Жаңалықтар

Меже – Олимп шыңы

Қарағандыдағы Н.Әбдіров атындағы спорт сарайында жерлесіміз, дзюдодан Алматыда өткен кадеттер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлде иегері Алима Жұмағалиеваның қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

Жиынды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дмитрий Карпов жүргізіп, спортшының жетістіктеріне тоқталды. Спортшының бапкерлері де сөз сөйлеп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Алима да өз кезегінде чемпионаттан алған әсерін ортаға салып, қатысушылар қойған сұрақтарға жауап берді.

64 елден 450 спортшы қатысқан Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы сапында 31 спортшы өнер көрсетті. Байрақты бәсекеде облыс намысын бес дзюдошы қорғаған. 16 жастағы Алима әлем біріншілігінде алғаш рет бақ сынапты.

40 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күрескен Алима Жұмағалиева III орын үшін болған шешуші белдесуде бразилиялық қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Қазақстан құрамасы чемпионатта алты медаль – бір алтын және бес қола медальға қол жеткізді. Үздік үштікке Жапония, Түркия және Ресей елдерінің құрамасы енді.

  • Мен Теміртауда туғанмын. Дзюдомен 6 жылдан бері айналысамын. Оған дейін бимен айналыстым. Әкем де бала кезінен осы спорт түрімен шұғылданған. Күніне екі рет жаттығу жасаймын. Алматыда өткен Әлем чемпионатында менің салмақ дәрежемде 20 дзюдошы болды, – дейді Алима Жұмағалиева.

Әкесінің айтуынша, мұның алдында Алима Азия чемпионы болған. Спортшының ендігі арманы – Олимп шыңын бағындыру.

Басқа материалдар

Back to top button