Бас тақырыпҚарқаралы

Жаңа белестерге жол салды

Елбасы өзінің биылғы «Қазақстандықтардың әл ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында қазақстандықтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған алты нақты қадамын атап өтті. Бұл жолғы Жолдаудың басты ерекшелігі қалың бұқараға үміт сыйлап, елдің әлеуметтік саласының дамуына тың серпін берді. Осы орайда, аудандық Мәдениет үйінде Жолдауды талқылап, пікір қосуға арналған аудан активінің жиыны өтті.

Елбасы қойып отырған маңызды міндеттерді анықтап, оның шешу жолдарын қарастыру мақсатында өткен шараға аудан әкімі Халел Мақсұтов, аудандық мәслихат хатшысы Сләмиден Нүркенов және депутаттар, мекеме-кәсіпорындар басшылары, ауылдық округтер әкімдері қатысты.

Алдымен аудан әкімі Елбасының халықтың әл-ауқаты мен ел экономикасын, әр адамның тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған Жолдаудың әр бағытын қысқаша баяндап, саяси мазмұнына ерекше көңіл бөліп, жанжақты талдап, түсінік берді.

Елбасы елімізде жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға нақты баға беріп, өзекті мәселелерді шешуді жергілікті билік өкілдерінің еншісіне қалдырды. Ел экономикасын дамыту үшін, бәсекеге қабілеттілікті жоғарылату үшін, бюрократизммен күресу, бизнесті қорғау, еліміздегі жетекші сала агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін дамыту арқылы халықтың өмір сүру сапасын жоғарылатуды тапсырды, – деді аудан басшысы.

Түрлі салада жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбекақысының көтерілуі тұрмыс сапасының өсуіне оң әсерін тигізбек. Бұл тұрғыда, ауданның барлық салаларындағы түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 19 мың тұрғын мен бюджеттік салада жұмыс істейтін 3114 қызметкер қамтылады.

Халықтың әл-ауқатының өсуіне зор ықпал етіп отырған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы ерекше нәтижесін беріп отыр. Жалпы бүгінгі күнге дейін ауданда «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында пайыздық ставканы субсидиялау бойынша 428,9 млн. теңгеге 4 жоба жүзеге асырылса, өндірістік инфрақұрылымды тарту бойынша 37,8 млн. теңгеге 1 жоба қолдау тапты. Ал, несие кепілдігі бойынша 16,9 млн. теңгеге 2 жоба қаржыландырылды. Сондайақ, гранттық қаржыландыру бойынша 8,5 млн. теңгеге 6 жоба қолдау тапты. Бұл бағдарламаның 2025 жылға дейін ұзартылуы өзін-өзі жұмыспен қамтитындардың қатары өсіп, кедейлік көрсеткішінің төмендеуіне әкелмек.

 Елбасы экспортқа бағытталған индустрияландыру мәселесі экономикалық саясаттың негізгі элементі болуы тиістігін атап өтті. Бұған аудандағы ірі жүйе құрушы кәсіпорындар филиалдары өз үлестерін қоспақ. Сонымен бірге, еңбек өнімділігін арттыра отырып, еңбек етуші адамның да мүмкіндігі ескеріліп, қамқорлықта болу қажеттілігі, туризмді дамыту, әлеуметтік салалардың жұмысына баса назар аудара отырып, орындалысын жіті қадағалау, аудан экономикасының өсуіне қажетті тетіктердің дамуына көңіл бөлу мәселесі актив жиналысындағы аудан әкімінің баяндамасынан тыс қалмады.

Жалпы, қазақстандық әр тұрғынның сапалы өміріне бағытталған Жолдау қарқаралылықтардың да зор қолдауына ие болды. Мәселен, Елбасы «Негізгі міндет – еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту. Мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын елімізге заманауи агротехнологияларды ауқымды түрде тартуға бағыттау қажет. Біз икемді әрі ыңғайлы стандарттарды енгізу және ауыл шаруашылығы саласындағы беделді шетелдік мамандарды – «ақылды адамдарды» тарту арқылы саланы басқарудың үздік тәжірибесін пайдалануымыз керек. Ауыл кәсіпкерлеріне шаруашылық жүргізудің жаңа дағдыларын үйрету үшін жаппай оқыту жүйесін қалыптастырған жөн», – деп атап өтті.

Бұл жөнінде жиналыста Бесоба ауылдық округінен келген «Асыл жер КZ» ауыл шаруашылығы кооперативінің басшысы Қуаныш Рысбеков өз ойын ортаға салды.

– Елбасының тапсырмасына сәйкес, біз Бесоба ауылында «Асыл жер КZ» ауыл шаруашылығы кооперативін құрдық. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 51 млн. теңге несие алып 201 ірі қара малын сатып алып, сүт сауу жұмыстарын ұйымдастырдық. Сонымен қоса, сүт қабылдау пунктін 5 млн. теңге несиеге сатып алдық. Оған 2,5 млн. теңге мемлекет тарапынан субсидия берілді. Теміртау қаласындағы «Ren Milk» компаниясымен келісімшартқа отырып, биылғы жылы 30 тонна сүт тапсырдық. Осындай жұмыстарды ұйымдастырудың арқасында бұрыннан мал өсірумен айналысып отырған ауыл халқы сиыр сауып, қосымша пайдаға кенелді. Ауылдағы халықтың сүт тапсыруға қызығушылықтары туып, сүт көлемі біршама артып, тәулігіне 800-1000 литрді құрады. Алдағы уақытта сүт тапсыруды арттырып қана қоймай, сүт өнімдерін өңдейтін цех ашу басты жоспарда тұр. Сонымен мал азығын дайындауға жер алып, дәнді дақыл, оның ішінде, арпа дақылын егу ойымызда бар, – деді Қуаныш Рысбеков. Осындай, толымды ой білдіргендердің қатарында, Көктас ауылындағы №4 орта мектептің директоры Даниал Тұрсынбаев, аудандық жастар ресурстық орталығының маманы Ерсайын Қобыланды, кәсіпкер Гүлім Сәкенова болды.

Әрине, агроөнеркәсіп кешенін дамыта отырып, Жолдаудағы басым бағыттарды жүзеге асыруға зор мүмкіндік бар. Нәтижесінде, шағын кәсіпкерлік субьектілері көбейіп, жұмыссыздық азаяды. Қазақтың қарашаңырағы атанған ауылдың да жағдайы түзеле бастайды. Жиындағы ең басымдық берілген өзекті мәселе ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткішінің өсуіне ықпал етіп отырған ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп кешені, кәсіпкерлік саласына жіті назар аудару қажетті баса айтылды.

Сағыныш Әбілова,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button