Жаңалықтар

Сенатор ел ішінде

Жуырда облысқа Парламент Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі, сенатор Рысқали ӘБДІКЕРОВ іссапармен келді.

Сол күні сенатор облыстық ішкі істер департаментінің басшылығымен кездесті. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы туралы толымды ойын жеткізді. Полиция қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру, мамандар сапасын арттыру, сондай-ақ ішкі істер органдары қызметкерлерін аттестациядан өткізу туралы Елбасының тапсырмасы бойынша әңгіме өрбітті. Сонымен қатар, полиция жазалаушы орган ретіндегі біржақты түсініктен арылып, қиын жағдайда көмек көрсетуші үлгісіне көшірілуі тиіс екендігін тілге тиек етті. Сапар барысында сенатор Қарағанды қаласындағы ішкі істер департаментінің жедел басқару орталығында болып, қаладағы бейнебақылау жүйесінің камералармен жабдықталу жайымен және орта білім беретін мектептердің осы бағыттағы ерекшеліктерімен танысты.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау жолында Қарағанды облыстық ішкі істер органдарының жеке құрамына зор міндет жүктеліп отырғанын атап өтті.

Келесі күні Парламент Сенаты депутатының Қарағанды облысына сапары одан әрі жалғасты. Ат басын тіреген алғашқы нысан «Волынка» ет өңдеу комбинаты болды. Кәсіпорын директоры Д. Сәкенов өндірістің жаңартылған құрал-жабдықтарын көрсетіп, алдағы жоспарымен бөлісті. Аталмыш өндіріс ошағы алғашқылардың бірі болып, «қысқа мерзімді оқыту» бағыты бойынша комбинатта оқу орталығын ашып, жұмысқа қажетті мамандарды дайындауда.

Бұдан кейін сенатор №10 мектеп-гимназияның жай-күйімен танысты. Р.Әбдікеров мұғалімдер қауымымен емен-жарқын әңгімелесіп, қазіргі таңда білім саласына енгізіліп отырған өзгерістерге тоқталып, ұстаздар арасындағы жас мамандардың көп болуы қуантарлық жайт екендігін айтып өтті.

Бұдан кейін Сенат депутаты аудандық сот өкілдерімен, құқық қорғау органдары қызметкерлерімен кездесіп, Елбасы Жолдауының маңызды бағыттарын талқылады.

Рысқали Қалиақпарұлы өзі мүшелік етіп отырған Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің жұмысына кеңінен тоқтала келе, кейбір заңдардағы өзгерістерге тоқталып, оң жақтары мен олқы тұстарын да тілге тиек етті.

Кездесудің соңы Абай ауданының әкімі Б.Асанов, аудандық мәслихат хатшысы Б.Цай, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Р.Қойлыбаева, жергілікті мәслихат депутаттары, атқарушы орган қызметкерлері, үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысқан дөңгелек үстел отырысымен жалғасты

Халық қалаулысы Жолдаудың ерекшеліктеріне тоқталып, заң жүйесіне енгізіліп отырған бірқатар жаңартулар туралы баяндады. Жиын соңында аудан әкімі Б.Асанов Сенат депутаты Рысқали Әбдікеровке өз алғысын білдіріп, Елбасы ұсынып отырған мемлекеттік бағдарламалардың біразы аудан бойынша іске асып, әлі де өз жалғасын табатындығын сөз етті.

Абай ауданындағы кездесуден кейін халық қалаулысы Шахтинск қаласына ат басын бұрды. Қала әкімі С.Аймақовпен бірқатар мемлекеттік мекемелерді, шағын және орта бизнес нысандарын аралады.

Алғашқы барған нысандардың бірі Ә.Бөкейханов атындағы мектеп-лицейі болды, онда мұражай, хореографиялық зал, кітапхана, оқу сыныптарына экскурсия жүргізілді. Информатика, физика және жаңа үлгідегі биология, интеллектум және робот техникасы кабинеттері ерекше қызықтырды, онда оқушылар өздерінің дағдылары мен қабілеттерін көрсетті. Мектеп-лицейінің директоры А.Есмағанбетов мектептің материалдық-техникалық және оқу-әдістемелік базасы туралы баяндап, өз оқушыларының халықаралық жобаларға қатысқандығы туралы жетістіктерін айтты.

Жұмыс сапары шағын және орта бизнес нысандары: «Atletik» спорттық-сауықтыру кешені, «Матюхин» ЖК құрылыс материалдарын өндіру жөніндегі кәсіпорны мен «Капуста» жекеменшік балабақшасын аралаумен аяқталды.

 Сенат депутаты Саран қала сына барды. Сапар барысында Рысқали Әбдікеров Ақтас кентінің әкімшілігі аппаратымен және «Galex Plus» ЖШС ұжымымен кездесті. Бұл жерде де Елбасы Жолдауының негізгі бағыттары туралы ашық әңгіме болды. Депутат халық өмірінің деңгейін көтеруге, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған ұсыныстардың маңыздылығын атап өтті. Мемлекеттік қолдаудың тиімді тетіктері және жаңа несие саясатын пайдалану мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды. Сондай-ақ, өндіріс қуатын жаңғырту және жаңа технологияларды қолдану мәселелеріне де тоқталды. Одан кейін сенатор Саран қаласындағы №4 орта мектептің бастауыш сыныптарын аралап, бейнебақылау жүйесімен танысты. Оқушылар қауіпсіздігінің маңыздылығын ескеріп, бүгінгі күні мектеп ішінде 15, сыртында 8 бейнекамера орнатылған. Сенатор мектеп ұжымына алғысын айтып және Жолдауда белгіленген міндеттерді ұстаздар үлкен жауапкершілікпен орындайды деген сенім білдірді.

Сенат депутаты Рысқали Қалиақпарұлы одан кейін жұмыс сапарын Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге жалғады. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде болып, профессорлық-оқытушылар құрамымен және студенттермен кездесті. Шара барысында Сенат Төрағасы Президент бастамалары, әсіресе жастарға зор мүмкіндіктер беретінін атап өтті. Және жоғары білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған тапсырмаларға егжейтегжейлі тоқталды

Одан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев, Рысқали Әбдікеров және облыс әкімі Ерлан Қошанов «Луч» медициналық (жүйке) оңалту орталығында, құбырлар және полимер жасап шығаратын «КазПласт» кәсіпорнында, «Нәтиже» сүт фабрикасында болып, еңбек ұжымдарымен кездесті.

 Ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтудағы жұмысының табысты болуына тілектестігін білдірді.

 Жазыкен ТОМПИЕВ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button