерзімді басылымдарда бірнеше естелік мақалалар жазған.

Қанат Өскембаев ұстаз ғана емес, мықты ұйымдастырушы. Ол Қарағанды облысы мұрағат пен құжат жинау бөлімшесі және облыстық мәдениет департаментімен бірлесе отырып, Қарқаралы қаласының 180 жылдығы, халық композиторы Мәди Бәпиұлының 125 жылдығына байланысты ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізді. Сол конференциялар материалдары оның басшылығымен баспадан шықты.

Тарих факультетіндегі Отан тарихы және тарихнама, деректану және тарихи зерттеу әдістері бойынша та рих ғылымдарының докторы ғылыми атағын беру жөніндегі диссертациялық кеңестің ғылыми хатшылық қызметін жақсы жолға қойды. Жыл сайын өткізілетін мектеп оқушыларының облыстық олимпиадасын ұйымдастыруға белсене қатысып келеді. ҚР Президентінің «Мәдени мұра» бағдарламасының шеңберінде «Орталық Қазақстанның әйгілі тұлғалары» және «Қарағанды облысының мәдени өмірінің шежіресі. (1936-2006 жж.)» атты ғылыми бағдарламаларын жүзеге асыруға тікелей атсалысты. Сол бағдарламалардың нәтижесінде оның ғылыми еңбектері жарық көрді.

Он жылдың көлемінде археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының меңгерушісі қызметінде ұжымда жақсы моральдық-психологиялық жағдайды жасап, жастарға қамқоршы, «жанамын» деген жігітке от беріп, «шабамын» деген жігітке ат беріп қызмет жасап келеді. Осындай игі еңбектері үшін ол 2009 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректорының Құрмет грамотасымен, 2011 жылы ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқаны және әлеуметтікэкономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы аудан әкімінің Құрмет грамотасымен және Қазақстан Республикасы жоғары оқу қауымдастығы еліміздің жоғары білім беру жүйесінің дамуына қосқан үлесі және жоғары білікті мамандар дайындаудағы ерен еңбегі үшін А.Байтұрсынов атындағы медальмен, 2012 жылы академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің 40 жылдық мерейтойына орай университеттің дамуына қосқан зор үлесі үшін «Академик Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ – 40 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. Ал, 2012 жылы оның ғылыми педагогикалық жетістігінің арқасында жоғары оқу орнының «үздік оқытушысы» атағын жеңіп алса, 2013 жылы оған тарих факультетінің атақты ұстазы доцент Жуасов атындағы сыйақы берілді.

Қанат Сәдуақасұлының ғылымда, қоғамдық жұмыстарда белгілі дәрежеге жетуіне ынтымағы жарасқан отбасының үлкен үлесі бар. Студенттік шақта танысқан Бақыт Мұқашқызы – жұбайы. Ол Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қарағанды қаласындағы мүмкіндігі шектеулі мектепинтернатында ұстаз болып қызмет жасайды. Отбасының ұйытқысы Бақыт өмірдегі барлық қиындықтар мен жетістіктерді Қанат Сәдуақасұлымен бірге бөлісіп, жұбайының ғылым және ұстаздық саласындағы барлық бастамасын қолдап, ақыл-кеңесін беріп, ғалымның осы саладағы қанатының кең жайылуына тірек болып қатар келе жатқан абзал жан

Елге үлгілі, дархан жандар өмірге Дәурен, Дастан есімді азаматтарды әкелді. Дәурені Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаментінде жұмыс істейді. Дастаны IT-бағдарламашы ретінде елімізде жүріп жатқан «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыруда зор үлес қосып жүрген жас маман. Бүгінде шет мемлекеттердің шақыруымен Қазақстанды таныту жолында IT-технология саласы бойынша қызмет атқаруда. Қанат Сәдуақасұлы – аяулы жар, қамқор әке, сүйікті ата. Оның Досжан, Әлімжан, Асанәлі деген үш немересі өсіп келеді. Ата ретінде Қанат Сәдуақасұлы немерелерін ұлтымыздың салтдәстүрінің негіздерінде тәрбиелеп, олардың әр жетістігін қуанышпен айтып, мақтанып отырады.

Ол – рухани дүниесі бай, ойы терең Алаштың азаматы ретінде қаламыздағы қадірлі жандардың бірі. Студенттер, магистранттар мен жас ғалым-ұстаздар алдына Алаш зиялысы Әлімхан Ермеков және ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан тарихының ерекшелігі жайлы оқыған мәнді дәрістерінде айтылған философиялық ой-пікірлері жас ұрпақтың есінде ұзақ сақталатыны сөзсіз.

Қасиетті Қарқаралы жерінде туып, рухани дүниеде ізі сайрап жатқан Алаш зиялыларының мәңгі өлмес мұраларын жастарға жеткізіп жүрген ұстаздың бүгінде Ұлы Дала Елінің бар аймағында оның ісін жалғастыратын шәкірттері бар. Осы жетістіктердің бәрі ғалым Қанат Сәдуақасұлының қанатының жайылғандығының дәлелі. Алпыс деген алтын босағалы Алтын Ордаға сәнімен кірген әріптесіміздің соңынан ерген шәкірттерінің қарасы арта бергей.

Нұрсахан АХМЕТҚЫЗЫ,

«Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.