Бас тақырыпРуханият

Арқа төрінде – айтыс аламаны

Халық ауыз әдебиеті ішіндегі ең бір өміршең жанр – айтыс. Айтайын дегенім, сәрсенбінің сәтті күні Қарағанды шаһары жас ақындардың жырына кенелді. Бұл шараға мұрындық болған Қарағанды қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі.

Айтыс жайлы бірер сөз

 Абайды танытқан Мұхтар Әуезов «Айтыс – сөз барымтасы» деген екен. Сөз додасы, жыр жарысы, ақындар қағысы – айтыс жанрының басты миссиясы. Осы ретте, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Абылай ханның ақылшысы, Алты Алаштың абызы, кемеңгер қария «Көмекей әулие» атанған Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдық мерейтойына орай өткізілген «Жақсының аты өлмейді» атты қалалық айтыста 10 ақын бағын сынады. Бүгінгі таңда айтыс өнерінің жарық жұлдыздары, Арқа ақындарының көшін бастап жүрген Қойлыбай Асанов, Аманжол Әлтай ағалардың, Тілеген Әділов, Айтбай Жұмағұлов, Төлеген Жаманов, Өміржан Көпбосынов, Мақсат Ақанов, Дидар Қамиев сынды белді әрі белгілі айтыскерлердің ізін басып, өнерін жалғар жас ақындардың барына көз жетті, көңіл қуанды. Бұл – өңіріміз үшін үлкен олжа. Жас айтыскерлердің дені “Арқа” ақындар мектебінің оқушылары. Яғни, Айтбай Жұмағұловтың жар құлағы жастыққа тимей сіңірген еңбегін атап өткен жөн. Бұған жас дүлдүлдердің айтыстағы деңгейі – нақ айғақ.

Қаладағы «Достық» үйінде өткен жыр додасында мәйекті өнердің өміршеңдігі көрініс тапты. Көрерменнің көбі жастар. Тақым қысып келгені бар, ақын іздеп келгені де, әйтеуір, зал толық. Жүйріктерге қиқу білдіріп, делебесін қоздырары анық. Ал, айтыстың бүгінгі жас шайырлары – «Дарын» мектебінен Абзал Мақаш, Қарағанды мемлекеттік университетінен Жандос Бақытұлы мен Еркеғали Бекболат, Қарағанды мемлекеттік техникалық университінен Бекарыс Оспанов, Доскей Ботпай, Сырым Бейсенбеков, Теміртау қаласынан Жанарыс Тілеубек пен Әлихан Ерғалиев, Қарағанды экономикалық университетінен Ұланғасыр Қамиев, Қазақ ұлттық өнер университетінен Мұхтар Әділов. Олай болса, айтысқа кезек берейік…

Ақындар жырлады

Ақындар жеребе бойынша жұпталды. Алғашқы жұп болып Әлихан Ерғалиев пен Еркеғали Бекболат сөз бастады. Қос ақын өзара ағалыінілі боп әзілдесіп қағысты алғашқыда. Еркеғали «сен тізімде жоқ едің, Нұрсұлтанның орынына келіп тұрсың» деп тиісіп еді, Әлихан сөз тауып, «Нұрсұлтанның орнына, Нұрсұлтанды шығарған жерден» келіп тұрмын деп жауап берді. Яғни, ақын құрыш қала Теміртауды меңзеп тұр. Бұл жұптың айтысында қазіргі қоғам проблемасы – ғаламторды, ондағы өрескел дүниелер тілге тиек етілді. Қарсыласы Бекболат та қалыс қалмай, шоумендерді сынады. «Бұрын тойды сөзге шешендер басқаратын еді, қазір «Жайдарманға» шыққандар басқаратын болды ғой» деп руханиятымыздың кем тұсын әшкереледі жас ақын.

Екінші болып Сырым Бейсенбеков пен Ұланғасыр Қамиевқа кезек берілді. Бұл жұптың айтысы да тартысты өтті. Сырым Елбасы оқыған оқу орнынан келіп тұрғанын жырмен әсерлі өре білді. Қос ақын тақырыптан бір елі алыстаған жоқ. Сырым шындықпен шымдап, Бұқарша тілек жаудырса, Ұланғасыр «баба жырларын оқымасақ, Абылайды танымас едік. Парламенттің жұмысын жалғыз өзі-ақ атқарған Бұқар бабамыз» деп ой түйді. Нағыз шаппа-шап айтыстың өзі болды.

 Үшінші жұп – Мұхтар Әділов пен Доскей Ботпай. Мұхтар әзіл айтыстың шебері Балғынбек Имашевтің мақамымен шықты. Доскей «Бұқар бабамыздың тойы Павлодар мен Қарағандыдан әрі аспай тұр» деп назын білдірді. Мұхтар да баба жолын жырына арқау етіп, тақырыпты аша түсті.

Төртінші жұптың сөз тартысы Абзал Мақаш пен Жандос Бақытұлының арасында өрбіді. Абзал «мен айтыссам ешкімді аямаймын, ішіңнен дұғаңды қайталап отыр», «сені маған әдейі жұптап, ширатып алайын деген ғой» деп шымдап қояды арасында. Жандостың бұл алғашқы қадамы. Домбыраны енді үйреніп жүргендіктен, түсіністікпен қарауын өтінді. Халық та қошемет соғып, оң бағасын білдірді жас қыранға. Жас қыран ұстазы Қойлыбай Асанды жырына қоса кетті.

Соңғы жұп болып Бекарыс Оспанов пен Жанарыс Тілеубек өнер көрсетті. Қос ақын қоғам дерті болған «Хеллоуин» мейрамын, сондай-ақ, тіл тазалығы тақырыбында өрбітті жырларын.

Сонымен, қазылардың ұйғаруымен Ұланғасыр Қамиев пен Доскей Ботпай, Мұхтар Әділов пен Сырым Бейсенбеков, Абзал Мақаш пен Еркеғали Бекболат соңғы сында кезікті.

 Ұланғасыр қарттар үйі мәселесін көтерді. «Әр қазақ Бұқар жырын оқыса, қарттар үйі болмайды» деп түйді жыр соңында.

Сырым «жемқорлық жайлаған заманды» жетесіне жеткізе білді.  Ал, Еркеғали Бекболат «журналистиканың қазіргі күнгі қадірін» айта келе, эстрада жұлдыздарын сынап өтті.

 Ал, жас ақын Абзал «латын әліпбиіне қатысты оң бастаманы» айтып, сүйіншіледі. Айтыс соңында Бұқар жырауға қанша жыл болса да, аты өлмейтінін жырлап, айтыстың нүктесін қойды.

Марапаттау сәті

Әділқазылардың шешімі шыққанша, Еркеғали орындаған «Атаатаның қадірі» термесі мен Жанарыстың Бұқар толғауына құрақ түрдік. Ақындардың бұл қыры көпті тәнті етті. Сондай-ақ, Тәттімбет атындағы өнер колледжі студенттерінің әуезді әндерін тыңдадық. Жастардың өнерге деген құрметі, ізеті үзілмейтініне тағы бір мәрте куә болдық. Осылайша, марапаттау рәсіміне де кезек берілді. Ынталандыру сыйлығын (20 000 теңгеден) Қарағанды қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бахыт Жұмашева Жанарыс Тілеубекке, Жандос Бақытұлына, Әлихан Ерғалиға табыстады. Ал, III орынның жүлдесін (50 000 теңгеден) ақтаңгер ақын Мақсат Ақанов Бекарыс Оспановқа, Мұхтар Әділовке, Еркеғали Бекболатқа табыстаса, II орынға (100 000 теңгеден) Доскей Ботпай мен Абзал Мақаш лайық деп танылды. Жүлдені тарту еткен облыстық «Орталық Қазақстан» газеті Бас редакторының бірінші орынбасары, айтыскер ақын Ерсін Мұсабек. «SARYARQA» телеарнасының Бас редакторы Әшімхан Жампейісов I орынды (150 000 теңге) Ұланғасыр Қамиевқа табыстады. Ал, айтыста шашасына шаң жұқтырмай оза шапқан шын жүйрік Сырым Бейсенбеков бас жүлдені (200 000 теңге) иеленді. Қазылар алқасының төрағасы, филология ғылымдарының докторы, айтыскер ақын Қойлыбай Асанов ақ тілегін білдірді.

Айтыс өнері Арқа өңірі үшін таңсық дүние емес. Дей тұрғанмен, елдің кетігін сөзбен келісті етіп кестелейтін жас ақындардың легі ауыз толтырып айтатындай-ақ екен.

Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button