Бас тақырыпОблыс әкімі

Ауыл ырысы – қала ырзығы

Аракідік туған жерге барғанда «ауылдың мол дастарқаны-ай» деп тамсанып жатамыз ғой. Сенбі күні сол астатөк дәм Қарағандыға келді. Облыс орталығындағы Олимпийская көшесінде өткен ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесінде 410 тонна азық-түлік сөреге шығарылды.

Облыстық жәрмеңке биылға екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Аймақтағы сегіз ауданнан 278 шаруа қожалығы мен кәсіпкерлік нысаны қатысты.

Жәрмеңкеде 185 млн. теңгенің тауары саудаланды. Баға – базардағыдан төмен. 15-20 пайызға арзан. Мәселен, «көкөніс пен жеміс-жидек арзан» деген «Шығыс» базарында картоптың келісі 50-55 теңгеге бағаланса, мұнда сұрыпталған картоп – 40-45 теңгеге пұлданды. Сондай-ақ, сәбіздің келісі – 45 теңгеге, қырыққабат – 50 теңгеге, қызылша – 55 теңгеге сатылды.

Соғымның алдында ет бағасының аспандайтыны белгілі. Міне, жәрмеңке осы қымбатшылықты құрықтауда тиімді тәсілге айналды. Ақ адал малын базардағы алыпсатарға апармай, жәрмеңкеге жеткізген ауылдағы ағайын сиыр етінің бір келісін – 1300 теңгеге, қой етін – 1100 теңгеге, жылқы етін – 1500 теңгеге сатып жатты.

Қалалықтардың да іздегені – осы. Күн көкжиектен қылтия дорба-қабын арқалап жеткен қарағандылықтар сауданың көрігін қыздырды.

Жәрмеңкеде сауда қылған жұрттың жұмысына облыс әкімдігінің өкілдері ұйытқы болды. Бағаға бақылау жасады. Облыс әкімі Ерлан Қошанов арнайы келіп, сөрелердегі бағаларға назар аударды. Жергілікті агрокешенге қолдау көрсету қажеттігін айтып, омарташылардан бал сатып алды. Шаруалармен болған әңгіме барысында мемлекеттік қолдауды пайдаланудың маңызы, Үкімет тарапынан беріліп отырған жеңілдіктер туралы сөз өрбітті.

Билік өкілдерінің айтуынша, ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі – бағаны ұстап тұратын жалғыз құрал емес. Қазір маусым аралықтарындағы сұранысты қанағаттандыру мақсатында құрылған тұрақтандыру қоры жасақталуда.

– Бүгінде азық-түлік бағасын тұрақтандыру қорын толықтыру жұмыстары қарқынмен жүргізілуде. Бұл мақсатта жергілікті шаруашылықтармен 950 тонна картоп пен көкөніс сақтау бойынша келісімшарттар жасалды. Бұл – биылға жоспарланған көлемнің үштен бір бөлігі, – дейді облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сағынжан Апақашов.

Жәрмеңкеге азық-түлік сұранысқа сай жеткізіледі. Яғни, бұл жерде бұрын өткен жәрмеңкедегі тауар өтімділігі ескеріледі.

 – Қазір қарағандылықтар тарапынан етке сұраныс жоғары. Бұл жолы көкөніске белгілі бір көлемде шектеу қойдық. Себебі, өткен аптадағы жәрмеңкеде әкелінген көкөністің жартысы сатылмады. Сондықтан, мал етін көптеп жеткізуге күш салудамыз, – деді Сағынжан Апақашов.

Базар жағаламай, әкелген өнімін осында саудалаған ауыл жұрты да жәрмеңке жұмысына дән риза.

– Біздің ауылдан 10 қой, 3 ірі қара етін әкелдік. Бір сағаттың ішінде барлығы өтіп кетті. Өйткені, баға – арзан. Яғни, арадағы «қолғабысы» үшін құн қосатын делдалдар жоқ. Тұрғындарға барлық жағдай жасалуда. Ет тұтас және бөлшектеліп сатылып жатыр, – дейді Нұра ауданындағы Тассуат ауылының әкімі Мадияр Аманжолов.

Шет ауданынан келген Рахат Амандықов есімді азамат жәрмеңкеге алғаш рет қатысуда. Биыл жүз шақты қой алып, шаруашылық ашыпты.

 – Он шақты қой әкелдім. Жәрмеңкеге бірінші рет қатысып отырмын. Әкелген малым түгел өтті. Бұйыртса, осылай жүріп жатса, жәрмеңке болған сайын келіп отырамын деген ойдамын, – дейді Рахат Амандықов.

Қалалықтардың ырзығын еселеген жәрмеңке жалғасады. 10 қараша күні Олимпийская көшесінің бойы тағы бір мәрте сауда алаңына айналмақ.

Нұрқанат ҚАНАФИН,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button