Бас тақырыпЖаңалықтар

Орта Азияда баламасы жоқ журнал

Адамзат азықтан бұрын ақпаратты көп тұтынатын дәуірге қадам басты. Бұрын жаңалықты газет-журнал, теледидар мен радио ұсынатын еді. Қазір ше? Ұйқыдан тұрған сәтте ең алдымен смартфонын іздейтін жастар көбейді. Жастар дейміз-ау, бүгінде еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін телефон ұстайды емес пе?! Енді, қайтпек керек? Газет-журналды заманға сай бейімдеудің жолы қане?

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың туған күні қарсаңында Елордамызда Орта Азияда баламасы жоқ «Ulys» журналының тұсауы кесілді. Журнал «Digital» форматында жасалған. Қолына iOS немесе android жүйесі бар телефон ұстаған кез келген адам қалаған уақытында журналды жүктеп, оқи беруіне болады. Оқып қана қоймай, мақаланың видеосын көріп, аудиосын тыңдай алады. Керемет емес пе, иә?!

Жобаның авторы әрі бас редакторы – жерлесіміз Ержан Қалымбай есімді азамат. Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мирас Құттыбай мен Arda.kz интеллектуалды жобалар орталығының жетекшісі Гауһар Абушахманқызының мұрындық болуымен жоба авторлары Қарағанды жастарымен кездесіп, журналдың құрылымы мен мазмұнын түсіндірді.

Ұлыс – көне түркі тілінде империя деген ұғымды білдіреді. Біз ұлы империяның мұрагеріміз. Бұл сөздің тағы бір мағынасы «Ұлы іс» дегенді де білдіреді. Журналға дәл осы атты таңдаған себебіміз де осында жатыр. Қазақ халқы сапалы дүниені оқып, тұтынуға құқылы. Сондықтан, медиа саласындағы соңғы жаңалықтарды пайдалана отырып, осы жобаны бастадық, – дейді журналдың бас редакторы Ержан Қалымбай.

Шығармашылық ұжымның айтуынша, басылымның мұқабасына білімі мен еңбегін елдің өркендеуіне арнаған, сөйте тұра, көзге көп түсе бермейтін азаматтар жарияланады. Ондағы мақсат – ақылды жастардың танымалдылығын арттыру және сәнге айналдыру.

Алдағы уақытта «Ulys» журналы қазаққа ғана емес түбі бір түркі жұртына ортақ басылымға айналмақ. Қазірдің өзінде бауырлас қырғыз, өзбек, әзірбайжан ағайындар қызығушылық танытуда. Мәселен, журналдың алғашқы нөмірінде қырғыз авторының «Қазіргі қырғыз жастары нені қызықтайды?» деген мақаласы, ал, келесі санында әзірбайжан тіліндегі мақала шығарылыпты. Бұл бауырлас елдер арасындағы рухани байланысты нығайтып, бірлігімізді арттыруға септігін тигізері анық.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button