Жаңалықтар

Тесланың түйсігі

Өткен ғасырдың 30 жылдары АҚШ-тың «New York Times» пен «Time magazine» сынды белгілі басылымдарының тілшілері әлемдік деңгейдегі ғалым Никола Тесланың үйінде жиі қонақта болып тұрған екен. Ол шақта Манхэттендегі «Governor Clinton» қонақүйінің 20-қабатында тұратын атақты ғалым журналистерге өз жұмысын қалай бастағанын, өнертапқыштық жолға қалай түскені туралы қызықты әңгімелерін айтып береді екен. Тілшілерді, әсіресе, Тесланың болашақ ХХІ ғасыр туралы ойлары қатты қызықтырады. Осының нәтижесінде жазылған біршама мақалалар арқылы ғалымның ойлары бүгінгі күнге жетіп отыр. 


1926 жылы «Collier’s» журналына жарық көрген ғалымның болашақ туралы болжамдары бүгінгі ғалымдардың таңданысын туғызып келеді.
– Бал араларының өмірі адамдар тіршілігінің негізгі қағидасына айналады. Әлемде жаңа тәртіп орнайды. Жаңа жүйе  келеді. Адам баласы аралар секілді тек табысты еңбек үшін тіршілік етіп, бірлігі артады. Адамдар арасындағы нәсілдік даулар мағынасыз әңгімеге айналып, жойылады. Алайда, онда әйел заты басты рөлде ойнайтын болады, –  деген Тесланың ойы сол кездегі зиялы қауым өкілдері арасында қызу талқыға түскен болатын. Дегенмен, арада 90 жылға жуық уақыт өткенде әлемдегі гендерлік саясаттың дамуына қарап, ғылымның ойы шындыққа айналып келе жатқанын аңғару қиын емес.
Тесланың:
– Ең қызығы, адамдар қалтаға салып жүруге болатын шағын құрылғылар арқылы байланысатын боламыз. Аспанда ұшақтар адамның басқаруынсыз, яғни ұшқышсыз ұшады. Олар жерден радиотолқындар арқылы басқарылады, – деген пікірі де ол шақта ақылға қонымсыз саналғаны анық. Тіпті, Тесланың ақыл-есі дұрыс емес және фантаст, қияли адам деп санағандар да табылған екен. Алайда, бұл ХХІ ғасырдың адамы үшін үйреншікті жайт. Өйткені, мобильді телефондар пайда болған 20 жылға жуық уақыт ішінде өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып үлгерді. Ал, алғашында электр энергиясының өзін сиқыр деп қабылдаған ХХ ғасыр адамдарына адам баласын ұялы телефон арқылы жер шарының арғы бетіндегі адаммен еш қиындықсыз сөйлесе алады дегенге сендірудің қандай қиын болғанын өзіңіз елестетіп көріңіз.
– Бүкіл әлем үлкен миға айналады. Адамдар бір-бірімен арақашықтыққа қарамастан лезде хабарласа алатын болады, – деп пікірін білдірген ғалымның ойлары бүгінгі ғаламтор туралы екенін өзі білді ме екен?
– Әлемнің екі шетіндегі адамдар бір-бірінің түрін көріп, дауысын ести алады. Және ол үшін шағын ғана құрылғылар пайдаланылатын болады. Олардың құрылысы біздің бүгінгі телефондардан да қарапайым болмақ. Ең бастысы, біз олардың көмегімен әлемнің кез келген нүктесінде болып жатқан оқиғаны өзіміз сонда отырғандай көре аламыз, – деп, ойын нақты жеткізген Тесла бүгінгі смартфондар мен компьютерлерді, «Skype» пен «Periscope» секілді бағдарламаларды көрсе, «айтқаным айдай келді» – деп қуанар ма еді?!
Ғалым тұрмыстың өзге де салалары туралы жарқын ойларын білдірген. Мәселен, бумен жүретін локомотивтер мұражайға қойылып, олардың орнын электр қуатымен жүретін жүрдек пойыздар басатынын сол заманда-ақ болжаған. Адамдар, мысалға, Еуропадан Америкаға бірнеше сағатта ғана жете алатындай дәрежеге жететінін, сымсыз жүйе адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналатынын да сол шақта айтып кеткен.
– Біз бүгінгідей үйді жылыту үшін от  жағып әуреленбейтін заман келеді. Өйткені, барлық ғимараттарды басқару тетіктер арқылы жүретін болады. Жылу электр қуаты арқылы беріліп, белгілі жүйе қалыптасады, – дейді ғалым бұл туралы.
Тесла жер бетінде құлтемірлер, яғни, роботтардың пайда болатыны туралы да болжам жасаған. Машиналар – адам баласының жауы емес екенін, оларды жоюдың орнына басқара білу керектігін айтқан ол адам баласының негізгі көмекшісі автоматтандырылған машиналар болатынын да жеткізген. Расында, бүгінгі адамзат баласының жасайтын көптеген жұмыстарын машиналар атқарады. Машина болғанда кәдуілгі автокөліктер емес, компьютер арқылы басқарылатын, белгілі мақсаты бар роботтар. Сондай-ақ, жасанды интеллект – өзіндік ойлау жүйесі, түйсігі бар, адам кейпіндегі роботтар туралы ғалымның ойы бүгінде толықтай жүзеге асты деуге болады. Бұған жапон ғалымдарының еңбектері дәлел болып отыр.
Сондай-ақ, Н.Тесла адам баласы білім алуға көп көңіл бөлетіні, жер бетіндегі надандық көлемі азайып, ғалымдар үлкен дәрежеге ие болатынын айтқан. Әрі адам баласы денсаулық сақтауға да басымдық беріп, ауыз судың жағдайына алаңдайтынын болжаған. Жартылай дайын, аз уақыт ішінде әзір болатын тағамдар туралы да болжам осы Теслаға тиесілі.
Дегенмен, Тесланың ХХІ ғасыр басында жүзеге асады деп жобалаған ойларының ішінде іске аспай қалғаны да бар. Мәселен, оның ұшатын көліктер туралы пікірі тек болжам күйінде ғана қалып отыр.
– Менің ойымша, кәдімгі автокөлік секілді ұшатын көліктер пайда болады. Нәтижесінде, жол құрылысы, көлік тұрақтары төңірегіндегі мәселелер өз шешімін табады, – дейді ғалым ол туралы. Десе де, басталғалы 16 жыл енді болған бұл ғасырдың ғалымдары қандай жаңалық ашатыны адам баласына әлі де құпия күйінде. Демек, Тесланың бұл болжамы да шындыққа айналуы әбден мүмкін.
Міне, осылайша, ХХІ ғасыр технологиясының болашағын бір ғана мақаласымен ашып берген Никола Тесланың бұл ойлары таң қалдырмай қоймайтыны анық. Десе де, аталған жорамалдардың даулы тұстары әлі де көп. Оған «Тесланы тәуіптік қабілеті болған», «Сыртқы күштермен байланыс жасау арқылы білген» деген секілді ой білдірушілер себепкер болып келеді. Тіпті, «жындының сандырағы келеді» деген рас, бұл жай ғана сәйкестік» деушілер де бар. Десе де, ғалымдардың басым көпшілігі Тесланың ойларын терең зерделеу мен теориялық тұжырымдар нәтижесінде келген дейді.
Қалай болған күннің өзінде бұл сұрақтың нақты жауабы табылған жоқ.  Тесланың болжамдары көріпкелдік пе, ғылыми негізделген еңбектің нәтижесі ме? Мүмкін, бұл жай ғана сәйкестік шығар?!
Қажет мәлімет
Никола   Тесла  1856 жылдың 10 шілдесінде Австро-Венгрия, қазір Хорватияның Смиляны қаласында дүниеге келген. Данышпан физик, инженер, электротехника және радиотехника саласында еңбек еткен өнертапқыш. Ұлты-серб. Тесла қатты найзағай болған түні туылған. Отбасылық наным-сенімге байланысты, босандырып алған кіндік шешесі найзағайды жамандыққа болжаған. Ол шақалақ қара түнектің баласы болатынын айтады, бірақ туған анасы оған қарсы шығып: «Жоқ, ол күн сәулесінің баласы болады» деген екен. Тесла 1943 жылы 7 қаңтарда Нью-Йорк қаласында дүние салған.

Мұратхан Әлімхан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button