Жаңалықтар

Жарастық – басты жетістік

Тәуелсіз Қазақстанның басты байлығы – бейбітшілік пен рухани келісім екенін Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ үнемі қайталап келеді. Күні кеше ғана Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VІ съезі – соның айқын бір дәлеліндей. Әлем назары Астанаға ауды сол күндері. Рухани келісім күніне орай Қарағандыда да діни татуластық жөнінде тамаша кездесуді облыстық дін істері басқармасы Н.Гоголь атындағы әмбебап ғылыми кітапханада өткізді. «Қазақстан – өркениеттер арасындағы диалог мекені» тақырыбында.

Өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік құндылықтарын және барлық діни мәдениеттер мен конфессияларға құрметпен қарауын қалыптастыру мақсатында қала колледждерінің студенттерімен ашық әңгімедүкенде діни тұтастықпен қатар, Мемлекет басшысының осы жолғы Жолдауындағы өзекті мәселелер де кеңінен қаузалды. Облыстық конфессияаралық қатынастарының проблемаларын зерттеу және талдау орталығының директоры Жанболат Сектай модератор ретінде студенттерге дінаралық және конфессияаралық диалогтың маңыздылығын дәлелдейтін Әлемдік және дәстүрлі діндердің VI съезі туралы әңгімеледі.

Студенттер Қарағанды облысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Рухани қазына» шағын бағдарламасының бас менеджері Бақытқали Мұсабековтің татымды пікіріне құлақ түрді.

«Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары татулық пен жарастықтың бесігіне айналған осындай тамаша мемлекет құратынымызға көп ел шүбәлі болды. Осылай әлемге танымал боламыз, бізбен басқа елдер санасып, кеңеседі деген ұғым қалыптастыру – Елбасының еңбегі. Сол кезде ол кісі айтты, «біз бірінші экономиканы шешіп алайық, сонда ғана әлеуметтік мәселелерді шешеміз». Бүгінде сол мақсатқа қол жеткіздік. Одан кейін «біз бәсекеге қабілетті ұлт болуымыз керек» деді. Ол үшін үш тілділік бағдарламасын жүзеге асыруға тиіспіз. Екіншіден, компьютердің құлағында ойнап, цифрлы Қазақстанды дүниеге әкелу. Үшінші, дінаралық қарым-қатынасты жақсарту. Осындағы ел тату-тәтті, жарастықпен өмір сүру үшін. Бейбітшілікті берік ұстау мақсаты қойылды. Егер, дінаралық, ұлтаралық достықты сақтамасақ, келісімді қамтамасыз етпесек, біздің барлық тілектеріміз далаға кетеді. Мұны Елбасы әу баста алға шығарып, мемлекеттік меже ретінде белгілеп отыр. Мың өліп, мың тірілген қазақтың басындағы бостандықты баянды етудің бір жолы – осы».

Сонымен бірге, іс-шара барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің мүшесі Мария Фатеева және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, философия кафедрасының аға оқытушысы, дінтану магистрі Толғанай Мұстафина да бүгінгі күннің толғақты мәселелерін пікірлеріне арқау ете білді.

«Еліміздегі әртүрлі этностар, конфессия өкілдерінің бір мемлекетте бірліктің туын көтеріп, бір халық болып өмір сүруіміз – рухани келісім аясында бірге әрекет етіп жатқанымыздың көрсеткіші. Бұл бір жағы, діндер бірбірімен сұхбаттаса ала ма, өзара қарым-қатынасқа түсуі мүмкін бе деген сұраққа жауап. «Діндер бір-бірімен қалай сұхбаттасады? Жаратушыға сену жолы қалай әртүрлі діндегі адамдарды жақындастыра алады?» деген сұрақ туып жатады. Осындай көзқарас, осындай мәселе туындаған кезде түрлі пікір өрбиді. Діндер сұхбаттаса алмайды деген сияқты. Діндер сұхбаттастығы жүзеге асады! Қашан? Жеке адамдар арасында сұхбат жүзеге асқан кезде. Өйткені, адамзат бір-бірімен қарым-қатынассыз өмір сүре алмайды.

Біз ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз. Мұнда бірнеше этнос өкілдері, 18 конфессия өкілі қызмет жасайды. Ал, Қазақстанның ішінде Қарағандыға келетін болса, көптеген этностар мен конфессия өкілдерін көріп, көз-құлағымыз үйренгелі қашан? Біз осындай ортада тудық және қалыптасып кеттік. Біздің жеріміз шынымен қаншама этнос өкілдерінің Отанына айналып үлгерді.

Кейде Қазақстанда тек қазақ ұлты деген қате пікірлер айтылып қалады аракідік. Ойлану керек қой! Қазақстан жері қаншама ұлт өкілдерінің Отаны болып қалыптасты. Осы топырақта туды, мәдениеті мен рухын сіңіріп жатыр оларда. Егер оларға қиянат жасап, үстемдік танытсақ, олардың жеке азаматтық құқықтарымен санаспайтын болсақ, онда біздің кім болғанымыз? Қандай адамгершілік, қандай рухани келісім қалады елде?

Мәселен, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі осымен VІ мәрте өтіп отыр. Ең бірінші рет 2003 жылы өткен. Егер бұл сьездің қажеттілігі болмаса, немесе дін өкілдерінің бір-бірімен көзқарасы сәйкеспейтін болса, олар мұндай жиында бас қоспаушы еді. Осыны түсіну керек» деді Толғанай Мұстафина.

Оқу залдарының кітапханашысы Мақпал Түсіпбаева «Рухани келісім – елдің өркендеу негізі» атты кітап көрмесін қатысушы қонақтар мен оқырмандарға таныстырып, шолу жасады.

 Көпшілік назарына «Рухани келісім бірлік пен тұрақтылық кепілі» тақырыбында видеоролик ұсынылды.

 Іс-шара барысында жастар мен аға буын арасында дін тануға қатысты диалог өрбіді. Онда жастардың рухани-адамгершілік тәрбие мәселелері мен келешегі туралы пікір алмасу болды. Қатысқан студенттер, қонақтар өздерінің сұрақтарына толық жауап алды.

Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button