Бас тақырып

Әлия мен Мәншүктің жалғасындай…

Қазақтың қасиетті жеріндегі тауларда – ұлылық, дархан даласында – жылылық, Қорғаныс қосынындағы әйел затында сұлулық бар. Сол сұлулық – оның Көк байрақ пен қалың жұртты кірпік қақпай күзеткен жанарында, сардар мен сарбаз өмірінің қиындығына шытылмаған қабағында. Ендеше, «әлемді құтқаратын шынайы сұлулық» соның бойына тұнған. Оның сымдай тартылған бітімі оқшантаймен қаусырылып, сүйрік саусақтары суық қаруды сығымдай қысып, жылы жүрегі анасының құшағында бұйыққан мыңдаған періштенің ұйқысын кірпік қақпай күзетеді. Бұл қасиет болмысына Тұмар сынды аналардан дарыды. Бүгінгі әңгіме «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты елдегі жалқы құрылым – «Аягөз танк бригадасының» аяулы арулары жайында болмақ.

Алаш жасағы құрамындағы арулар – сан қырлы әскери мамандықтарды меңгерген кәсіби сарбаздар. Олар – жарғыда бекітілген міндеттерді ер-азаматтармен бірлесе атқарып, Елі мен Жерін қасықтай қаны қалғанша қорғауға ант берген қайсар жандар.

Аягөздегі «Южный» әскери қалашығында орналасқан полковник Сәбит Үркімбаев басқаратын танк бригадасы сапындағы офицерлік құрамда – реактивті батареяның командирі лауазымында біршама уақыт қызмет атқарған едім. Соны негізге ала отырып, бүгінгі атаулы күні бір кездері бірге сапта тұрып, ортақ мақсатқа жұмылған қарулас ханымдардың тақырып аясындағы пікірлерін оқырман назарына ұсынуды жөн санадым…

Айгүл ЕРЕЖЕПОВА, 10810 ә/б жедел қызмет офицері, капитан:

 – Әскери өмірге бала күнімнен құмар болдым. Олардың киім үлгісі мен бітім-бейнесіне қызығатынмын. Бұл туған қалам Аягөзді әскери қалашықтар қоршап тұрғанынан да болар, бәлкім. Мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түстім. Жолдасым да Қарулы Күштер қатарында. Бір қызығы әскери антты одан бұрын 23 жасымда мен қабылдадым. Осынау маңызды қадамды барлық жауапкершілікті сезіне тұрып, саналы түрде жасадым. Өйткені, жан-дүнием соны қалады.

Әскери қызмет қиындығын ер мен әйел заты бірдей көтереді. Бригаданың оқу-жаттығу жиындарында АК-74, ПМ секілді қаруларды еркін меңгеріп, үздіктер қатарынан көріндім. Қызметім жедел әрекетке бағытталғандықтан, жауапкершілік – өте зор. Күллі әскердің іс-қимылының өзегі – штаб. Жоғары қолбасшылықтың бұйрығына сәйкес, барлық бөлімдердің іс-әрекетін үйлестіру біздің міндет. Аягөз танк бригадасы – Қазақстандағы ең үздік әскери құрылымдар қатарында. Оған дәлел – біздің батальондар өздері қатысқан оқужаттығу жиындары мен «танк биатлоны» жарыстарынан жүлдесіз қайтқан емес. Жалпы, өзін әскер қатарынан көргісі келетін қыздар жауапкершілікті жете түсінуі тиіс. Қалғаны оқумен, тәжірибемен келеді.


Бақытгүл ИЛЬИНОВА, 10810 ә/б кадрлар қызметінің маманы, старшина:

– Әскери қызметке 21 жасымда келдім. Таңдауыма офицер ағам себепкер болды. Қазір кадрлар бөлімінде қызмет етемін. Бір уақыттарда реактивті артиллерия батареясында радиотелефонист қызметін атқардым. Сол кездерде оқу-жаттығу жиындарында көп тер төгетінбіз. Қыста қарды омбылап, жазда құм жалдап, күкірттің иісі бойға сіңді. Есімде қалған ірі жиын – «Шығыс–2011».

Алғаш, қолыма қару ұстағанда жүрексінгенім рас. Ал, кейіннен кәсіби машығың артады екен. Бірнеше жыл әскери қару-жарақ, инженерлік қоймаларды басқардым. Ол жерде жауапкершілік пен ұқыптылық екі есе қажет. Себебі, сәл ғана олқылық бригаданың жауынгерлік әзірлігіне селкеу түсіруі мүмкін.

Барлық қаруластарымды кәсіби мерекемен құттықтаймын! Ел аман, жұрт тыныш болсын!


Ләйла БЕЙЩАНОВА, 10810 ә/б құпия бөлімнің маманы, прапорщик :

– Біз – Кеңес дәуірінде ер жеткендерміз. Сондағы шинель кигендердің келбеті қандай еді! Ол кезде құрылыс бөлімдері болатын. Жолдасым сонда старшина шенінде қызмет етті. Сондықтан, әскери қалашықта тұрған менде басқа таңдау да болған жоқ сияқты. Осы салада табан аудармай 20 жылдан аса қызмет атқардым. Біршама сатыларды өткеріп, құпия бөлімге қабылдандым. Қызмет аса жауапты еді. Өйткені, барлығы мемлекеттік құпиямен астасып жатады. Мысал ретінде тактикалық шыңдалуға жетелейтін жұмыс карталарын айтсақ та болады. Ондағы мәліметтер өзгенің назарына түспеуі тиіс. Әскер сапындағы қыз-келіншектер басқа нәзікжандылардан жинақылық қасиетінің аса жоғарылығымен ерекшеленеді. Алғаш қару ұстап, нысана көздеген кездер ұмытылмайды. Бірде-бір нысанаға тигізе алмадық. Бөлім командирі: «Нормативті орындағанша, полигоннан қайтпайсыңдар» деген талап қойды. Сөйтіп, кезек-кезек жапырыла құлаған нысаналарға қызыға қарап, түскі асты ішуді де ұмытып кеткен едік…

P.S. Алаш әскерінің сапында жүрген 9 мыңға жуық Ару – Ұлт мақтанышы. Олар барда, Қарулы Күштерде мейірім алауы ешқашан сөнбейді.

Отан қорғаушылар күні құтты болсын, Қазақтың айбынды қыздары!

Құрманғазы Өтебай

Басқа материалдар

Back to top button