Тұлға

«Бұл – аударма ғана емес, ерлік!»

Қазақ тілінің сөз байлығын Абай мен Ахметтен асып игерген, оның әрі мен нәрін ашқан, керегіне жарата білген, бар қасиетін терең ұғына пайдаланған қаламгер бар ма деген сауалға бірден жауап таба қою – оңайға соқпайды. Өйткені, қазақ тілінің сөздік қорында қанша сөз барын анықтап берген жан жоқ. Күні кеше жұртшылық қолына тиген қазақ әдеби тілінің 15 томдық сөздігінде әзірге 150 мыңнан астам атау сөз бен сөз тіркесі ғана қамтылғаны айтылады. Ал кейбір ғалымдардың (Ә.Қайдар) есеп жобасына қарағанда қазақ тілінің сөз байлығы мұнымен шектелмейді. Ол әлденеше жүз мыңдық санды мөлшерлейді. Бұған қарағанда тіліміз әлі де түбегейлі зерттеле қоймағанын, оның түп негізі әлденеше мыңжылдықтар тереңіне жол нұсқайтынын байқатады. Ендеше, біз әзірге теңіз бетінде ғана қалқып жүргендейміз. Көзге көрініп тұрған осы байлықтың өзін игеру оңайға түсіп жатқан жоқ.

Түпсіз байлықты түгел игеру әлі ешкімнің қолынан келген емес. Тіпті, осы заманның есептегіш тәсіліне салып қарағанда, мамандар ұлы Абай қолданған сөз байлығы небәрі 7-8 мыңнан аспайды екен дегенді айтады. Ал, Абай туралы отыз жылдай толғанып төрт кітап жазған ұлы сөз шебері Мұхтар Әуезов қолданған сөздің саны небәрі 17 мыңның маңайы екен. Бұл нені көрсетеді? Бұл қазір қолданыста бар сөздердің өзін (150 мың) түбегейлі іске жарата алмай отырмыз дегенді көрсетеді. Ал, әлгі қолданған сөздердің санына қарап, Абай мен Әуезовтың тілі кедей екен деп айтуға кімнің аузы барып айта алады.

Әңгіме сөз байлығын қалай іске жарата білуде. Ақылман Абай сол жеті-сегіз мың қазақ сөзін еркін ойната білудің өзімен-ақ көбіміздің өреміз жетпес ой биігіне көтерілді. Сол Абай көтерілген биікке кімді көтерілді деп айта аласыз, қазір. Тіпті қазақ тілінің мұхитында еркін құлаш сермеген М.Әуезовті, немесе әрбір сөзді маржандай тізіп, жауһардай қырлаған Ғабит Мүсіреповтің өзін де қазақ сөзінің құнарынан қанып ішті деп айту қиын. Дегенмен, құдайға шүкір ізденіс, ұмтылыс еш тоқтаған емес. Ізденген сайын әрбір қаламгердің қалам табының ерекшелігі байқалып отырады. Тіл мұхитының түпсіздігі, шалқарлығы ізденген сайын түрлене түседі.

Бүгінгі әңгіме тіліміздің өзгеріс, өріс тізгінін білгірлікпен ұстап, ұрпағына өлшеусіз зор мұра қалдырған тұлғалар туралы. Бүгін солардың арасынан тіл ұстарту жағынан бір-біріне қатты ұқсайтын екі зергерді ерекше атау қажеттігі туындап отыр. Олар – А.Байтұрсынұлы мен І.Жарылғапов. Бір қарағанда, бұл екеуін қатар әңгімелеудің қисыны жоқтау сияқты. Алайда, қазақ мәдениетіне қосқан үлесін саралай келгенде бұлардың рухани үндестігі мен тілғұмырлық бірегей қасиетіне таңданбай тұра алмайсыз. Бірі он тоғызыншы ғасырдың аяғында дүниеге келіп, жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жартысында дүниеден өткен, ал, екіншісі – сол жиырмасыншы ғасырдың түлегі. Соған қарап екеуін де бір ғасырдың өрені деуге болар. Әйтсе де, екеуі екі ғасырдың жүгін арқалағандай іс тындырған.

Салыстыруға келе қоймайтын бұл екі тұлғаны бұлайша теңдестіріп отыруда мынадай сыр бар еді. Бірі ертелеу, бірі кейіндеу қазақ тілінің тұнығынан қанып ішіп, ана тілімізге қалтқысыз қызмет етудің асқан үлгісін көрсеткен ерен тілғұмырлар, бұлар. Қараңыз, Ахаң көсіліп жатқан кең дүниеде көшпелі жайбарақат өмір кешіп жатқан қазағының көзін ашып, көңілін ояту үшін оның өмірдегі басты құралы – ана тілінің қадір-қасиетін ұқтырып, оның күнделікті ауызекі сөйлеу құралы ғана емес, сонымен бірге оқу, білім, ғылым, өнердің де қуатты қаруы екенін дәлелдеді. Қазақ тіршілігінде бұрын соңды сирек кездесетін, тіпті, болмаған «Тіл-құрал» оқулықтарын түзіп, қараңғы қазағын сауаттылыққа қарай жетеледі. Ол үшін қазақ тілінің ғылыми өрісі мен өресін айқындайтын сан алуан атау сөздер қатарын түзді. Сол арқылы қазақ тілі мен әдебиетінің, тарихы мен өнерінің жалпы мәдениетіміздің тынысын кеңейтті. Дамудың даңғыл жолын ашты.

Міне, Ахаңды біз осынысы үшін де қазақ мәдениетінің Хантәңіріндей бағалаймыз. Оның ақындығы, аудармашылығы, тілғұмырлығы және музыка әлемінің талғампазы ретінде асқан білімдарлығына бас иеміз.

Осы аталған ерекше қасиеттердің көбі Іслам Жарылғаповтың да болмыс-бітіміне тікелей қатысы бар екеніне, оның тындырған дүниелерімен түбегейлі таныса келе көзіміз жеткендей болды. Ол – жазушы, шебер аудармашы, ақын, ғалым, білімпаз, терминтанушы, тағысын тағы.

Қазақ терминологиясы дейтін ілім саласында дәл Ахмет Байтұрсынұлындай айрықша орны бар білімпаз деп Іслам Жарылғаповты айта аламыз. Өйткені, оның басқа еңбектерін былай қоя тұрып, кезінде жұртшылық сұранысын қамтамасыз етіп, қолданыс әлемінде орын-орнына тұра қалған аялдама, анықтама, жағажай, балмұздақ, күнделік, көрермен, оқырман, тыңдарман, саяжай, ғарыш, зымыран, тыңжерші, баспагер, ғарышкер, қаламгер, өркениет, қаламақы, зейнетақы, жазылым, жазылыс, мемлекет, жержаһан (континент), үлгерім тәрізді толып жатқан термин сөздердің дүниеге келуіне себепші І.Жарылғапов сияқты қаламгер екенін ұмыта да бастадық… Тіпті, ескеріп, елеп те жатпайтын жағдайға жеттік. Тағдыр сыйлаған, бабалар баптаған ұлы тіліміздің баяғы табиғи байлығындай сіңісіп, кірігіп қатар түзеп тұра қалған бұл терминдік аталымдар ана тілін қадір тұтатын кез келген сауатты жанның аузында, қаламының ұшында.

Әдетте сөзжасам мәселесімен шұғылданған жандардың табан астында сөз туындатып жататын қабілетіне таңданамыз. Бұл шеберлік, білгірлік, сауаттылық. Осындай қабілетінің арқасында І.Жарылғапов қазақ тілінің сөздік қорына жүздеген жаңа қолданыс енгізген екен. Оның қаламынан туған мына бір өлең жолдарына қарағанда ол сөз ойнату өнерімен өмір бойы шұғылданғанын көреміз. Және нәтижелі еңбек еткен. Қараңыз: «Көп тілден түйіп ой-сезім, Төл тілдің аршып көл-көзін, Төлдетіп ана тілімді, Бес мың сөз қостым мен өзім» деуіне қарағанда, І.Жарылғапов қалдырған мұраны біз әлі игере қоймаған сияқтымыз. Әрине олардың бәрі бірдей сөзжасам принциптеріне сай қатар түзей қоймаған шығар. Алайда ол ана тіліміздің ішкі әлеміне тереңдеп, оның өріс ашар мүмкіндігін үнемі қадағалаумен болған. Содан да оның сөз мәнін дөп танитын түйсік-түсінігіне тәнті болып отырамыз.

Ісләм Жарылғаповтың термин туындату еңбегімен түбегейлі таныса келе, оның бұл шығармашылық салада ұстанған тірегі Ахмет Байтұрсынұлы болғанын аңғарамыз. Қазақ тілінің сөздік қорын дамытуда ол әуелі әлемдік тәжірибеге Ахаңша сүйене отырып, ана тілінің өзіндік ерекшеліктерін сақтауда мына төмендегідей бағыт-бағдар ұстанады. Қараңыз:

Біріншіден, ана тілінің сөз қорын сарқа пайдалану, тірі сөзді өлтірмеу, өлімші сөзді тірілту;

Екіншіден, ұлттың өзіне ғана тән сөйлеу үлгілерін бұзбау, өсіру, өркендету;

Үшіншіден, басқа тілдің ойлау, сөйлеу үлгілерін ана тілінің заңына, ойына бағындырып үйрену;

Төртіншіден, қажет болған жерлерде ұлттық тілдің үлгісімен жаңа сөздер (неологизмдер) жасап ала білу;

Бесіншіден, өз тіліңнің мүмкіндігі болмағанда ғана басқа тілдерден қажет сөздерді алу;

Алтыншыдан, басқа тілдерден келген сөздерді ана тілінің салт-санасына, үлгісіне, рухына бағындырып алу, қажетінше жымдастыру керек. Жат сөзге ұқсамай, төл сөзге ұқсату;

Жетіншіден, қажетсіз, орынсыз алынған шетел сөздерінен ана тілін тазарту керек. «Тіл интервенциясына» жол бермеу керек.

І.Жарылғапов қалдырған, жаңадан туындатқан термин сөздердің бәрі дерлік осы үлгімен жасалған. Ол бұл үлгіні қайдан алды, кімге, неге сүйенді? Жоғарыда аңдатқанымыздай, ол әуелі әлемдік тәжірибеге сүйенді, жан-жақты ізденді, ана тілінің болмыс-бітімін түбегейлі тексерді. Қазақ ғұламалары мен жазушыларының еңбектерін шарлады. Бір таңқаларлығы Ахаңды (Ахмет Байтұрсынұлы) оқу, білу түгіл, есімін ауызға ала алмайтын кезеңнің өзінде Ісләм оның бүкіл еңбегін түбегейлі зерттегені байқалады. Жоғарыдағы айтылған үлгілер түгелімен Байтұрсынұлының ұстанымдары. Жарылғапов терминдері деп аталып жүрген атау сөздердің бәрі дерлік осы негізде жасалған.

Жалпы жаңа сөз жасау деген ұғым, негізінде, шартты нәрсе. Тірек етер негіз бар жерде ғана жаңа сөздер қатарын түзуге болады. Ахаң да, Ісләм да осыны қатты ұстанған. Яғни, жаңа сөз, жаңа қолданыс тілде бұрыннан бар түпнегізге сүйенеді.

Ісләм аға қазақ тілінің сөзжасам заңдылығын терең білген. Ахаңа көп сүйенген. Жаңа жасалған термин сөздердің қайсыбірін саралап көрелік. Мысалы, қазақ тілінде зейнет деген сөз бар, тіпті «Бейнет, бейнет түбі – зейнет» деп жатамыз. Сондай-ақ, біреудің ақысын жеуге болмайды деген ұғымды әйгілеп тұрған «ақы» сөзін алыңыз. Міне осы «зейнет» пен «ақы» сөзін біріктіру арқылы «зейнетақы» деген керемет термин сөз жасалды. «Қаламақы» да дәл осы принциппен жасалған. Саябақ, түсқағаз, орынтақ, жағажай, қырыққабат, қолөнер, еңлікгүл, баспана, сарышұнақ, төраға тәрізді аталымдар да осы принциппен түзілген. Сөздерді біріктіру арқылы жаңа сөз жасау Ахаң көрсеткен тәсіл.

Сонымен бірге Ахаң қазақ тіліндегі сөзжасау дағдысында жалғау жұрнақтың атқарар рөлі айрықша екенін түйсініп, осы негізде де талай сөз туындатқан. Осыны Ісләм да дамыта түскен, әдемі жалғастырған. Баспа+гер, дерек+теуіш, қаза+нама, жазыл+ым, ұйғар+ым, келіс+ім, тыңдар+ман, оқыр+ман, туын+ды, жүгін+гі, ғарыш+кер, дәріс+хана, сарап+шы, күнде+лік, мәлімде+ме, мазмұнда+ма, басқар+ма, анықта+ма, қайрат+кер, шебер+хана… тәрізді сөз үйірлері біздің қазіргі сөз байлығымызға қосылған асқан үлгілер.

Сондай-ақ, ол қазақ тілінің басқа да мүмкіндіктерін барынша пайдалануға тырысқан. Тіпті, байырғы қарабайыр қазақ сөзінің терминдік мән тілеп тұрған табиғатын дөп басып қолданысқа салып отырады. Сөздерді біріне бірін жаңаша тіркестіру арқылы да жасалған термин сөздердің қатары да жетерлік. І.Жарылғаповтың аударма ісімен түбегейлі айналысуы қазақ тілінің қадір-қасиетін, қуатын терең сезінуге жетелеген. Ана тілінің әлі іске жаратылмай жатқан түпсіз байлығының көзін аша түсуге итермелеген. Аударма арқылы туған тілден балама іздеуде, тіпті калькалау тәсілінен де ол ешқандай қиналмайды. Еркін көсіледі. Ешқандай балама таппай қиналған тұстың өзінде ол түпнұсқа терминдерін қазақыландырудың түрлі жолын табуға тырысып отырады.

Міне, сондықтан да ісләмтану ілімінің әлі талай жаңалықтарға жол ашары даусыз. Ол жасаған сөз үйірлерін зерделей келе, біз тіліміздің мүмкіндігінің қаншалықты екеніне қанығамыз. Ана тіліміздің, ғылымның сан саласында қызмет етерлік қабілет-қарымы ұшан-теңіз екенін дәлелдеуде Ісләмнің алдына түсер ағайын көп емес.

Осындай ізденістерге риза болған суреткер Ғабит Мүсіреповтың мына сөздеріне қайта бір жүгінген артық болмас деп білеміз: «Тіліміздің қорында бар сөздерге жаңа мағына беру жолындағы табыстарымызға мен Ісләм Жарылғаповтың көрермен, оқырман, аялдама деп қосқандарын орынды да орнықты көремін. Мен бұдан жеті-сегіз жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінде «Асқындырып алмайық, достар!» деген мақаламды жариялап едім, ол мақаламда жоғары – төменнен, аға жазушылар мен жас жазушылардан ана тіліне жасалып жүрген жәбірлер жайында болатын. Егер ана тіліміз үлкен талаптарды көтере алмайтын, өспеген олақ тіл болса, бұл мақаланы жазбаған болар едім. Жоқ, бұл – бай тіл! Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады!» Ал, «балмұздақ» сөзін алғаш естігенде, маңғаз да сабырлы Ғабең сүйсінісін жасыра алмай, «бұл аударма ғана емес, ерлік!» деп таңданған екен.

Шебер аудармашы Ісләм Жарылғапов терминжасам тәжірибесімен шұғылданумен бірге, осы игі істі ұйымдастыру шаруасының да басы-қасында болған. Бұл тұста ол профессор Құдайберген Жұбановтың ізбасарларының бірі сияқты көрінеді. Қазақ топырағында қазақ терминологиясының ғылыми мәселелерімен тұңғыш айналысқан Құдекең болатын. Ол 1933 жылы алғаш ұйымдастырған терминологиялық комиссияның тұңғыш төрағасы еді. Ал 1937 жылдан былай қарай жұмысын тоқтатқан осы комиссия ісіне Ісләм 50-жылдардан бастап араласады. Оның ережесін жасап, жұмыстың нәтижелі жүргізілуіне қолқабысын тигізеді.

Өткен ғасырдың 30-жылдарының аяғы 40-жылдардың алғашқы жартысында бүкіл кеңес елімен бірге қазақ халқының да қандай қасірет шеккені тарихтан белгілі. «Байтал түгілі бас қайғы» болған сол бір кезеңде тоқтап қалған бұл шаруаның басы-қасында, ескі араб жазуы негізіндегі білімі мен жаңа дәуір ілімін де жеткілікті игерген Ісләм Жарылғапов сынды білікті азаматтың болуы қазақ терминологиясының дұрыс бағытта қалыптасуына игі әсерін тигізбей қойған жоқ. І.Жарылғапов термин шаруашылығында барлық ғылым саласы мамандарымен бірге жазушының да, аудармашының да, жорналшының да, тіл мамандарының да бірлесе тірлік ету керек екендігін бүкіл жан дүниесімен түсінді. Өмір бойы осы бағытынан таймады. Ең бастысы, жасалған терминдердің ана тілінің ішкі заңдылықтарына сәйкес болуын қадағалады. Осыны ұстана отырып, термин жасау ісінде, ең алдымен, Ахмет Байтұрсынұлының ана тілі қазынасын сарқа пайдалану принципіне берік болды. Сондықтан да Ісләм Жарылғапов терминдері байырғы қазынамыздай қабылданып, мәдени өмірімізге қызмет етіп келеді.

Бүкіл Түркі жұртшылығының бүгінгідей түпнегізге бет бұра бастаған жаңа кезеңде Ісләм Жарылғапов тәрізді тіл зергерлерінің жанкешті тәжірибелерінің жолнұсқалық маңызын зор деп білеміз. Неге десеңіз, кешегі бір ғасырлық әре-тәрелік түркі халықтарының туыстық тұтастығына өлшеусіз нұқсан келтіргені мәлім. Жаңа заман мүмкіндік тудырып тұрған қазіргі кезде сол мүмкіндікті толық пайдалану бәрімізге парыз болуға тиіс.

Тәуелсіздікке ие болған Әзірбайжан, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан сияқты бес мемлекеттің алғашқы және басқа да ес жинаған туыс ағайындар іс-әрекеттерінде осындай нышан байқалғанымен әлі жүйелі жұмыс жасала қойған жоқ. Рас, Түркия республикасы өзінің бауырлас елдерінің егемендік алғанына бірден қолдау көрсеткені белгілі. Бірегей ел, біртұтас ұлт, ортақ тіл тәрізді пиғыл-пікірлердің де оқтын-оқтын шығып қалатыны бар.

Біздің ойымызша қазір тарихи әділетсіз шаралар барысында бір-бірінен алшақтаңқырап кеткен туыс халықтар тілдеріндегі ортақ түбір сөз, ортақ түбір тұлғалар негізінде ортақ терминдік атауларды қалыптастыра бастау қажет деп білеміз. Салғастыра, саралай қарасақ, бұған толық негіз бар. Тіпті түркі тілдеріндегі ғасырлар бойы сақталып келген өлі түбірлердің сырына үңіліп, олардың әр тілдегі санын шамалауға әрекеттенген әйгілі профессор Ә.Қайдардың зерделеуі де бізді осындай ойға жетелейді.

Мұндай ойға, әрине, әзірге үрке қарайтындар бар. Өйткені, біз әлі әр ұлттың тілдік қорында не бар, не жоқ екенін анық айқындап біткеніміз жоқ. Әуелі әрбір туыс тілде жасалып жатқан терминологиялық сөздіктерді өзара салыстырып, ізденіс жұмысымен айналысу керек. Содан ортақ түбір, ортақ атау, ортақ ұғымдарды саралау жұмысы туындайды. Ал мұндай істі ортақ зерттеу бағдарламалары арқылы бірлесе отырып жүргізуге болады. Солай ету керек те. Біздің мына бүгінгі Ісләм Жарылғаповтың 100 жылдығына орай өткізіліп отырған басқосуымыз осындай игі істің бастамасы болғай деп тілеймін, себебі, І.Жарылғапов тәрізді сөз шеберлерінің тәжірибесі осынау ниетімізге от береді, жылдар бойы басылып келген рухымызды көтереді, еңсе тіктетеді.

Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ,

А.Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институтының

бас ғылыми қызметкері.

ҰҒА-ның академигі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button