Нарманбет биліктері

Нарманбет ОРМАНБЕТҰЛЫ алашшыл ақын ретінде танылып, артында қалған мұралары көп жылдар бойы халық қолына тимеді. Ақын «көзден таса, көңілден ұмытыла» бастаған шақта 1989 жылы ақталды. Жалпы жұртшылық оны ақын ретінде ғана танып біледі. Өмірінің соңғы жылдары Қарқаралы уезінің сот ағасы міндетін атқарған. Бұл – оның патша үкіметінің заң-закүндерімен қабат ескі қазақы билік түрлерін, ел бүтіндігін сақтаудағы атақты билердің мағынасы терең, өнегелік мұраттарын, шешендік сөздерін толық меңгергендігінен деп топшылауға болады.

Тұрғанбек Ахметов құрастырған ақын мұрасының (1934 жылы жазылған) соңындағы «Нарманбет ақынның туысы мен өмірі» деген бөлімінде оның жаңа қыры – билік сөздері, ұлы дүбірге қосылғандағы тапқырлықтары сөз етіледі.

Аты әке жолдарының ел билеу ісіндегі өнегелері оның «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тауып», шеше алатын ұтқыр биліктері мен халықтық өлең-өрнектерінде кездесетін шешендік нақылдардың құдіретін ерте тануына ықпал жасайды. Соған орай, жас кезінен бастап-ақ көңілін, зейінін салып, ескі сөздерді талмай үйреніпті. Кейін сала ел тізгіні өзіне тиген кездерде бойындағы зор қабілет – ақындық пен көне мұра – билер сөзін өмірдегі күрес – биліктерінде үлкен құрал ретінде пайдаланатын. «Тобықтының шегір көз шешен сарысы» атанады. 22 болыс Қарқаралы елін аузына қаратқан ел ағасы, халық қамқоршысы дәрежесіне көтеріледі. Алашшыл болып қа- лыптасады.

Осы пікірді Шәкәрімнің «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі», «Орта жүз Арғын рулары» атты тұңғыш шежіре жинағына ащы сын айтқан Мәжһүр Жүсіптің төмендегі бағасы толықтыра түседі.

 «… Өз заманында айдай атын әлем білетін Нарманбетті жазбайды» – дейді. (Павлодар, ЭКО, Мәжһүр Жүсіп, 10-том, 188-189-беттер).

Ол Ұлы дүбір кеңесте белсеніп, жарыссөзге түскенде, өзін ылғи Қараменде бидің әулетімін деп шамасы келгенше оның жолын ұстанып, билігі мен тапқырлығын басшылыққа алады екен.

Найман Бердібек шешенмен, Шорманның Сәдуақасымен қағыстары, Шәкәрім Құдайбердіұлының сұрақтарына қайтарған жауаптары және Жалайыр еліне барып, екі рет құн дауына қатысқаны, 1905 жылы Ақбайдың Жақыбын өлім жазасынан құтқарудағы тапқырлығы және тағы басқалары дәлелденеді.

1905 жылы төңкерістің тұсында Ақбайдың Жақыбы «Патша жалаңбұт» деп елді көшеге алып шығып, ашық қарсылық жасағаны үшін тұтқындалып, Қарқаралы түрмесіне жабылады. Аты аталғанда елдің жылаған баласы қуанатын «ақ желке» ояз қарқаралылық 22 болысты шұғыл алдырып: «Ел осындай тентек, бұзақылардан бүлінеді, көзін жоғалту керек» деп Жақыпты ату жазасына ұсынған піргауір (приговор) беріңдер деп қатты қысымға алады. Ел басындағы азаматтарға Жақыпты «оққа байлап беру» оңай тимейді. Болыстар айла таппай, қиналады. Осы жиынға жері шалғай Нарманбет бір күн кешігіп жетеді. Болыстарды қыспаққа алған «ақ желке» оязға ақын: «Жақыпты біз жеті жасында орыс оқуына бердік. Ол орыс арасында өсті, орыс тәрбиесінде болды. Оның ісіне біз күймейміз. Қылмысына жауапкер бола алмаймыз. Заңдарыңыз көтерсе, асып айдайтын үкімет сіздердің қолдарыңызда» – деп оязды бет бақтырмай, ұйлығып отырған болыстарды құтқарып алады. Сөзден жеңілген ояз өз зорлығын қойып, заң жөнімен шешіп, Жақыпты жер аудартады (осы жөнінде Жақыпқа арнаған өлеңі де бар).

1906 жылы Семейде Мемлекеттік Думаға депутат сайлауға барғанда Шәкәрім: «Дүние немен тұрады? Партия неден басталды?» деген екі сұрауды жазып, Қарқаралы адамдарына жіберіп, шешуін сұрайды. Нарманбет ақынның шешуі: «Дүние үмітпен тұр, партияның неден басталғанын Әбіл, Қабылдан сұрасын» дейді.

Қарқаралыда Жақып пен Райымқұлды татуластырып, табыстырамыз деп жиналғандағы айтқаны дейді: «Даудың үш ұлы бар. Үлкені – лаң, ортаншысы – насыр, кенжесі – «шүңкіл қара». Дауға лаңға айналса – айтыс-тартыс, араздасқан қуғын-сүргін болады. Насырға шапса – шабыншылық болады, кісі өледі. Аяғы – зор қылмысқа айналып, тұтқын алу, жер алумен тынады. «Шүңкіл қарамен» дау ұлғаймай, отын түбінде, қи түбінде бітісіп кете береді» дегенде мәжілістегілер күлісіп, араздасушылар табысып тарайды.

1914 жылы Қоянды жәрмеңкесінде әроблыстан келген оқығандар мен басты адамдар Сәдуақас Шәлімбекұлыныкінде бірлік сөзінде бас қосады. Сол мәжілісте «Сәкең бастасын» деп, сөз бастауды Сәдуақас Шормановқа ұйғарады. Ол ескі билердің билік айтқандағы жобасын айтамын деп аузына сөз түсіре алмайды. Сәдуақас: «мен сөзден жаңылып қалған екенмін, Нарманбет сөй- лесін» депті. Сонда Нарманбет:

Ұлы ұлы билер бар,

Ұлы суға қонады.

 Ұлы бидің ақылы,

 Рулы елде болады.

Шұғыл-шұғыл билер бар,

Ұшқанақ суға қонады

Шұғыл бидің ақылы,

 Шағала құста болады, – деп төкпелеп барып, жиынды басқару тізгінін қолына алады (бұл әңгімені сол мәжілісте болғам деп Смахан Бөкейханов айтқан екен). 1915 жылы тағы да Қоянды жәрмең- кесінде Семей, Ақмола, Жетісу облыстарының оқығандары, басты адамдары тағы да бірлік етеміз деп, Хасен Ақбаевтың үйінде бас қосады. Бұл мәжілісте Керекуден – Сәдуақас Шорманов, Жетісудан – Тұрысбек Сұлтанұлы (Маман ұрпақтарының бірі), Қапалдан – Сәдуақас, Жайсаннан – Мәнтеп деген, Қарқаралыдан – Нарманбет, тағы бірнеше адам болады. Ақын ел орнығып отыра салысымен бірлік жөнінде бас қосылғанын ескертіп:

Жүйріктен шабыс шығады,

Сүйріктен қамыс шығады.

Бірліктен намыс шығады…

Көрмеген көлде – Естімеген құстың дауысы бар, – деп тақ- пақтай жөнеледі. Сөзді өзінен бұрын бастағанын көтере алмаған Сәдуақас: «Көрмеген көлде, естімеген құстың дауысы бар» деген, мына мақал біздің естімеген мақалымыз екен. Нарманбет, әлгі мақалыңды қайта айтшы» деп шалады. Нарманбет Сәдуақастың шалып айтқанына шамданыңқырап:

«Үлкен көлге мың жылқы түссе – жоқ болар,

Кішкене көлге он жылқы түссе – боқ болар» деген.

 Біздің жақта аспанына айдың түнеген,

 Кешу бермес көл де бар,

Айтқанға асу бермес бел де бар.

Жолбарыс жорытпас көл де бар.

Еһелескенде есесін бермес ел де бар.

Сайраған құстың үнін естимін десеңіз

Көлімізге келіңіз.

Асармын десеңіз,

Белімізге келіңіз, – деп тарпа бас салады. Сонымен, сол түні Сәдуақас сөз сөйлей алмай, аталы сөзді Нарманбет сөйлейді.

 Нарманбет ел арасындағы ердің құны сияқты күрделі дауларды «екі ауыз сөзбен» шешетін, «Жатық жорға – жан қоймас» шешеннің өзі болады. Бұл жөнінде бір-екі дерек мынау. Найман-Қаракерей рулары Қалдаудың (Нарманбеттің аталары) керуеншісін өлтіреді. Қалдау – Айтуған Нұрым деген адамның құнын алуға, бас болып ақын барады. Ол елдің басты адамы Балтабек деген кісі екен. Басында бітім бергісі келмей, құран ұстап ант береміз дегенде Нарманбет: Барымтадан қорықпас малсыз кісі,

Періштеден қорықпас жансыз кісі.

 Ақ-Тәңірінің аты екен,

Ақ іске ант береді арсыз кісі.

Барымтадан қорықпайды дейін десем – малың бар, періштеден қорықпайды дейін десем – жаның бар:

Балтабек, шын жауап бер, түлкі болмай,

Періштенің орнына шайтанның мүлкі болмай.

Арғын, Найман бас қосып бітпейді деп, Жапсардағы Үйсінге күлкі болмай, – деп көтермелеп, көпшіктеп, желдірмелетіп отырып, Балтабекті сөзден иліктіріп, құн алып қайтады.

Сол жолы қасындағы серілеу бір жол- дасы Балтабектің қызын оятпақшы болып, еңбектеп қыз төсегіне жақындайды, аспан ашық, ай жарық, үйдің түңілігі жабылмай қалса керек. Осының бәрін көріп ояу жатқан қыз – жігіт басын көтеріп, тақай бергенде: «Бұл айда еңбектесеңіз, ендігі айда қаз тұрарсыз» дейді. Жігіт сөз таба алмай орнына барып жатады. Ақын қайтып келе жатып, жігіттен түндегі жайды сұрайды. Ол шын- дығын айтып, «осыған сіз не дер едіңіз?» — дейді.

– Е, оған сөз табу оңай ғой. «Жігіт – мерген, қыз – киік емес пе? Мерген аңды еңбектеп атпай, түрегеп ата ма?» десең, қыз жеңілетін еді ғой, – депті.

Тағы бір әңгіме, Қапал уезіне қараған Сердалының қол астында, Андас деген елде жалда жүрген Қалдаудың бір жігітін шөп шабысып жүргенде, сол елдің бір адамымен екеуі ерегісіп, бәсекелесіп, бірінен-бірі озбақшы болады. Таласып келе жатқанда, әлгі жігіттің бір аяғын шалғы қиып кетіп, өледі. Соған бітім ала бас болып тағы Нарманбет бастаған адамдар барады. 14 болыс Жалайырдың атақты Тарақ деген шешені басында қара сөзге салып, бітімқұн бермеу жағына шығады. Ақын Тараққа: «Құнды қалай бермейсіз?» — дейді.

Сонда Тарақ «Тіленші қажының билігі» деп айтылатын билікті баяндайды. Ол әңгіме – Меккеге бара жатқан адамға түйе қуған кездесіп, қайырыс дейді. Ол қайырысамын деп, түйенің бір көзін шығарады. Иесі түйенің көзінің құнын даулаған соң жолаушы қашады. Бір жарлауыттан секіріп құлап, түбінде жатқан ауру шалды өлтірген. Шалдың баласы да қуады. Екеулеп оны ұстап алып, қазыға апарады.

Сонда Тіленші деген қазы түйе иесіне: «Қолыңа таяқ беремін, түйенің дәл сол көзін шығарасың. Басқа көзін шығарып алсаң – түйенің құнын төлейсің». Шалдың баласына: «Бұл адамды жардың астына жатқызамын. Сен жардан секіріп түсіп қол жұмсамай — өлтіруің керек. Өлтіре алмай мерттіктірсең, ол жазылғанша емдеп, бағу шығынын төлейсің» дегенде, екеуі де құн даулаудан тоқталған дейді.

Осыны мысал қылып, Тарақ шешен: «Шырағым, Наржан! Екеуі де бір байға жал- данған жалшы. Байдың егінін кім ормайды, шөбін кім шаппайды? Қатеден болған қаза ғой. Оған құнның жөні келе ме?» дегенде ақын: «Төрелігіңізге құлдық-ақ, Тәке! Сол шөп шапқан құныкер мен менің мына жігітімді шөп шапқызып көрелік. Біздің жігіттің шалғысы оның тірсегін қияр ма екен, қимас па екен? Біздікі – лақтырылған таяқ, секірген жар емес қой. Өз билігіңіз – өзіңізге. Құныкердің аяғын біздің жігіттің шалғысы кеспесе, ерім құнсыз болсын» дейді. Тарақ даудан тоқталып, еліне: «Мына сары қасқаның сөзінің түрі жаман екен, жөнімен бітімін беріңіздер», – дейді.

Бірақ, Тарақтың дегені болмай, Сердалының терісазу әкесі Құдайменде деген кісі көнбейді, қарсылық білдіреді. Андас елі құн бермей, бұлар бітімге келе алмай, қайтқалы отырған жолдастарына қарап, Нарманбеттің жорыта айтқаны дейді: «Балалар, неге мұңайып отырсыңдар? Атым арыды, суыққа тоңдым деп отырсыңдар ма? Ауылда жүр- генде бос қоян қуып арықтататын аттарың емес пе. «Патшалы жұрттың – аты жүйрік, барымташы елдің – аты жүйрік» деген. Не барымтамен алармыз, не заңмен алармыз. Неге мұңаясыңдар? Жылына жүзден қара қуып алатын қараша бала – біздің ауылдың баласы емес пе? «Жаман бала – әкесінің бағын құртады, жаман іні ағасының жағасын жыртады» деген, Меңдекеңнің жасын сұрап келсем, әкем Орманбетпен жасты екен. Қатарға қосылуға Сердалы, Саяқ сияқты жаны қадірлі кейінгі жастар да болады ғой, со- лармен сөйлесеміз» дейді. Илікпей отырған шалды бір жағынан Тарақ шешен, екінші жағынан ел жастары көндіріп, бітім беріп қайтарады.

Бітімге келгеннен кейін Төкең жайлы (Тарақ шешен) бір ауыз өлең айтыңызшы дегенде:

 «Қарияға бас екен көпті көрген,

Суаттан аң тосатын кәрі мерген.

Сөзінің бір жағы – жау, бір жағы – дау,

Қағылмен қара жорта жауап берген.

Тәкеңнің құмар едік дабысына,

Тұлпардай жерді жарған шабысына.

Кездесіп бір ғанибет бола қалды,

Бас изеп жолыққандай абысынға» – депті.

Сөйтіп, Нарманбет ақын өзі айтқандай:

Құлжа мойын, марал бас,

 Ешкім алдап ала алмас.

Бөкен қабақ, бүркіт көз,

 Өң бойының бәрі сөз,

Кежек сақал, кер табан,

Керек болса, кел маған, — деген ақындығына қоса орақ ауыз, от тілді дарынды би болған. Халық «Қалдау қасқыры – Орманбет, ақыл дариясы – Нарманбет, Жиренше шешені – Шалқар» деуі тегіннен тегін болмаса керек.

***

Нарманбеттің биліктері жайлы деректердің біразы жоғарыда аталған «Орманбетов Нарманбет» папкасы делінетін құжатты дерек көздерін қағазға түсіріп, қаптап кеткен Тұрғанбек Ахметовтың еңбектерінен алынды, тағы да басқа қосымша деректер қосылды.

***

Нарманбеттің дарынды би болғаны жайлы жоғарыда біраз деректер айтылды. Енді ақындық мұрасының зерттелу, жариялануы жайлы аз ғана деректер келтірмекпіз:

 Ақын ақталған соң (1989 ж.) «Алаш ардақтысы» ретінде танылды. Бұл – егемендігіміздің жемісі. Осы жылдары оның шығармашылық ерекшеліктеріне (ақындығы жайлы) ғылыми-танымдық және педа- гогикалық зерттеулер жүргізіле басталды. 1998 және 2004 жылдары ақынның шығармалар жинағы жарық көрді. Шығармалары мектеп бағдарламасына енді. 2009 жылы 29 қаңтарда Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті ғылыми кеңесінде жерлесіміз Азат Бабашев «Нарманбет Орманбетұлының әдеби мұрасы» деген тақырыпта филология ғылымдарының кандидаты атағын сәтті қорғап шықты.

2009 жылы 23 қазанда Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті ақынның туғанына 150 жыл толуына орай, «Нарманбет Орманбетұлы және азатшыл Алаш әдебиеті» тақырыбында тұңғыш рет тұлғаға арналған тәжірибелік конференция өткізді. Осы жиынның алқалық (пленарлық) мәжілісінде астаналық ғалым-жазушылар – Тұрсын Жұртбай, Сабыржан Шүкірұлы, Жантас Жақып, Ербол Тілешов, қарағандылық ғалымдар – Сағымбай Жұмағұлов, Жандос Смағұлов, Алма Әділова, Кәмшат Төлеубаева, Азат Бабашев, Айтбай Жұмағұлов баяндама жасады. Сессиялық мәжіліс төрт бөлім бойынша өтті. Атап айтқанда, «Нарманбет поэзиясы және ұлт азаттық идеясы», «Нарманбет шығармашылығы: дәстүр және жалғастық», «Нарманбет поэзиясының тілі» және «Алаш Арыстары мен зар заман ақындары шығармаларын оқыту жолдары». Бұған көптеген жоғары оқу орындары мен жалпы білім беретін мектеп мұғалімдері қатысты. Олардың негізгі мақсаты – шәкірттерге ақынның шығармашылық жолын оқыта отыртып, меңгерту болатын.

 Осындай ғылыми-тәжірибелік конференция 2010 жылдың 2 желтоқсанында ақынның туған жері Ақтоғай ауданында жалғасын тапты. «Тәуелсіздік және Нарманбет Орманбетұлының шығармашылығы» деген айдар телінген осы басқосу республикалық деңгейдегі мәжіліс ретінде бағаланды. Мұнда Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының сол кездегі бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай «Алыстан болжап, ақылмен толғап», М.Әуезов атындағы Әде- биет және өнер институты бөлімінің меңгерушісі, ғалым Серікқазы Қорабай «Нарманбет Орманбетұлы – Абайдың ақындық дәстүрін жалғастырушы», аталған институттың аға қызметкері, ғалым Нұрдәулет Ақыш «Нарманбет Орманбетұлы шығарма- шылығындағы азаттық идеясы», Қазақстан Ұлттық энциклопедиясының бас редакторы, ақын, ғалым Бауыржан Жақып «Ақын өмірінің белестері» және «Ақын шығармаларының кейінгі кездердегі зерттелуі жайы және өмірлік мұраттарының белгісіз беттері» атты баяндама жасады.

Аталған ғылыми басқосуға негізгі тілекші болған рухани қолдау көрсеткен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына, Қазақстан Жазушылар одағына, Қазақстан Ұлттық энциклопедиясының бас редакциясына және Қарағанды «Болашақ» университетінің басшылары мен ғылыми құрамына Ақтоғай ауданының жұртшылығы ризашылығын білдірді. Осы конференцияның материалдары да 272 беттік жинақ болып аудан кітапханалары мен мектептеріне таралды. Сол жылдардан бері «Болашақ» академиясының доценті Азат Бабашевтың бастамасымен аталған оқу орнында Нарманбеттану курсы жұмыс жасайды.

2011-2012 жылдары Қарағанды облыстық білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және даярлау институтының мақұлдауымен ақын шығармаларын тереңірек меңгерту мақсатымен қосымша арнайы курс есебінде сабақ беру бағдарламасы жасалып, Ақтоғай ауданы К.Бай- сейітова атындағы мектептің қолданысына енді. 2013 жылы Алматыдағы «Қазақпарат» баспасынан менің құрастыруыммен және алғы сөзіммен ақынның екі томдық акаде- миялық жинағы жарық көрді. Сондай-ақ, Қарағанды «Сарыарқа кітапханасы» сериясымен І томдығы көптеген кемшіліктермен жұлмаланып, баспадан шығарылды. Ақын жайлы әркездерде айтылған пікірлермен қоса, кейінгі жылдардағы ғалымдардың зерттеу еңбектерінің басын құраған ІІІ томы қаражат тапшылығынан жарық көрмей келеді. Бұл жинақ негізінен Нарманбеттануға арналған еді.

***

Сөзіміздің соңын Жеңіс Қашқыновтың «Нарақын» деген өлеңімен түйіндемекпіз.

«Сарыарқа сайран жерім-ай,

Салқын да самал белім-ай!»

 Нарманбет жырлап өкінген,

Еркіндік алған елім-ай!

Қайратты, қайсар батыл жан,

Шабытын шалқар шақырған.

Қиянат көрсе патшадан,

Күрсініп, ауыр аһ ұрған.

Ғибрат алған данадан,

Абайды ұстаз санаған.

Шешен де әділ би болған,

Атағы жұртқа тараған.

Заңғарға жайған қанатын,

Қырандай ұран салатын.

Елімде ақын көп шығар,

Нарманбет жүйрік, Нарақын.

Ойлары – жарқын таңғы аспан,

Жырлары – алтын алдаспан.

Болаттай шымыр, тот баспай,

Бүгінгі күнге жалғасқан.

Бойында толы арман көп,

Шындық шынға алған бет,

Нарманбет болып туды да

Атанып қалды Нарманбет.

РS. Өткен екі ғылыми конференцияның қабылдаған қарарында ақын жайлы алдағы кезеңдерде жүзеге асыруға тиісті бағалы шешімдер белгіленген еді. Олар – озат студенттерге ақын атындағы стипендия тағайындау, туған жеріндегі мектептер мен мәдени мекемелерде жыл сайын «Нарманбет оқуларын» ұйымдастыру және Қарағанды, Нұр-Сұлтан сияқты ірі қалалардан көше есімін беру ісіне талпыныстар жасау болатын. Жоқтаушылары кемшін болғандықтан, қағазға түскен осы сөздер сөз күйінде қалғаны – өкінішті жай. Бір кем дүние…

Аманкелді ТУҒАНБАЙ,

Нарманбеттанушы.