Жырау мұрасы — дәуір айнасы

Қарағандыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы жүзеге асырылуда. Игі істі қуаттаған Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы мен Қарағанды облысы әкімі аппаратының Қоғамдық келісім мекемесі ұйымдастырып отырған шараларының шарапаты мол. Соның бірі – халқымыздың кемеңгер ойшылы, Абылай ханның кеңесшісі, көмекей әулие, Бұқар жырау ҚАЛҚАМАНҰЛЫНЫҢ туғанына 350 жыл аясында этномәдени бірлестіктерінің мүшелері арасындағы «Даланың дара данасы» атты байқау болды.

Іс-шараның мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, тіл мәдениетін көтеру, Бұқар жыраудың әдеби мұрасын және тарихтағы елеулі орнын насихаттау. Жырау мұрасы арқылы қазақ халқының тарихын, мәдениетін, философиясын, этикасын, «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасын насихаттап, рухани және мәдени құндылықтарды сіңіру.

Байқауға қатысушылардың жасына шектеу қойылған жоқ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, сынға түскен 22 үміткер де іріктеуден өткен көрінеді. Шара барысында сахна мәдениетінен бөлек, қатысушылардың тіл меңгеру деңгейі, ойдың нақтылығы, сапалық деңгейі, мазмұндылығы мен ерекшелігі, үш тілде орфоэпиялық тұрғыдан таза сөйлеу мәдениеті сынға түсті.

Өнер сайысының жеңімпаздарын ақындар мен ғалымдардан құралған қазылар алқасы анықтады. Олар – Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті ағылшын тілін оқыту әдістемесі кафедрасының доценті, профессор Жаңбырбай Қағазбаев, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұхамедқали Әбдуов, айтыскер ақындар – Айтбай Жұмағұлов пен Дидар Қамиев, «Рідне слово» украин тілі бірлестігінің төрағасы Зновия Красивская.

Байқауды ақын Дидар Қамиев Бұқардың толғауымен ашты. Қатысушыларға сәттілік тілеп, құттықтау сөзін жеткізген Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті ағылшын тілін оқыту әдістемесі кафедрасының доценті, профессор Жаңбырбай Қағазбаев:

– Бұқар жыраудың толғаулары – Абылай дәуірінің айнасы. Ұлтының тамаша рухани адамгершілік қасиеттерін бойына дарытқан көкірегі даңғыл, алмас тілді, дуалы ауыз кемеңгерді Абылай хан да қасынан бір елі қалдырмаған. Ақыл-ойға кемел «Көмекей әулие» Абылай ханның дұрыс шешім, парасатты пайым қабылдауына, оңтайлы саясат ұстауына, әскери дипломатиялық қарым-қатынастарды реттеуге барынша ықпал жасай білді. Заман келбеті, Отан тағдыры, болмыс шындығы, ел тұтқасын ұстаған асқан қолбасшы, біртуар баһадүр, үздік мәмілегер, зерделі мемлекет басшысы Абылай ханның жортуыл-жорық күндеріндегі іс-қимылдары, ұлтының ұлы мұраттар жолындағы ізгі, жалынды күресі – жырау мұраларында шынайы шыншылдықпен суреттеледі. Біз Бұқар бабамыз арқылы қазақ елінің тарихын танып білеміз, – деді.

Сондай-ақ, ұйымдастырушы, ақын Қуаныш Мақсұтов «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған шараның республика бойынша алғашқы бірегей бастама екендігін баса айтты.

Дода барысында үлкен дайындықпен келіп, өнер көрсетулеріне барлық мүмкіндік бере отырып, бірінші кезеңнен сүрінгеніне қарамастан, екінші кезеңде толық өнер көрсетулеріне рұқсат берілді. Сайыстың шарты бойынша үміткерлерге 3 тілде жаңылмай жырау толғауларын жеткізу оңай болмады.

Кіл мықтының ішінен кім мықты шыққандығын қазылар алқасының ұйғарымы көрсетті. Айта кету керек, I орын тұғырынан көрінген Приозерск қаласындағы №6 мектептің оқушысы Владимир Кузнецов мықтылық танытты. II орынды иеленген «Болашақ» колледжінің студенті Алина Филатова да осалдық танытпады. III орынды «Ахыска» түрік этномәдени орталығының мүшесі Зарина Сафарова еншіледі. Бұқар жыраудың «Тілек» толғауын түрік тіліне аударған Заринаның қадамына ерекше ықылас танытты.

Ал, «Бұқар жыраудың шығармаларын музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен орындау» номинациясы бойынша Бұқар жырау ауданы Баймырза ауылының «Славяночка» этномәдени бірлестігі жеңімпаз атанды.

Осы күні барлық қатысушылар да арнайы дипломдармен марапатталып, сыйсыяпатқа ие болды.

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.