Тамырлы тәрбие — балабақшада

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері мен қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі нығайта түсу міндеттерін нақтылауға арналды. Теледидардан кейінірек, баспасөз беттерінен байыптап оқыған қазақстандықтардың барлығы дерлік Президенттің халықтың тұрмыс сапасын жоғары деңгейге көтеруге қатысты айтқан әр сөзіне тәнтілік танытқаны анық. Өйткені, алға қойылған мақсаттардың бәрі де тұтасымен, беріден салсақ, адамдардың тыныс-тіршілігінің мызғымас сенімге сүйенуіне, әріден тартсақ, жаһандану жағдайында іргені бекітіп, мемлекет қуатын нығайту шараларына бағытталды.

Шынында да, шағын және орта бизнесті қолдау және қорғау, отандық тауарлар мен қызмет көрсетулерге кең жол ашу, ауыл шаруашылығын дамыту, кәсіпорындарды жаңғырту, жалпы мемлекеттің экономикаға қатысты саясатын уақыт талабына сай үрдіске бейімдеу – елдің келешегінің кепілі. Бұлардан тысқары, Елбасы тұрғындардың денсаулығын сақтау мақсатында медицина саласын жетілдіруге, дене шынықтыру мен бұқаралық спорт мәселесіне жете мән беріп отыр.

Елбасы өзінің қазақстандықтарға арнаған Жолдауында білім беру ісі мен жас буын мәселесіне айрықша көңіл бөліп, ерекше ықылас білдірді. Алдағы сан жылдарға бағыт-бағдар беретін бағалы құжатта өскелең ұрпақты сапалы, тәрбиелі және патриоттық рухта тәрбиелеу жолында тынымсыз әрекеттеніп жүрген ұстаздар еңбегінің қоғамдағы елеулі орны мен маңыздылығын назарға ала отырып, «Педагогтардың мәртебесі туралы» Заң әзірлеп, қабылдау қажет екендігін қадап айтты. Мемлекет басшысы, сондай-ақ мектепке дейінгі тәрбие ұйымдары қызметкерлері мен мұғалімдерді ынталандыратын шараларға қатысты да парасатты пікірін білдірді.

Тәрбие негізі балабақшадан басталады. Ұстаз – ел болашағын сеніп тапсыратын, келешекте Тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеуіне жауапты болып, үлес қосатын өскелең ұрпақты тәрбиелейтін ұлы тұлға. Сондықтан, Елбасы Жолдауында мұғалімдер мұқтажының ескерілуі педагогтар қауымы тарапынан жігерді жанып, жаңа биіктерді бағындыруға құлшындыратын кемел қадам ретінде қабылданды.

Эльмира ЕРШҰМАНОВА,

 «Өркен» балалар бақшасының директоры,

«Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі, Ұлытау аудандық мәслихатының депутаты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.