Республика күні

«Ютария LTD» ЖШС директоры Тұрсынай Ибадатова: «Жеңіл өнеркәсіптің жолы жеңілдейді»

Республика күні қарсаңында ел ырысын еселеп, отандық өндірістің көшін бастап жүрген Қарағанды кәсіпорындарының тынысын аңдап, мүмкіндігін зерделеп көргенбіз. Тәуелсіздік жылдарында өзінің ілкімді жобаларымен және Мемлекеттің қолдауымен қанатын кеңге жайып, шағын цехтан іргелі өндіріске айналған бірегей кәсіпорын – «Ютария LTD» ЖШС.

Жалпы, біздің елде жеңіл өнеркәсіптің жолы ауыр болып тұрғаны жасырын емес. Басқасы – басқа, тура тігін және тоқыма өнеркәсібіне қажетті шикізатқа зәру емеспіз. Сонда да, тігін өнеркәсібі тығырыққа тіреліп, тоқыма саласы тоқырап тұр. Неге?

«Ютария LTD» ЖШС-нің отандық нарықтағы мүмкіндігі және жеңіл өнеркәсіп саласындағы өзекті мәселелер төңірегінде кәсіпорын директоры Тұрсынай Шахмұратқызы Ибадатовамен сұхбаттасқан едік.

«Ютария LTD» ЖШС директоры Тұрсынай Ибадатова: «Жеңіл өнеркәсіптің жолы жеңілдейді»

Тұрсынай Шахмұратқызы, Мемлекет басшысының 1 қыркүйектегі Жолдауында отандық жеңіл өнеркәсіптің бүгінгі ахуалы туралы кеңінен айтылды. Президент тапсырмаларына Сіздер қандай тың жобаларыңызбен үн қоспақсыздар?

Иә, Президентіміз жеңіл өнеркәсіптің өзекті мәселелерін айта келе, мектеп формасына қатысты мемлекеттік тапсырысты отандық өндіріске икемдеу керектігіне тоқталды. Біздің компания мектеп формасын тігумен бұрыннан айналысып келеді. Әрине, мектеп формасына басым бағыт бердік деп айта алмаймын. Дегенмен, өндірісті әртараптандыру мақсатында бұл жобаны қолға алып, тіпті, сапалы өнімдерімізбен көрмелерге де қатыстық.

Бұл жерде мәселе пайда табуда емес, басты мәселе – бала денсаулығында. Мектеп формаларының маталары экологиялық тұрғыдан талапқа сай болуы керек. Матаның ауа өткізгіштігі, құрамындағы мақтаның үлесі деген секілді талаптарға жауап бере алатын өнім өндіруге тиіспіз. Біз тігіп жатқан мектеп формаларының көлемі аз болғанымен, сапасы осындай талаптарға толық жауап бере алады.

Көлемі неге аз? Әлде, өзіңіз айтқандай сапалы маталар сатып алу қымбатқа түсті ме?

Нарықтағы сұраныс көлемін сапамен қалыптастырамын деген кәсіпорын үшін шикізат бағасы маңызды емес. Мектеп формаларына сұраныс аз. Өйткені, биылғы оқу жылына дейін бірыңғай мектеп формасын талап ету тәртібі енгізілген жоқ. Әркім баласын өз қалауымен киіндірді. Сондай-ақ, әр мектеп өз формаларының үлгісін өздері бекітіп келді. Түсін де, матасын да өздері таңдады. Міне, осындай алуан түрлі талғам өндіріс көлеміне тікелей әсер етті.

Биыл «Ютария LTD» ЖШС-нің отандық нарыққа өз өнімін шығарғанына 20 жыл толып отыр. Құс ұясындай тігін цехынан ауқымды өндірістік-инновациялық компанияға айналдыңыздар. Үлкен нарыққа қалай шықтыңыздар?

Рас, жұмысымызды 2002 жылы бар болғаны 40 тігіншімен бастағанбыз. Компанияның бас директоры әрі құрылтайшысы Сәуле Шәуенованың табандылығы мен ерік-жігері бізді үлкен нарыққа алып шықты. Бүгінгі таңда Астана, Қарағанды, Жезқазған қалаларындағы кәсіпорындарымызда 1600-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырған үлкен компаниялар желісіне айналдық. Алғашқы жылдары «Қазақмыс» корпорациясының жұмыскерлеріне арнайы киімдер жиынтығын тігуге тапсырыс қабылдаудан бастадық. Уақыт өте келе, өнім сапасы тапсырыс көлемін арттыруға септігін тигізді. «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының еншілес компаниялары да қызығушылық таныта бастады.

Қазір «Қазақмыс» корпорациясынан басқа «Павлодар мұнай-химия зауыты», «ALTYNTAU Kokshetau», «MAKER» компанияларының тапсырысын орындаймыз. Барлығына арнайы киімдер мен қорғаныш заттар дайындаймыз. Тапсырыс жиынтық болып берілетіндіктен, біз аяқ киімнен бастап, басқа киетін каскаға дейін жинақтап береміз. Бұл мақсатта Қарағанды аяқ киім фабрикасымен әріптестік орнатқанбыз.

Біздің қызметімізді көпсалалы десе де болады. Мәселен, жеңіл өнеркәсіп негізгі бағытымыз болса, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен, ІТ бағдарламалар әзірлеу, қоғамдық, емдік тағамдар кешенін ұсыну, өндірістік арнаулы киімдерді химиялық тазалау секілді қызмет түрлерін де ұсынамыз. Сонымен қатар, ULY DALA сауда желісін қолға алып жатырмыз. Бұл жоба аясында Жезқазған қаласында бір гипермаркет, Жезқазған, Сәтбаев қалаларында 20 минимаркет жұмыс істеп тұр. Қазір Балқаш қаласында көтерме-тарату орталығын ашу жұмыстары аяқталуға жақын. Болашақта Қарағанды қаласында да осындай жобамызды жүзеге асырмақпыз.

Яғни, компания жұмысының ауқымын кеңейте отырып, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы еліміздегі әлеуметтік мәселеге де өз үлесімізді қоссақ деген ойдамыз. Өйткені, бастапқы жылдары мемлекет қолдауын көрдік. Облыста алғашқылардың бірі болып қала құрушы кәсіпорынның кепілдендірілген тапсырысы бойынша шығындарының бір бөлігін субсидиялауға қол жеткізгенбіз.

Бизнестік әлеуметтік жауапкершілігі бағытында да көптеген жобаларға қатысып, компания құрылымдары қоныс тепкен қалаларда қарапайым тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсетуден бас тартқан кезіміз жоқ. Өзіміздің компанияда қызмет ететін көпбалалы бірнеше отбасыға пәтер кілттерін тапсырған кездеріміз де болды.

Бәрекелді! Шикізатты қайдан аласыздар?

Өздеріңізге белгілі, Қазақстанда тоқыма өнеркәсібі кенжелеп қалған. Тіпті, жоқтың қасы деуге де болады. Шымкент қаласындағы жалғыз тоқыма өндірісі «AZALA» ЖШС маталарын тұтынамыз.

Жалпы, «бізде ештеңе жоқ» деп, шетелге ауыз ашып отыра беруге болмайды. Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп қарқынды дамып кетпесе де, Тәуелсіздік игілігін көріп, қаз-қаз басқан кәсіпорындар бар. Мысалы, озық технологиямен жасалатын синтепон, холлофайдер секілді жылу ұстайтын материалдар Қазақстанда өндіріледі. Тіпті, біз түймеге дейін қазақстандық өнімді сатып аламыз. Сондықтан, «Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп жоқ» деуге болмайды. Біздегі жеңіл өнеркәсіптің жолы жеңілдейді. Өйткені, мемлекет үлкен бетбұрыстар кезеңіне қадам басты. Алдағы уақытта шикізатқа тәуелділіктен біржола болмаса да, ептеп-ептеп арылатын боламыз.

Айтқаныңыз келсін! Сіздердің өнімдеріңіздегі қазақстандық мазмұнның үлесі қандай?

Матадан бастап, түймеге дейін қазақстандық өнімдерді тұтынатынымызды айтып өттім. Бізде тек өндірістік технология ғана шетелдік өнім десем болады. Компанияның жұмыс күші, ол да – өзіміздің адамдар. Мамандарымызды өзіміз компанияның есебінен оқытып, заман талабына сай қайта даярлаудан өткізіп отырамыз. Осының барлығын қоса есептегенде, біздің өнімдегі қазақстандық мазмұн үлесі – 60-70%.

Компанияны дамыту жоспарында өндірістік арнаулы киімдерден басқа бұйымдар өндірісін енгізу мақсаттары бар?

Мектеп формасын тігу көлемін арттыру жоспарымызда бар. Сонымен қатар, жалпыға арналған киімдер тігеміз. Заманауи сәндік үлігідегі киімдер тігумен бірнеше жылдан бері айналысып келеміз. Бірнеше рет көрмелерге де қатысып, лайықты бағамызды алдық.

Біздің компания үшін ең абыройлы жоба – қазақты әлемге танытқан бұлбұл әнші, талантты бауырымыз Димаш Құдайбергенов талғамының таңдауы бізге түскендігі. Осыдан үш жыл бұрын Димаштың «Арнау Тур Энвой» атты шоу-концерті АҚШ-та үлкен аншлагпен өткені естеріңізде болар. Сол концертке әншінің қосалқы топтағы көмекшілеріне (продюссер, режиссер, жарық беруші, т.б) бір үлгідегі киім тігіп беруді әлдебір құзырлы орын мойнына алған екен. Алайда, олар үлгермей қалады. Әлдебіреулер арқылы біздің компания жайлы естіген Димаштың режиссер-хореографы Надин бізге шығып, айналасы 10 күннің ішінде әншінің әлемдік бренд үлгісіне сай, өте сапалы тігілген киімдер топтамасын ұшаққа әрең үлгеріп салғанымыз бар. Сол жолғы еңбегіміз бен өнімдеріміздің үлгісі мен сапасына керемет риза болған Димаштың ата-анасы әншінің өзіне де киім тіккізуге ниет танытты. Бұл жоба біздің компанияны да Димашпен бірге әлемге танытады деген сөз емес пе?!

Тамаша! Енді компанияның көлік-логистикалық орталығы туралы бірер сөз…

п – Иә, ауқымды компания жұмысын кедергісіз жүргізу үшін көлік-логистикалық орталығының атқаратын қызметі, алатын орны да – зор. Біз осы орталықты ашу арқылы өз мүмкіндігімізді арттырып қана қоймай, жергілікті халықты жұмыспен қамту бағдарламасына да өз үлесімізді қостық. Қазіргі уақытта көлік-логистикалық орталықта 60-қа жуық адам нәпақасын тауып жүр. Орталық жұмысын жандандыруға компанияның өз қаржысынан 200 миллион теңге инвестиция тартылды. 47 жүк көлігі кідіріссіз жұмыс істеп тұр.

Соңғы сұрақ. Сіз қалай ойлайсыз, Қазақстанда тоқыма өнеркәсібін дамыту мүмкіндігі бар ма?

– Бар, әрине. Кез-келген өндірісті жолға қою үшін ең басты қажеттілік – шикізат базасы. Бізде шикізаттан тапшылық жоқ. Тіпті, арзан шикізат көзі бар. Шаруалар қойдың жүнін, ешкінің түбітін қайда өткізерін білмей, сабылып жүр. Қораларында тау-тау болып үйіліп, шіріп жатыр. Осыны кәдеге жарататын кәсіпорын керек-ақ. Болашақта мұндай жобалар қолға алынып жатса, ауыл шаруашылығы саласына да серпіліс келер еді. Бізге де қолжетімді әрі алуан ассортименті бар шикізат базасы жеңілдік әкелер еді. Қазақстанда кезінде осының бәрі болды ғой. Алматы мақта-мата комбинаты, Алматы кілем фабрикасы, Шымкентте «Восход» тоқыма-тігін фабрикасы… Өзіміздің Жезқазғанда да үлкен тоқыма фабрикасы болды. Осы өндіріс орындарын жаңғыртып, жаңа технологиямен жабдықтаса, нұр үстіне нұр болар еді… Жаңа Қазақстанның жаңа дәуірінде осы жобалар қолға алынып, әрбір отандық өндіріс ошақтары Тәуелсіздікті нығайту ісіне сүбелі үлестерін қоса береріне сенім мол!

– Сұхбаттасқаныңыз үшін мың алғыс! Мереке құтты болсын!

Сұхбаттасқан Ерсін МҰСАБЕК.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button