Жаңалықтар

Екі әлем, екі түрлі құндылық

Әлемде екі мыңға тарта тіл мен диалект бар екен. Ал, күллі адамзатқа ортақ тіл – сурет тілі. Иә, суреттер сөйлейді. Африкада, Азияда немесе Америкада түсірілген суретті түсіну үшін сол елдің тілін білу маңызды емес. Бастысы – көкірек көзің ояу болсын.

Қарағандыда Халықаралық адам құқығы күніне орай ұйымдастырылған «World Press Photo 2018» көрмесі өтіп жатыр. 1995 жылы Нидерланд ханзадасының қамқорлығымен ашылған қор әлемдегі фотожурналистердің ортақ алаңқайына айналып үлгерген. Биылғы көрмеге 125 елден 4,5 мың фотосуретші қатысып, 73 мың сурет жолдаған. Олардың ішіндегі ең үздік деген 150 сурет Қарағанды қаласына әкелінді.

Көрменің ашылу салтанатына Нидерланд Корольдігінің Қазақстандағы Елшісі Дирк Ян Коп, «Сорос-Қазақстан» қорының басқарма төрағасы Антон Артемьев және «Еркіндік қанаты» қорының өкілдері қатысты.

«World Press Photo» көрмесі Қазақстанда осымен үшінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Сөз бостандығы көз бостандығынан басталады. Біз суреттерді сөйлету арқылы экологиялық және адам құқықтары мәселелерін көтереміз. Өз басын қатерге тіге отырып, соғыс жағдайында жүрсе де кәсіби адалдық танытқан азаматтардың есімін ардақтаймыз, – дейді елші Дирк Ян Коп.

Көрмеге қойылған суреттерді тамашалау барысында түрлі ойға берілесіз. Адам баласының жауыздығынан денең түршігеді. Дәл көз алдыңда біреу өртеніп, көмек сұрап аласұрып жүгіріп барады немесе қолына қару ұстаған адам екінші бір жанды шімірікпей атып тастады. Ал, үшінші адам сол сәтті суретке түсіріп алу үшін барын салуда. Қазақ қоғамы мұндай дүниелерді қабылдай ала ма?

Осы орайда Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған ұлттық код ұғымына да тоқтала кеткенді жөн көрдік. Қазақтың ұлттық коды деген не? Ол ең әуелі қазақ елінің болмысы, дүниетанымы. Қараңызшы, көрмеге қойылған 73 мың суреттің ең үздік деп танылғандарының барлығы жауыздық пен қатыгездікті көрсетеді. Өзекті мәселе екені шындық. Десек те, қан мен өлім арқылы адамзатты мейірімділікке шақыра аламыз ба? Бәлкім, керісінше олардың бойын жамандыққа үйретіп жатқан шығармыз…

Фотокөрмеге жастар жағы көп келді. Елдің назары негізінен экологиялық тақырыптарға ауды. Саны күрт азайып кеткен мүйізтұмсықтыларға қорған болған белсенділердің әрекеті, пингвиндер үйірі. Бұл – біздің жастарға жақын тақырып. Ал, Еуропада өткен көрме барысында жұрт назары Венесуэладағы қақтығыс кезінде тірідей өртеніп кеткен Роналдо Шемидтің суретіне ауыпты. Ең үздік фотосурет ретінде соны таңдаған.

Екі әлем, екі түрлі құндылық…

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button