Жаңалықтар

Ағайынға мың алғыс

16 қазанда күтпеген жерден асыл ағамыз, ақжүрек, сезімтал да абзал жан, Мырзабай әулетінің үлкені –  Тілеуқабыл Байтұрсыннан айырылып, қара жамылдық. Қайғы қашан да ауыр тиетіні анық. Бұл жалған дүниенің соңы. Осындай сәтте қайғыңа ортақтасып, оны жеңілдететін, әрине, айналаң, туған-туыс, жора-жолдас. Осы орайда, Тілеш ағамның 1986 жылдан бері қызмет еткен қарашаңырақ – облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің ұжымы мен Бас редакторы Мағауия Сланбекұлы Сембаев мырзаға алғысымыз шексіз.

Тілеш соңғы жылдары зейнет демалысында жүрсе де «Орталықтың» ұжымымен аралас-сыйластығын үзбеген еді. Көптеген жас журналистердің қаламын ұштаған, рухани әлемнің әр саласына қанат қақтырған, азаматтар тәрбиелеген – осы ұжым, биікке самғауларына жол ашқан – осы ұжым. Тас үгіліп, мұжылады, темір тот басып, тозады, ал творчестволық шығармалар мен ғылыми еңбектер рухани байлыққа айналады емес пе? «Өмірде болған оқиғаның барлығы қағазға түсуге сұранып тұратыны да» (француз ақыны Малларме) сондықтан болса керек. Олай болса, «Орталық» ұжымына шығармашылық толағай табыс, жаңа биіктер мен жетістіктер тілейміз.

Иә, «қайғыны бөліссең, азаяды, қуанышты бөліссең, көбейеді» дейді дана халқымыз. Біздің қайғымызға ортақтасып «Орталық Қазақстан» газеті берген бетте (!) өз көңілдерін білдірген ағамыздың курстас достары – Жүрсін Ерман, Сәулебек Жәмкенов, Жанболат Аупбаев, ағамыз Марат Райымбеков, достары – Айқын Несіпбай, Аман Жанғожин, Батырхан Жанатов, Төлеубай Ермекбаев, Жомарт Оспанның да қабырғалары қайысып, қайғымызға ортақ екендерін білдірген көңіл-ниеттерін қабыл алдық. Алла разы болсын!

«Жас өспей ме, жарлы байымай ма?» Тілектестің (Тілеш ағаның ұлы) де ер жетіп, әкесіндей ақжарқын азамат болып қалғанын да байқап, достарының адалдығын көріп, бір марқайып қалдық. Тілектестің дос-жолдастары да қаралы күннің сәтінен бастап жанымыздан табылып, демеу болып ағамызды бақиға жөнелтуге ат салысты. Мың алғыс! Ендігі тілек, осы жастар аман болып, тек, тойда ғана қолғабыс етіп, қуанышқа ортақтасқай! Қайғымызды бөліскен барша жұртшылыққа, ағайынға шын ниетімізбен алғыс білдіреміз!

Туған-туыстары атынан Аманай МЫРЗАБАЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button