Бас тақырыпРесми

Облыс бюджеті нақтыланды

Бейсенбі күні облыстық мәслихаттың кезектен тыс XIX сессиясы өтті. №13 Магнитогорск сайлау округінен сайланған депутат Марат МИРГАЯЗОВ төрағалық тізгінін ұстаған сессияда «2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» Қарағанды облыстық мәслихатының ХІІІ сессиясының 2017 жылғы 12 желтоқсандағы №258 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» мәселе қаралды. Халық қалаулыларының басты жиынына облыс әкімінің бірінші орынбасары Асылбек ДҮЙСЕБАЕВ қатысты.

Сессия жұмысына, сондай-ақ облыс әкімінің салалық бағыттар бойынша орынбасарлары, облыстық басқармалар мен департаменттердің, құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық Қоғамдық кеңестің және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып отырды.

Алқалы жиынды жүргізудің регламентке сәйкес атқарылатын талаптары жүйеленгеннен кейін күн тәртібіне қойылған мәселе бойынша облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Людмила Башарина баяндама жасады.

Осы орайда, бюджетке өзгерістер енгізу жобасы алдын ала облыстың бюджеттік комиссиясы отырысында, облыс әкімдігінің отырысында қаралып, нормативтікқұқықтық актілер веб-порталында талқылаудан өткенін, сондай-ақ облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында егжей-тегжейлі пысықталғанын айта кеткен жөн.

Нақтылауға ұсынылған өзгерістердің басым дені білім, энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларына қатысты салаларды қамтиды.

Облыстық қаржы басқармасы басшысы орынбасарының мәлімдеуінше, бюджеттің нақтыланған жобасындағы қаржы түсімінің көлемі жыл соңына қарай 0,4 млрд. теңгеге ұлғайтылған. Тиісінше, облыс бюджетінің қоржынына түсетін кірістер өңірлер мен мемлекеттік кірістер департаментінің ұсыныстарына сәйкес ретке келтіріліп, үйлестірілген.

Облыстық мәслихаттың депутаттары нақтылауға және бекітуге ұсынылған бюджет жобасын бірауыздан мақұлдап дауыс берді. Соған орай, тиісті шешім қабылданды.

Сессия жұмысының соңында жекелеген мандат иелері облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырысын өткізу кезіндегі тиімділікті арттыруға қатысты өзіндік ой-пікірлерін ортаға салды.

 Облыстық мәслихаттың хатшысы Серік Өтешов әріптестері мен сессияға қатысушыларды халық қалаулыларының жиыны өтетін күнге дөп түскен Ұлттық валюта күні мерекесімен ақжарыла құттықтап, елдің еңселі күйі нығая түсуіне, қолға алынған істердің ілкімді жүргізіліп, қоғам үшін нәтижесі қомақты бола беруіне тілек қосты.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button