Қарқаралы

Елге ел қосылса – құт

Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында еңбек нарығын жаңғырту мақсатында еңбеккерлерді артық жұмыс күші бар өңірлерден жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге ұтымдылықпен тарту қажеттілігі айтылған болатын. Бұл – алдымен, бос жатқан жерлерді тиімді игеруге ықпал етпек. Нәтижесінде, өзін-өзі жұмыспен қамтитындар қатарының артып, шағын кәсіпкерлік саласының жан-жақты дамуына оң ықпалын тигізеді. Әрі халықтың ынтымағының артуына, бір-бірінен жақсы істерді үйренуіне әкеледі.

Міне, Елбасы саясаты шеңберіндегі игі істің бірі Қарқаралы ауданының Қоянды елді мекенінде қолға алынды. Халық көп шоғырланған Шымкент қаласының өкілдері – Сәкен Бөріқұлов, Әліпбай Тұрғынбаев және Нұриддин Қадырқұлов Қоянды ауылына келіп, географиялық жағдайымен танысты.

Бұл игілікті шаруаны қолға алған ауыл азаматы, бүгінде Қарағанды қаласында тұратын кәсіпкер Нұрлан Қалтаев. Оңтүстіктен келген ағайындардың ұсынысын аудан әкімі Халел Мақсұтовқа жеткізіп, қолдау білдіруін сұрайды. Бұл ұсынысты аудан басшысы қуана қабыл даған. Өкілдерге ауданның тыныстіршілігін таныстырып, мүмкіндігін жария етуге аудандағы жетекші бөлім басшыларын алып, Қоянды ауылында келелі жиын өткізді.

Алдымен аудан басшысы Қарқаралы өңірінен шыққан тұлғаларды таныстырып өтті. Сонымен қатар, ел тарихында ойып тұрып орын алатын Қоянды жәрмеңкесін тілге тиек етіп, бұл жердің ерекшелігіне кеңінен тоқталды. Жерінің шұрайлы, топырағының құнарлы, шөбі шүйгін, ылғалды жер екендігін жеткізді.

От-суға мол мекенге қоныс тепкен адамның өкінбесі анық. Ауыл қандай жанға болса да жайлы. Бір сөзбен айтқанда, тоны қамқа, түгі алтын ауылға келіп, қоныстанамын деген азаматтарға қолдан келгенше көмек көрсетіліп, қажетінше жағдай жасалмақ. Мәселен, егер оңтүстіктен келген ағайындар ауыл шаруашылығындағы жетекші салалармен айналысамын, шағын кәсіпкерлік ашамын дейтін болса, мемлекет тарапынан берілетін субсидиялар мен жеңілдетілген пайызбен берілетін несиелер, арнайы жобаларға бөлінетін гранттар жайлы құнды деректер алды. Сонымен қатар, отбасылық жағдайдағы патронаттық үй ашамын десе мемлекет тарапынан зор қолдау мен көмек бар екендігі жеткізілді.

Ауыл ақсақалы Серік Набиянов «Елге ел қосылса – құт» дей келе, ауылға көшіп келгелі отырғандарды қуана қарсы алатындықтарын, жатсынбай, бауырларына тартып, ағайындық көрсететіндіктерін жеткізді. Қашанда қолда барын туған жерінің түлеуіне, жерлестерінің игілігіне жұмсап жүрген кәсіпкер азамат Нұрлан Қалтаев елге келген азаматтарға да қолда бар көмегін көрсетіп, олардың тұрақтануына барынша күш салатындығын айтты. Ең бастысы – ауылдастарының қатары көбейіп, туған елінің демографиялық өсуіне тілектес екендігін білдірді. Халық саны көбейіп, мектептегі оқушылар қатарының өсуі ауылдың негізгі тірегі – білім ордасының одан әрі оқу процесін жалғастыруына зор мүмкіндік туғызатындығын баса айтты.

– Бізде жұмыссыздар көп. Дені жастар. Халық – тығыз, жер жоқ. Олардың қолынан мал бағу да, егін егу де келеді. Адал еңбек етуге ынталы – ең бастысы. Ал, мынандай бос жатқан жерлерді кәдесіне жаратып, байып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?! Бұл жердің бізге халқы ұнады. Қонақжай екен. Жері – керемет. Ал, Үкімет тарапынан ауылды көркейтуге арналған бағдарламалардың мүмкіндігі біз үшін өте зор. Сондықтан, біз он шақты отбасы Қояндыға қоныс аударуға бет бұрып отырмыз. Ауылда бос тұрған үйлер көп екен. Соларды көріп шықтық. Егер, сәтін салса, жер аяғы кеңіп, күн жылынысымен Қояндыға қоныстанбақпыз. Келгісі келетін бауырларымның барлығы отбасылы, 3-4-тен балалары бар. Бастысы – халық жылы қабылдайды деген сеніміміз мол. Ауыл жас отбасыларымен толығып жатса, бұл елдігіміздің белгісі емес пе, Тәуелсіздігіміздің жемісі емес пе?! – дейді оңтүстіктен келген өкіл Сәкен Жақыпбеков.

Оңтүстіктің халқы – еңбекқор. Бастысы – жомарт жерді идіре білген шаруаның еңбегі еш кетпесі анық. Оған шымкенттік ағайындар құлшынып отыр. Әрі ауыл халқы да қатарларының көбейгеніне қарсы емес. Егер, бұл көш әрі қарай жүзеге асса, Қояндының бос жатқан жеріне жан бітіп, ауылы жанға, төскейі малға толар еді. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» демекші, ауыл халқы келер жылы ұлы көшті қарсы алуға дайындалуда.

Сағыныш Әбілова,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button