Бас тақырып

«Birgemiz» қоғамдық қорының ресми сайты ашылды

«Birgemiz» қоғамдық қоры  жиналған қаражат пен аймақтар бойынша көрсетілген көмек туралы барлық ақпарат тұрақты түрде жарияланып отыратын birgemiz2020.kz ресми сайтын іске қосты. Порталды еріктілер тегін жасап берген.

Сайтта көрсетілетін қайырымдылық шараларының барлығы бөлек бағанда беріледі. Деректер қаражат түскен сайын жаңартылып отырады. Компаниялардың жарналары «Қайырымдылық жасаушылар мен серіктестер» сегментінде орналастырылған. Сонымен қатар жағдайға бейжай қарамайтын қазақстандықтар сайтта көрсетілген деректер бойынша ерікті болуға немесе қаржылық көмек жіберуге өтініш қалдыру мүмкіндігіне ие.

Сондай-ақ, сайтта  аймақтық қорлар туралы ақпарат беріледі. Мұнда мұқтаж адамдар өз өңіріндегі қормен тікелей байланысып, сұрақ қоюы үшін жергілікті жердегі жауапты тұлғалар мен олардың байланыс мәліметтері берілген.
– Біз үшін қор жұмысының ашықтығын көрсету өте маңызды. Сондықтан сайтқа кірушілердің әрбірі бұл жерден банктік үзінді көшірмелерімен бірге ұсынылатын есептерді таба алады. Қиын күндерде отандастарымызды қолдау үшін қайырымалдық жасаған барлық қазақстандықтарға және еліміздің компанияларына алғыс айтамыз, – деді қор төрағасы Руслан Сәкеев.
Еске сала кетейік «Birgemiz» қоғамдық қоры еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен COVID-19 пандемиясы жағдайында тұрғындардың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау мақсатында 2020 жылдың 20 наурызында құрылған еді.

Қор жұмысының ашықтығы мен есеп беруін қамтамасыз ету үшін құрамына белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, азаматтық қоғам және жастар өкілдері кіретін Қамқоршылық кеңеске бақылауды бекіту туралы шешім қабылданды.

inform.kz

Басқа материалдар

Back to top button