Бас тақырыпПрезидент

Қасым-Жомарт Тоқаев: адамдар полицияның біліксіздігіне шағымдануда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысына қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

«Полиция жұмысы бүкіл қоғамның жіті назарында. Сіздердің қызметтеріңіз ел азаматтарының мүдделеріне және оның қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Сондықтан, ІІМ жұмысы нақты, жүйелі түрде ұйымдастырылуы тиіс. Полиция ашық болуы керек. Ол үшін қоғаммен диалог қажет. Осы мақсатта біз Елбасы бастап берген құқық қорғау жүйесін реформалауды жалғастырамыз. Оның басты міндеті – қазақстандықтардың құқықтарын қорғауды мүлтіксіз қамтамасыз ету», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Елдегі криминогендік жағдайдың тұрақтылығын айта отырып, Қазақстан Президенті ішкі істер органдарының жұмысында күшейтуді талап ететін бағыттарды атап өтті. Олардың ішінде, полицияның қоғаммен тиімді өзара іс-қимылының жоқтығын, мал ұрлығын, ұялы телефондарды және автомобильдік қосалқы бөлшектерін ұрлауға жол бермеу жұмыстарының жеткіліксіздігін, есірткі бизнесіне қарсы әрекеттің әлсіздігін айрықша атап айтты. Бұдан басқа, Мемлекет басшысы көлік жолдарындағы өлім-жітімді азайту, жергілікті жерлерде құқық бұзушылықтардың алдын алу және біздің отандастарымызды дүлей зілзалалар мен төтенше жағдайлар салдарынан қорғау жөніндегі жұмысты күшейту қажеттілігіне назар аударды.

«Полицияға қойылатын негізгі талап – тиімді жұмыс, ал, тиімділікті бағалаудың басты өлшемі – халықтың сенімі. Адамдар полиция қызметкерлерінің өздері көлікті заңды өрескел бұзып немесе қолайсыз жүргізетініне шағымданады. Кейбір жағдайларда заң мен ережелерді өздері, әсіресе, жол үстінде бұзады. ІІМ жүргізіліп жатқан реформа аясында тәжірибелі және адал мамандарды сақтау, сондайақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрақты иммунитетке баса назар аудара отырып, жас, білікті қызметкерлерді қатаң іріктеу үшін жүйелі шаралар кешенін қарастыруы қажет», – деп тапсырды Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ, полицияның жекелеген бөлімшелерін шетелдік туристермен жұмыс істеуге мамандандыру бойынша қабылданып жатқан шараларды мақұлдады, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қолайлы инвестициялық ахуалдың маңызды құрамдас бөлігі екендігін айтты.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті өз өмірлерін қатерге тігіп, адамдарға көмек көрсететін полицияның қатардағы қызметкерлеріне алғыс айтып, мемлекеттің ІІМ қызметкерлері мен олардың отбасыларына елеулі қолдау көрсететініне сендірді.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың есебін тыңдаған Қасым-Жомарт Тоқаев, міндеттерді орындау бойынша жүйелі жұмыс жасауды, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін белсенді пайдалануды, ал, Үкіметке ІІМ-нің қызметін қажетті ресурстармен қамтамасыз етуді тапсырды.

Соңында Мемлекет басшысы алқа отырысында берілген тапсырмалардың орындалуы Президент Әкімшілігі мен Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының тұрақты бақылауында болатынын атап өтті.

Басқа материалдар

Back to top button