Жаңалықтар

Топар электростанциясында – тың жоба

«Топар электр қуатын таратушы бас энергостанциясы» ЖШС-не Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермағанбет БӨЛЕКБАЕВ арнайы барып, қуаты 130 МВт құрайтын №2 жаңа турбоагрегатты іске қосты.

Жаңа турбоагрегаттың қуаты – 130 МВт. Осыдан кейін станцияның қуаты 613-тен 743 МВт-қа дейін ұлғаяды. Яғни, қуат өндіру көлемін арттыруға айтарлықтай мүмкіндік береді. Кәсіпорын станцияны модернизациялау, электр қуатын арттыру және жылу схемаларын оңтайландыру жұмыстарын жүзеге асырды. Осы арқылы аталған станцияның техникалық-экономикалық көрсеткіштерін өткен кезеңмен салыстырғанда едәуір арттыруға мүмкіндік туып отыр. Қазіргі уақытта осы тектес жабдықтар еліміздегі бірде-бір энергия тарату кәсіпорындарында жоқ. Сондықтан да жобаны пилоттық деп айтуға болады. Онда жаңа технологиялар қолданылады және қазандықтар мен турбиналарды басқару толығымен автоматтандырылған. Станция 1964 жылдан бастап жұмыс істеп тұр. Абай қаласы мен Топар елді мекенін жылумен және электр энергиясымен тікелей қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, өндірілген электр энергиялары Қарағанды, Жезқазған және Балқаш қалаларындағы «Қазақмыс» корпорациясы кәсіпорнының энергиялық жүктемелерін жабады. Аталған станцияда бүгінгі күні 16 қазандық пен 8 турбоагрегат орнатылған. Қазіргі таңда кәсіпорында 1425 маман еңбек атқарады.

«Топар электр қуатын таратушы бас энергостанциясы» ЖШС бас инженері Андрей Соловьевтің айтуы бойынша, энергостанцияны ұзақ мерзімді жаңарту мен ауқымын кеңейтудің бүгінгі қадамы – «Қазақмыс Холдинг» Корпорациясы кәсіпорнының инвестициялық жобаларының бір бөлігі. Бұл жобаны іске асыру өндірісті қайта жарақтандырудың негізгі мақсаттарына қол жеткізуден басқа, кәсіпорын экономикасын жақсартуға мол мүмкіндік бермек. Заманауи қондырғылардың орнатылуы сәйкесінше қызметкерлер біліктілігін арттыруды талап ететінін айтады энергостанция басшылары. Кәсіпорында мамандарды оқытудың автоматтандырылған жүйесі құрылған. Ол арнайы жаттықтырушылардың көмегімен апаттық жағдайларда барлық әрекеттерді игеруге үлкен мүмкіндік беріп отыр.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button