Бас тақырыпОблыс әкімі

Баспана – басты назарда

Кеше облыс әкімдігінде аппарат жиыны өтті. Онда бірқатар мәселелер көтерілді. Оның ішінде, Елбасы Жолдауының аясында облысты дамытудағы міндеттер кеңінен талқыланды.

– Елбасының биылғы Жолдауында әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын сақтау бойынша берген тапсырмаларын жүйелі орындау кезек күттірмейтін мәселе. Біз баса мән беруге тиіс дамудың негізгі бағытын айқындап берді. Сондай маңызды мәселенің бірі – тұрғындарды баспанамен қамту. Осы орайда, бірінші кезекте жастарды жатақханамен қамтуды жолға қойып, облыстағы барлық жатақханаларды жөндеуден өткізуге күш салу керек, – деді облыс әкімі Ерлан Қошанов. Оқу жылының басынан бері Қарағанды облысында жатақханалардан студенттерге 550 орын берілген. Бұл көрсеткішке тозығы жеткен ғимараттарды қайта қалыпқа келтірудің арқасында қол жеткізу мүмкін болды. Дегенмен, аудандарда студенттерін жатын орынмен қамтамасыз ете алмай отырғандығы ащы да болса, шындық. Қазірдің өзінде аудандарда 400 адам жатақханаға мұқтаж көрінеді. Аталмыш мәселені келесі жылы толығымен шешу жоспарланып отыр. Ең бастысы, сең қозғалды. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының Жолдауы тиісті жұмыстарды жандандыруға тың серпіліс бергенін ерекше атап өткен жөн. Айта кетейік, биылғы жылдың желтоқсанында Балқаш медициналық колледжінің студенттеріне жатақхана қолданысқа беріледі. Онда 300 адам орналасады. Ал, келесі жылы Қарқаралыда 100 орынға шақталған жатақхана пайдалануға берілмекші. Бүгінгі күнде қарағандылық ЖОО қазір заманауи үлгідегі жаңа жатақханалар салу үшін инвесторлармен белсенді жұмыстар жасауда. – Қаламызда оқу орнындағы жатақхана мәселесі жан-жақты зерделенді. Біз білім ордалары өкілдері үшін жатақханалардың үлгілі жобаларын бердік. Олардың кейбірінен қымбат болғандықтан бас тартты. Дегенмен, инвесторлар іздеп, басқа да нұсқаларды қарастыруда. Біз, атқарушы билік ретінде, жатақхана жасау үшін қалыпқа келтіретін ғимараттарды іздестіріп жатырмыз. Әзірге, біз Анжерская көшесіндегі ғимаратты қарастырудамыз. Онда жылумен қамту мәселесін шешу керек, ал негізі ғимарат жақсы, ол жерде бұрындары да жатақхана болған, – деді Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров.

Осы орайда облыс басшысы Ерлан Қошанов бұл бағытта белсенді жұмыс істеп, студенттер жатақханасы үшін қаладағы үлкен ғимаратты пайдаланып, білім алушыларға лайықтап жаңғыртып, қайта қалыпқа келтіруге ерекше назар аударуды тапсырды.

Аппарат жиынында облыс әкімі жеңілдікпен үй беру жайына жанжақты тоқталды. Баспанамен қамту – күн тәртібінен түспейтін басты мәселе екендігін алға тартты. «7-20-25 бағдарламасы аясында несиелеу бойынша барлығы 32 жоба іріктеліп, олардың жалпы ауданы 286,7 мың шаршы метр құрағандығынан құлағдар болды.

Момышұлы мен Тәттімбет көшелерінің қиылысында орналасқан екі – 24 қабатты үй осы жылдың желтоқсанында қолданысқа енгізіледі. Олардың бірінде барлық 24 қабат салынып болған. Ал, екіншісінің әзірге, 17 қабаты ғана салынған. Жиын барысында жаңа орталықтағы тұрғын үйлер құрылысы жайлы Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров есеп берді. – Екі үйдің бірінде 24 қабат салынып болды. Қазір 16-шы қабат деңгейінде ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Екінші үйдің 17 қабаты салынып бітті. Орташа есептегенде құрылыс жылдамдығы – айына 4,5 қабаттан болып отыр. Желтоқсанда құрылыс аяқталады, – деді Нұрлан Әубәкіров. Айта кетері, екі үйде барлығы 384 пәтер. Бұл үйлерден баспананы несие арқылы алуға болады. Осы ауданда салып жатқан мектеп те 2018 жылдың соңына қарай қолданысқа беріледі. Бұған қоса, желтоқсанда «Панель-центр» тұрғын үй кешенінде №1 үйдің екі блоксекциясы дайын болады. Облысымыздың кейбір аудандарында белгіленген кестеден тұрғын үй құрылыстары қалыс қалған. Олардың қатарында, Жаңаарқа ауданында екі 16 пәтерлі үй бар. Аудан әкімінің айтуынша, құрылыстың мерзімінде аяқталмауына жазда кірпіштерді жеткізуге қатысты қиындықтардың туындауы кедергі келтірген. Қазір жұмыстар толыққанды атқарылуда. Ауданнан жұмысшы топ іске кіріскендігін жеткізді. Ал, Шахтинскіде жыл соңына дейін 60 пәтерлі үйдің құрылысы аяқталады. Жезқазғанда да екі жаңа көпқабатты тұрғын үй бой көтереді. Ол үйлер несиелік және жалға берілетін көрінеді. Барлығы биылғы жылы республикалық бюджеттен Қарағанды облысында жалға берілетін тұрғын үйлер құрылысына 1,5 млрд. теңге бөлінген. Баспана бағытындағы жұмыстарды облыс әкімі қадағалауды тапсырды.

 Сонымен қоса, жиын барысында азық-түлік өнімдері бағасының тұрақтылығы, шаруа қожалықтарын несиелендіру және жылу беру маусымының мәселелері талқыланды.

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button