Бас тақырып

Аға басылымда – айшықты жобалар

Ұлыстың Ұлы күнінде дүние жаңарып, тіршілік түрленеді. Жаңа күннен жақсы үміт күтетін дала дағдысы өз үрдісінен жаңылмақ емес. Қысқасы, қоңыр күзде жылы жаққа ұшқан құстың қанатына аманат іліп, көгілдір көктемде қайтқан құстың жолына зор үмітпен қарайтын халықпыз. Биылғы көктем Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы тарихи шешімімен дараланды.

 Бұл шешім – бір адамның ғана тағдырына емес, тұтас мемлекеттің тағдырына қатысты тарихи тәуекел. Яғни, Елбасы мемлекет тағдырын өз тағдырынан биік қойып, жас мемлекеттің келісті келешегі үшін кемел шешім қабылдап отыр.

***

Ұлыс күні қарсаңында осынау айтулы оқиғалармен бірге аймақ өмірінің айнасы – «Ortalyq Qazaqstan» газетінде, облыс әкімі Ерлан Қошановтың тапсырмасымен жаңғырту жұмыстары бастау алды.

 Бүгінгі күні жаңа медианың қарқынды дамуы дәстүрлі БАҚ-қа жаңа талаптар қойып отырғаны белгілі. Осы талап үддесінен шыққандар ғана бәсекелестікте алға озып, оқырманға сөзі өтімді болмақ.

Аймақ басшысы «Ortalyq Qazaqstan» ақпарат таратудың заманауи тәсілдеріне, терең талдау мен салмақты сараптамаға, журналистік зерттеулерге, сонымен қатар өткір сынға да орын беруі қажет екенін атай отырып, газет назар аударуға тиісті нақты бағыттарға тоқталған болатын.

Осыған сай, отандық және шетелдік танымал газеттердің тәжірибелері зерделеніп, басылымға дизайндық өзгеріс жасалды. Басылымның атауы заманауи сипатта бедерленіп, логотипі бекітілді.

 Газетті дизайн ғана емес, мазмұндық тұрғыда жаңғырту аса маңызды. Бұл ретте жоғарыда аталғандай, сараптамалық сипатқа басымдық беріліп, қазіргі заманғы тренд тақырыптарға, оқырманмен байланысты күшейтуге назар аударылады. Халықтың өтініш-тілегін биліктің назарына жеткізетін «1001 сауал» айдары, бұған қоса танымдық, құқықтық сауаттылықты арттыратын «Анықтама бұрышы» айдары ашылады.

Арнайы «Баған» айдарын ашу, яғни, газет бетінен колумнистерге мінбер беру жобасы газетіміздің бүгінгі санынан бастау алды. Онда белгілі қоғам, өнер қайраткерлері, экономистер, сарапшылар көпшілікті толғандырған көкейкесті мәселелерге қатысты тұжырымдарымен бөлісіп отырмақ.

Оқырмандарымыздың басым бөлігі бюджет саласының қызметкерлері екені мәлім. Соған орай, ғылым мен білім, денсаулық сақтау салалары үнемі назарда болады. Бұл орайда «Шамшырақ», «Дауа» беттері қайта жаңғыртылды.

Тағы бір маңызды мәселе – газеттің жастар арасындағы танымалдығын арттыру. Осы мақсатта жастар үшін арнайы бет ұйымдастырылып отыр.

Экономикалық, әлеуметтік мәселелермен қатар, рухани құндылықтарымызды ұлықтау ақпараттық жұмыстардың аса маңызды бөлігі болуы тиіс. Бұл ретте қазіргі әдебиетіміздің даму барысын қамтитын «Қаламгер» беті оқырманға жол тартты.

«Ortalyq Qazaqstan» газеті облыстық Тілдерді дамыту басқармасымен бірлесіп қолға алған латын әліпбиін насихаттау жобасы да бүгінгі нөмірден бастау алды.

 Тағы бір бастамамыз – түрлі салада айрықша талантымен, еңбегімен дараланған, республикалық, халықаралық деңгейде танылған жерлестерімізді ұлықтап, газеттің төрінен орын беру. Еркін сұхбат форматындағы бұл жоба газетіміздің келесі санынан бастап «Сыр сандық» айдарымен жарық көреді.

Келесі қадам интернеттегі оқырманмен, әлеуметтік желімен жұмысты және газет сайтын құрылымдық және мазмұндық тұрғыдан жетілдіру, оның интернет кеңістіктегі бәсекеге қабілетін арттыру болмақ.

Сонымен қатар, газетке көзқарасты өзгерту, қоғамдағы беделін арттыру, ақпараттық жұмыстарымен қатар, елдік рухты ұлықтайтын, қоғамдық мән-маңызы бар мәдени, спорттық, интеллектуалдық жобаларды да жүзеге асыру «Ortalyq Qazaqstan» жұмысының үлкен бағытына айналады.

Әрине, осы айтылғандар білікті шығармашылық ұжымның арқасында ғана жүзеге асады. Сол үшін редакцияның жұмысын, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, материалдық-техникалық базаны нығайту бірге жүргізілмек.

Ұлыс оң болсын, халқымыздың береке-бірлігі арта берсін, ағайын!

Қамбар АХМЕТ,

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button