Жүсіпбек жұмбағы

«Сұр айдың артынан күншуақ болмай тұрған ба ? Күннің көзін мәңгілік бұлт басып тұруы мүмкін бе ?»
Жүсіпбектің Мағжанға жазған хатынан

Жүсіпбектің «Мағжанның ақындығы туралы» деп аталатын 1925 жылы Тәшкенттегі қазақ студенттерінің алдында жасаған баяндамасы бар. Бұл қазақ әдебиеті сынының қай замандағы биігінен қарасақ та, асқақ шыңы. Осы күнге дейін Жүсіпбек шыққан биік қия жартасқа жүрегі дауалап жақындаған ешкім жоқ. Совет заманында әдебиет те, сын да жалаң бұқарашыл, жаттанды маркстік, ұрда-жық большевиктік сүрлеуге түсті де, әлі күнге өз міндетін орындай алмай келеді. 


Осы баяндамада Жүсіпбек «Мағжанның ақындығын сынауға біліміміз, күшіміз кәміл жетеді деп айта алмаймыз» дейді. Сол сияқты, біз де өзіміздің қысқа мақаламызда Жүсіпбек Аймауытов шығармашылығын талдап беруге өреміз жетпейтінін толық мойындаймыз. Біз ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің ең жарық жұлдызы, әлі күнге алдына өзге жүйрік түспеген, оқырман көп жылдар қол үзіп қалып жаңа табысып жатқан, табысса да, танымай жатқан Жүсіпбектің бір-екі шығармаларын тарихшы көзімен талдап көрмекпіз. 
Ең алдымен, жазушының «Күнікейдің жазығы» аталатын повесіне ара түспекпіз.
Бұл шығарма туралы Жүсіпбек Аймауытов тақырыбында жазып жүрген мамандардың арасында қазіргі күні екі түрлі көзқарас бар. Бірі Күнікейді ақтайды. Олардың пікірінше, кедей қызы Күнікей – өз теңдігін қорғаған, жалпы ескілікке, көшпелі, жадағай тұрмыс тудырған әдет-салтқа қарсы күрескен, сол қорлық итермелеп ұзатылған адамынан қашып, сүйген жігітінің құшағына ұмтылған қазақтың кекті қызының бейнесі. Сыншылардың ұйғарымы бойынша, «Күнікейдің жазығы» повесінің тақырыбы – әйел тағдыры. «Жазушы қазақ әйелі теңдікке жетіп болған жоқ, оған деген көзқарас өзгермеген, елдің ескі тұрмысы, ұғымы әлі де қолбайлау болып, аяқты шырмап жатыр деген ойға тірейді» дегенді екі сыншының бірі жазады. Екіншісі – Күнікейді жазғыратын көзқарас. Ол атастырылған адамын мойындамай, некені бұзып өзгеге берілген, мораль тұрғысынан сын көтермейтін әйел. Күнікейдің әңгіменің соңында жалғыздан-жалғыз қараңғы үйде қамалып, аурудан күйзеліп, суықтан тоңып, аштықтан қатып жатуы да – Құдай тағаланың оған берген жазасы. Повестің кіріспесіндегі «шым қорада – жер үйде, желпіндірмес көр үйде, арса-арса болып сүйегі, қалақтай болып иегі, жаңқадай жоқ жақ еттен, саусақтары шілбиіп, көлеңкедей кілбиіп, бұ жатқан қай аруақ ?» делінетін шумақтар осының дәлелі сияқты.
Қазақ әдебиетінің сыншыларының (С.Қирабаев, А.Ісімақова, Р.Тұрысбек, Қ.Әбдік т.б.) тағы бір баса айтатыны Жүсіпбектің шығармаларындағы тұрмыстық суреттердің молдығы, оның ырғақты прозасы т.б.
Енді мына мәселені қарайық. «Күнікейдің жазығы» 1928 жылдың соңында, 1929 жылдың басында «Жаңа әдебиет» журналында жарық көрді. Жазушы өз щығармасын аяқталар-аяқтамаста басылымға беріп отырғаны ақиқат шындық. Бұл редакцияның қоржынында жатып қалған шығарма деп айтуға болмайды. Ендеше «Күнікейдің жазығы» 1928-1929 жылдардың ұштасар тұсында жазылған деп білеміз. Ал бұл кезеңде қазақ жазушыларына әйел теңдігі, махаббат, қазақи тұрмыс бейнелері т.б. тақырыптар қаншалықты өзекті еді? Пролетариат жазушылары қатарына жаңа еніп жатқан жастар үшін бұл тақырыптар қызықты болуы да мүмкін, бірақ Жүсіпбек бұл кезеңде тек көркемдік тұрғысынан ғана емес, ойшылдық тұрғысынан да тым биікке көтеріліп кеткен болатын.
Қазақ жерінде «Ұлы кәмпеске» басталған уақыт осы 1928 жыл. «Қойдай қу қамшымен, бай менен молданы» деп қазақ шаруашылық өмірінде діңгек қызметін атқарған байларды қауымнан қуу және елді жаппай кедейлендіру саясаты жүріп жатты. Байларды, жалпы ауқатты адамдарды, бұрынғы қазақ билігіне қатысы барларды, зиялы қауымды Совет үкіметі отбасы, бала- шағасымен батыстан шығысқа, шығыстан батысқа қуды. Жер аударуға қарсылық кезінде өлгені бар, жолдағы қиыншылықтан қырылғаны бар, қолынан келер дәрмен жоқ құсадан өлгені бар қазақтың шаруақор әулеттері тарих сахнасынан шықты. Біздің әкелеріміз бұл 1928 жылды «үкіметтің жаңа орнаған уақыты еді» дейтін. Расында да, Совет үкіметінің қазақ тіршілігіне білегін сыбанып кірісе бастағаны осы жыл. 
Дәл осы қанды қасап басталған уақытта Жүсіпбектің «әйел теңдігін» жазудан басқа маңызды тақырыбы болмады дегенге кім нанады? Жүсіпбектің шыққан ортасын, жеткен биігін, ұлтшылдығын сезінбегендіктен, біз осындай орашалоқ қорытындыға келіп жүрміз. Совет үкіметі болса, Жүсіпбектің деңгейін білді. Жүсіпбектің өзі де Совет үкіметінің қазаққа ашық шабуылға шыққанын айтудан жасқанған жоқ, басқаша оның жұрттың алдында сонау 1930 жылы атылғанын түсіндіру қиын.
Жүсіпбек жасынан тарихи білімді көп жинақтаған адам, ол тек тарихи білімді ғана емес, тарихи таным жолдарын да игерген. Оның өсіп-өнген ордасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлын (1931 жыл қайтыс болды) туғызған орта, оны қоршаған адамдар Мәшһүрдің замандастары, ағайындары, сыншылары мен тілектестері. Оның сыртында Баянаулада Жүсіпбектің жас шағында Мұса Шорманұлынан қалған халық қамын ойлау мен болжау дәстүрі бар. Сол жолда жүрген Сәдуақас Шорманұлы (1927 жылы қайтыс болды), Имантай Сәтбайұлы (1928 жылы қайтыс болды) сияқты алашқа үлгі берген тұлғалар бар. Ал тарих дегеніміз, өткенді саралай отырып, өзіңнің заманыңа сын айту, бұлдыр болашақ туралы сәуе айту. 
Жүсіпбек «Мағжан ақындығы туралы» баяндамасында былай дейді: «әр адамның, әр ақынның өрісі бірінші – заманға, екінші – туып-өскен әлеуметіне, үшінші – нәсіліне (тұқымына) байлаулы. Ақын ерікті-еріксіз өз заманының тонын кимеске, өз заманының мұңын жоқтамасқа, тілегін орындамасқа әдді жоқ.
Өзгелерден гөрі әлеуметтің мұңын баса жоқтайтын ақын болуы керек. Өйткені ақын қоғамның қарапайым тырна қатар топас мүшесі емес, өзгелерден гөрі сақ құлақты, сезгіш жүректі, сара ақылды, өткір қиялды мүше. Ақын өзгелердің сезбегенін сезеді, көрмегенін көреді, ойламағанын болжайды, тілі жетпегенін айтып береді»
-Міне, жазушы құпиясының кілті. «Күнікей жазығының» себебін де осы тұжырымдамадан іздеу керек. «Күнікейдің жазығы» – әйел теңдігі туралы жазылған шығарма десек, ол тым жадағайлық болады, ол социалистік реализмнен басқа ештеңе көрмеген біздің алдымыздағы буынға кешірімді, бізге кешірімсіз?. «Күнікейдің жазығы» – тексіздік билеген заманда, большевиктердің диірменіне түскен, ел жақсысынан айрылған, кешегі ерке-тотай заманы бітіп топас жүйенің қорлығында қалған қазақ халқының тағдыры. 
Шығармада анда-санда «Әй, Күнікей-ай, сен бір жанып тұрған отсың ғой» деген автордың сүйсінісі бар. Себебі Күнікейде қазақтың еркін, ержүрек, бұла рухы бар. Жүсіпбектің бұл сүйсінісі Мағжанның «Күннен туған баламын, Жарқыраймын, жанамын. Күнге ғана бағынам, Өзім – күнмін, өзім – от, Сөзім, қысық, көзімде – от, Өзіме-өзім табынам» дейтін өлең жолдарын еске түсіреді. От болып жану, Күн болып қазаққа қызмет ету ХХ ғасырдың басындағы аласапыранда қазақ азаматтарының бәріне де міндет болды. Күнікейдің де ерлігі – бұл Алаш туын көтеріп, өз алдымызға ел боламыз деген, жүрегі қазақ деп соққан, сол үшін өз өмірлерін құрбандыққа шалған қазақ азаматтарының тағдыры. Бұл жерде топас, дөкір, нойыс Тұяқ тағдыр біздің маңдаймызға жазып қойған орыстың қамыты болса, Байман –қазақтың еркіншілік рухынан қалған бір елес. Күнікей – сол елеске ұмтылған қазақтың жаны. Жазушының өзге ат құрып қалғандай, өзінің қаһарманына Күнікей атын беруі де Мағжан поэзиясындағы «Ерлері ертегінің өрт еді ғой» дейтін түсініктен, ал Күнікейдің ауыр жағдайы «Айрылып от екпінді ерлерінен, Алаштың жанына ауыр дерт енді ғой» деген шумағымен ашылып тұр.
-Міне, «Күнікейдің жазығы» повесінің бізге айтпақ сыры осы, оны түсіну үшін ең бастысы біз «Күн астындағы Күнікейдің» әңгімесін білуіміз керек, «Күн астындағы Күнікейді» тануымыз керек. Әйтпесе, басқаның бәрі бос әурешілік.
Жүсіпбекке біз тек өрнекті, ырғақты прозаның негізін салушы ретінде қарап, оның азаматтығын, ұлтшылдығын, әлеуметішілдігін ескермесек, жазушының жұмбағын да шеше алмаймыз. Осы тұрғыдан Жүсіпбектің «Ақбілек» романы да қайта саралауды, қайта бағалауды талап етеді. 
«Ақбілек» романының рухы «Күнікейдің жазығынан» бөлек. «Ақбілекте» патшалық Ресейдің отары болған, одан азамат соғысының қырғыны мен қорлығынан өткен қазақтың қайта жетіліп, жоғын түгендеп, жаңа заманға бейімделіп келе жатқан бейнесін көреміз. Мамырбай отағасының сұлу қызы, ауыл-елдің еркесі, елдің көрнекті жігіті, байдың баласы Бекболаттың атастырған жары, одан «ақ қашып, қызыл қуғанда» қазақтың өз ішіндегі алауыздығынан орыстың қолына түсіп қор болған, оған сынбай оқуға ұмтылған, ақыр соңында білікті бір азаматтың жары болып, өз түтінін түтеткен, өзге қараңғы ауылдастарын өрге тартқан Ақбілек – ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының шартты образы. Жүсіпбек бұл шығарманы 1927 жылы жаздың соңында жазды. Бұл туралы 1927 жылдың 15 қарашасында Жүсіпбектің Мәшһүрге жазған хатында егжей-тегжейлі баяндалады: «Екі жарым ай болды… бір роман жазып бітірдім. Өзіңіз көрген «Қартқожадан» үлкендігі екі есе үлкен болады. Бар ойым, ынтам, рухым сол романға кетіп, тап жынды кісідей болыппын, досты, жолдасты, құрметті, қымбат ағаны ұмытып кете жаздаппын» дейді жазушы. Бұл кезде Жүсіпбек Шымкентте педтехникумға басшылық жасайды және шығармашылығының нағыз тасып-төгіліп тұрған кезі. Қазақ та НЭП заманында есін жинап, қорасына береке кіре бастаған, жастары жаппай оқуға ұмтылған. Мен бұл кезеңді басынан өткерген қазақтың талай ақылды қарияларымен әңгімелестім. 1930-шы жылдардың барлық сойқанын бастан өткерген, аштықта «Секбірайға» (Севкрай) барып жан сақтаған, халық жауы болып Қараөткелдің ішкі түрмесінде жатқан, Карлаг, Үркіт (Иркустк) лагерлерін түгендеген ата-анам да НЭП кезеңін мақтаушы еді. «Ақбілектегі» өршіл рух, халықтың болашағына деген сенім, жарқыраған әдемі теңеулер де осы әлеуметтік жағдайдың әсері, «үмітсіз – шайтан» деген, қазақ азаматтарының болашақтан бір жақсылық күтетін уақыты осы. Бұл үміттің басы 1928 жылы шабылды. 
Патша үкіметінен құтылған, текті әулеттерінің көзін жойған, не сыртқа қуған, азамат соғысында қаны бұзылған орыстың мұжығы өзінің тарихындағы тағы бір қанды қырғынға кірісті. «Күн астындағы Күнікей» орнына жаялықша жалпиған, жарқанатша қалқиған, жермен-жексен қараңғы үйде жөтелі өңменіңнен өтіп, алма ерні кезеріп, сары төсек болып сарғайып «Күнікейдің жазығы» келді.

Ж.Артықбаев

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, т.ғ.д.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.