Ғабидулла Мұқышев: «Өміріңізді қатерге тікпеңіз!»

Темір жол да – тіршілік көзі. Өзге қатынас құралдарымен салыстырғанда, «отарбаңыз» қолжетімді, ауа райын талғамайды, қауіпсіздігі де алдыңғы орында. «Әттегені, сол темір жол бойында күнелткен халықтың өзі жол ережелерін сақтай бермейді»,– деп дабыл қағады мамандар. Салдарынан мал-мүліктің шығынымен қатар, адам өміріне де қауіп төніп жатады. Осы орайда, Жаңаарқа жол дистанциясының бастығы Ғабидулла Мұқышевпен жедел сұхбат құрдық. Өйткені, бұл – осы мезгілде ұшынып тұрған мәселенің бірі.

– Ғабидулла Оңғарбайұлы, бірден әңгіменің төтесіне көшейік. Темір жол мамандарының дабыл қағуына не себеп?

– Халыққа түсінікті болуы үшін жалпақ тілмен айтайын. Темір жол бойындағы қауіп тудыратын жағдайларды үш бағыт бойынша жіктеуге болады. Автокөліктердің темір жол рельстерін тиісті емес орындардан кесіп өтуі, жаяу жүргіншілердің арнайы бекітілген ережені сақтамауы және елдің төрт түлігін темір жол бойына тым жақын бағуы.

– Салдары қандай?

 – Темір жолдың аса қауіпті аймақ деп айтылуы бекер емес. Онымен жүйткіген пойыз жолындағысын көріп, дыбыс беріп, тежегішін басқанымен, тоқтап үлгеруі екіталай. Тоннатонна жүк тиелген вагондардың екпіні қатты болғандықтан жолындағысын жайпап өтеді.

Ауданға қарасты елді мекендер мен станцияларда сақтық шаралары сақталмай, жол апаттары орын алады. Мұндай фактілер, темір жол бойындағы қайғылы оқиғалар жеке тұлғалармен қатар, мемлекет қазынасына да шығын келтіреді. Көліктер мен жүктердің, темір жол құрылысының бүлінуіне әкеліп соғады.

 – Нақты дерек келтірсеңіз…

– Мысалға, 16 қазанға қараған түні «Алматы-Жезқазған» бағытындағы №374 жолаушылар пойызын локомотив машинисі шұғыл тоқтатуға мәжбүр болды. Соның өзінде, пойыз жол бойын кесіп өтпек болған үш жылқыны басып өткен. Машинист бірден тиісті мамандарға, дистанция басшылығына хабар берді. Сәйкесінше, олар бірден оқиға орнына жетті.

Оқиға зерттеліп, төрт түліктің қожайыны анықталды. Жомарт станциясының тұрғыны екен. «Темір жол бойында малды бағу ережелерімен», «Темір жол арқылы малды айдап өту ережелерімен» жыл сайын танысып жүрген азаматша. Енді, ол локомотивке келтірілген материалдық шығын мен пойыздардың жүру кестесін бұзғаны үшін заң алдында жауап береді.

– Осы тұста халықты құлақтандыру шараларының барысына тоқталсаңыз…

– Иә, дистанция жұмыскерлері темір жол бойына жақын орналасқан елді мекендердің халқын жоғарыда айтылған ережелермен жүйелі түрде таныстырады, парақшалар таратады. Жыл басынан бері 2215 адамға ережелерді таныстыру жұмыстары жүргізілген.

Апаттардың алдын алу-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге атсалысуы үшін қалалық, кенттік әкімдіктерге хат жолдадық. Станцияларда 47 жиын өткізілді. Облыстық, аудандық газеттер арқылы да халыққа темір жол бойындағы ережелерді сақтау туралы хабарландырулар берілді.

– Сіздердің мекеме тарапынан тағы қандай жұмыстар қолға алынған?

 – Халыққа сапалы қызмет көрсету сияқты, қауіпсіздік шараларын нығайту да үнемі басты назарда.

Үстіміздегі жылы дистанцияға қарасты жол бойының 8 шақырымына төрт түлікті өткізбейтін қоршау орнату жоспарланған. Қазіргі күні темір жолдың «Жомарт-Манадыр» учаскесінің бойына қоршаулар орнатылуда. 3521 шұңқыр қазылып, 1123 қазық қағылды. «Жеңіс-Қызылжар» учаскесінде 1098 шұңқыр қазылып, 266 қазық қағылды. Сондай-ақ, дистанция бойынша төрт түліктің темір жол бойына шығып кетпеуін қадағалау жұмыстары жүргізілуде.

 – Жоғарыда төрт түліктің темір жол бойында жиі жайылатынын айттыңыз. Шаруалар, ауыл халқы қандай қарапайым қағиданы ұстануы тиіс?

– Өрісі темір жол бойына жақын орналасқан шаруалар бар. Кейбіреуінің төрт түлігі қысы-жазы бағусыз. Міне, осы кемшіліктің алдын алу керек. Бақташы алдындағы малды темір жол табанынан кем дегенде 2000 метр қашықтықта жаюы тиіс. Ал, байлаулы түлікті кемі 300 метр қашықтықта ұстауы қажет.

Бұған қоса, жүріп келе жатқан пойызды көрсеңіз, оған жол беріңіз. Автокөлікпен де темір жолдың механикалық құрылыммен жабдықталған өткелдері арқылы ғана өтіңіз.

– Оқырманға айтарыңыз…

– Облыстағы ата басылым – «Орталық Қазақстанның» оқырманы жақсы білер, «сақтықта – қорлық жоқ» дейді дана халқымыз. Өміріңізді қатерге тікпеңіз! Қауіпсіздік ережелері туралы білгеніңізді өзгелермен бөлісіңіз. Әсіресе, жас буынға үнемі ескертіңіз.

Темір жол бойындағы ережелерді сақтамасаңыз, орны толмас өкінішке әкеліп соғуы ықтимал…

Жолдарыңыз болсын!

Сұхбаттасқан Қуаныш АМАНҚҰЛОВ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.