Саран

Қайырымды жандар қаласы

«Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін». Әйгілі Әйтеке бидің сөзі. Туған жерінің көркеюіне үлкен үлес қосып, іргесін қымтап, яғни, туған жерге ту тігіп жүрген ел азаматтары баршылық. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында атқарылып жатқан бірқатар игі істерді мақалаға арқау етіп, назарларыңызға ұсынғанбыз. Ал, бүгінгі шараның жайы бір басқа. Нақтыласақ, қаланың гүлденуіне титтей де болса септігі тиген, Саран қаласының меценаттары мен еріктілеріне арналған «Жомарт жүрек» сыйлығының табыс етілуі. Биыл алғаш рет жүзеге асқан шара – қала әкімінің бастамасы.

«Жомарт жүрек» сыйлығы 11 номинация бойынша табыс етілді. Алдымен бейнероликтен үміткерлердің атқарып жүрген жұмыстарына куә болдық. Осы сәтте Саран қаласының әкімі Ержан Темірханов сөз сөйлеп, сыйлықтарды тарту етті.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Патриотизм өз еліне, өз ауылына, қаласына, өңіріне, Отанына деген сүйіспеншілігінен басталады» деді. Бүгін біз жүрек қалаулары бойынша халыққа көмек көрсетіп, біздің қаламыздың көркеюіне үлес қосқан жандарға «Жомарт жүрек» сыйлығын табыстауға жиналып отырмыз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілетін бұл іс-шара патриотизмнің үлгісі ретінде жыл сайын дәстүрге айналмақ. Бұл салтанатты іс-шара Рухани келісім күнімен қатар келіп отыр. Осы күні жасалынған игі істер бейбітшілік пен келісім үшін жақсы амалдардың үлгісі бола алады, – деді қала әкімі.

Сонымен, қаланы абаттандырып, бұқаралық спортты насихаттап, әлеуметтік жағынан қорғалмаған адамдарға қайырымдылық көмек көрсеткені үшін «Жыл меценаты» номинациясы бойынша Саран қалалық мәслихатының депутаты, «СКЭП» ЖШС басшысы Шәріп Исенов марапатталды. «Туған өлке» номинациясы бойынша, саябақтарды, аллеяларды, ескерткіштерді, балалар ойын алаңдарын қайта жаңғыртуға және салуға бағытталған әлеуметтік жобаларды жүзеге асырғаны үшін облыстық мәслихат депутаты, «Карат» ЖШС басшысы Александр Бойко марапатталды. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, еңбек ардагерлеріне, көп балалы отбасыларға, аз қамтылған жандар мен мүгедектерге қайырымдылық көмек көрсеткені үшін «Жүректен жүрекке» номинациясы «Оптимальный» ЖШС-не бұйырды. «Әлеуметтік саланы дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясына жастарды спортқа баулып жүрген Қарағанды облысының жауынгерлік самбо және аралас жекпе-жектің бас жаттықтырушысы, спорт шебері, «Арыстан» спорт клубының жетекшісі Берікбол Ермағамбетов ие болды. Ақтас ауылындағы ауқымды қайырымдылық шарасы үшін «Жыл қайырымдысы» номинациясы ЖК «Бухарманова» еншісінде.

Қайырымдылық көмектің жаңа тиімді нысандарын және бас демеушілікті енгізу үшін компания немесе ұйым ірі қайырымдылық жобалары мен іс-шараларын жүзеге асырғаны үшін «Жылдың әлеуметтік-жауапкершілік ұйымы» номинациясы «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Саран қалалық филиалына берілді.

«Жылдың үкіметтік емес ұйымы» номинациясы бойынша күрделі дағдарыс жағдайларын шешу арқылы ел азаматтарының өмірін жақсартуға бағытталған әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асырған «Жақсы әлем» қоғамдық бірлестігі жеңімпаз атанды.

Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған «Алтын Ұя» номинациясы бойынша отбасы бөлімшесінің дамуына ерекше үлес қосқаны үшін Людмила Кудрина марапатталды.

«Жыл азаматы» номинациясын қала тұрғындарының денсаулығына қамқорлық жасау арқылы аймақтағы өмірді жақсартуға бағытталған белсенді қызметі үшін Любовь Аркадьевна жеңіп алды. «Жыл еріктісі» номинациясы волонтерлік қызметке белсене қатысқаны үшін қалалық «Еріктілер» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Манко Вероникаға берілді. «Батыл жүрек» номинациясы азаматтық қорғаныс майоры Қанат Бейсеновке берілді.

Осылайша марапаттау рәсімі аяқталып, мекерекелік кеш жалғасын тапты. «Жомарт жүрек» жобасы – жастарға үлгі болса, елге тиер пайдасы зор. Ал, елі айрықша құрметтеп жатса – еңбегінің еленгені, мерейінің үстем болғаны.

Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button