Жаңалықтар

“Хакатон” – мүмкіндіктер алаңы

Қарағандыда жоғары оқу орындарының студенттері арасында «IT-weekend.kz – 2018» хакатон сайыстары өтуде. Форумның жүлде қоры – 1 000 000 теңге. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өткізіліп отырған форум сандық технологияға қоғамның, әсіресе, жастардың қызығушылығын арттыруды көздейді. IT форматтағы аталмыш форум Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылуда.

Айта кету керек, IT-форумды өткізуге Қарағанды кездейсоқ таңдалмаған. Тарихи тұрғыдан алғанда Қарағанды университеттерінің базасында мықты математика мектебі және жоғары білікті бағдарламашылар білім алатын мамандандырылған колледж бар. Сондай-ақ, қарағандылық бағдарламашылар әлемнің жетекші IT-компанияларында жұмыс істейді. Оған қоса, ірі отандық және шетелдік кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер үшін күрделі тапсырмаларды орындап жүр.

Ал, «Хакатон» – жастарға білімдерін жетілдіріп, ерекше жобаларын ұсынуға мүмкіндік береді. Инновациялық марафонға облыстың алты университетінен жүзден аса студент қатысуда. Олар цифрлық технологияны күнделікті өмірде қолдану жолдарын қарастырады. Қатысушылардың оқиғаларын түрлі салалардағы тәжірибелі мамандардан тұратын қазылар алқасы бағалайды. Форумның басты спикері, ақпараттық технологияларды, кәсіпкерлікті дамыту бойынша Мәскеуден келген кеңесші осыны тілге тиек етті.

Андрей КАРАБАНОВ, ақпараттық технологияларды дамыту бойынша кеңесші:

– Үш күн бойы жарыстың қатысушыларына кеңесші әрі тәлімгер боламыз. Қарағанды университеттерінің студенттерін кәсіпкерлер ретінде бизнес саласында сынауға, тақырыптар бойынша өз идеяларын жетілдіруге көмектесеміз. Хакатонның үшінші күні командалар қазылар алдында өз жобаларын қорғайтын болады. Форумда өз тәжірибеміз арқылы студенттерді кәсіпкерлікке дұрыс бағыттап, уақытты жоғалтпауға, ең бастысы олар жасаған нәрселерінен ләззат алуға мүмкіндік береміз. Жалпы, Қарағандыда кәсіпкерліктің өте белсенді дамып келе жатқанын айта кеткен жөн. Жергілікті тұрғындар қаланы дамыту үшін белсенді қадамдар жасайды. Оның ішінде жастардың дені – басым. Сол жастарды ақпараттық технологиялар, IT-технологиялар дәуіріне қосу – басты мақсатымыз.

Форум төрт күнге созылады. «Derby Village» клубында әлемдік және қазақстандық мамандар IT-технологиялар саласындағы Hackathon қатысушылары үшін шеберлік сыныптары, конференциялар өткізеді.

«Қарағанды – ақпараттық кеңістікте ұшыру алаңы», «Қоғам мен мемлекеттің мүддесі үшін цифрлық технологияларды пайдаланудың қоғамдық тәртібі», «IТ мамандарын даярлаудың мәселелері мен келешегі», «Бәсекеге қабілетті экономиканы қолдаудағы сандық технологиялар», «Smart қаланы басқару» секілді сәтті жобалардың таныстырылымы өтеді.

Ал, «Хакатон» жеңімпаздары өздерінің жобаларын дамыту үшін айтарлықтай марапатқа ие болады.

 Сондай-ақ, жастар үшін IT-технологиялар саласындағы жетекші әлемдік және қазақстандық бизнесі бар сарапшылармен кездесулер ұйымдастырылған.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button