Бас тақырыпЖаңалықтар

Ақша қалай пайда болды?

Адам баласының өмір сүруі мен әрекет етуінің ажырамас құралының бірі – ақша. Ауа мен су қаншалықты қажет болса, ақша да адамға соншалықты қажет. Ауа мен су Құдайдың берген несібесі болса, ақшаны адам қолдан жасайды, бірақ маңызы олардан бірде-бір кем емес. Өйткені, ақша – тамақ, ақша – киім, ақша – денсаулық, ақша – білім… Бәрі – ақша. КСРО-ның идеологиясы ақшадан тежелуге, құмар болмауға, елікпеуге үндесе, қазіргі өмірде «Ақшаны мол тап, барынша көп ал» дейтін идеологияға жерік болдық. Ақша адамзат үшін материалдық демеу болғанымен, ешқашан рухани құндылық емес. Сондықтан, оның қарымы – шолақ.

Мен бүгін осы ақшаның КСРО-ның және одан бұрын өмірімізге қалай енгені, қандай күйлерге ұшырап, қанша рет ауысқаны туралы тоқталмақпын. Өйткені, оның шығу тарихын, өткен жолдарын біле жүргеніміз де абзал.

«Аузы жоқ, мұрны жоқ, аяғы жоқ, қолы жоқ Ақша деген зат шықты» дегеннен, алдындағы ақтылы қойы мен алалы жылқысын мыңғыртып айдап кетуге шамасы келетін ақшаны қазақ байлары жек көрген. Алғаш рет орыс ақшасы қазақ даласына ХІХ ғасырдың басынан келе бастаған. Ал орыс жеріне ақша Алтын Орданың қол астында болған. Күмістен, мыстан құйылған құйма тиындарды «пұл» деп атаған. Бұл ақшалар Алтын Орданың барлық аумағына тараған (Қазақ кейде «бұл» деп атайды, қымбат дегенді «бұлды» деп атайтыны содан). Оның бетіне номиналды көрсеткіші мен сол кездегі ханның аты және оған мадақ жазылған. Мысалы, «Әз-Жәнібек – әділ хан». Осындай ақшалар қазба жұмыстары кезінде Ресей аумағынан көп табылған. Тіпті, ол кезде бір – біріне бағынбайтын князьдіктердің басшылығында болған орыс қалалары да өз ақшаларын осылай құйып, «пұл» пул деп атаған. Ал, кейін оның атауын «деньги» (бұрын «деньга») деп өзгерткен. Бұл сөздің төркіні де түркілік «теңге» екені мәлім. «Рубль» деген сөздің этимологиясы орыстың «рубить», яғни, «шауып бер», «үзіп бер» дегенінен алынған. Ақшаны тұтас бермей, сығымдап жұмса деген мағына сияқты. «Копейка» деген сөздің өзі алғашқы тиындарда найза ұстаған батыр бейнеленгендіктен қалған. Орысша найзаны «копье» дейді ғой, оның суреті бар тиынды «копейка» деген.

1917 жылғы буржуазиялық-демократиялық ақпан төңкерісінің нәтижесінде мелекет басшылығына келген уақытша өкімет патшаның ақшасын бұрынғыдан да көп шығарып, құнын түсіріп, ұсақтата берді. Уақытша өкімет Николай ІІ-нің шығарған ақшасынан да көп ақша шығарыпты. Әрине, бұл инфляцияны еселеп арттырып, ақшаны барынша құнсыздандырған. 1917 жылдың аяғында орталық билікті большевиктер басып алған болса, Сібірде, Оралда, Ресейдің оңтүстігінде бірнеше өкімет болды. Солардың бәрі өз ақшаларын шығаруға тырысқан. Большевиктер өкіметті қолына алып, бұрынғы империяның барлық жеріне әмірін жүргізген 1922 жылы ақшаның 2000 – ға жуық түрі болған екен. Большевиктер басып алған жерлердің бәрін Кеңес өкіметі деп танысақ, оның ең алғашқы ақшасы 1919 жылы шыққан. 1922 жылдан бастап КСРО-да тағы ақша бірлігі айналысқа енгізілді. «Червонец» деп аталған мұның 25 пайызы алтынмен қамтамасыз етілген еді. «Червонный» деген сөздің өзін орыстар поляктың «қызыл алтын» дегенін білдірген «чер вон» сөзінен алған. Кеңестің алғашқы тұрақты валютасы «червонец» осы күнгі доллар сияқты құнды болыпты. 1924 жылдың басында «червонецтер» елдегі қаражат айналымының 80 пайызын қамтыған негізгі ақша болды. Сонымен қатар, ол экономиканың тұрақтануына да игі әсерін тигізді.

Тоқпақтың күштілігінен болуы керек, соғыстың алдыңғы жылдарында Кеңес Одағының экономикасы қалыпты жағдайға еніп, тұрақты дами бастаған. Ал, соғыстың басталуымен мемлекеттік бюджеттің шығысы күрт артып, кіріс азайып кетті. Соғыс шығындарының артуы себепті бюджет тапшылығы орын алған. Мемлекеттік шығыс кірістен артқан сайын оны жабу үшін мемлекет қосымша ақша шығару (эмиссия) амалына барады. Қажетті шығыстарды жабу үшін кірістен артық шығарылған ақша массасы оның шексіз құнсыздануына соқтырған. Соғыс кезінде 4 есе көп шығарылған ақша құндылығы 100 есеге жуық төмендеп, түкке жарамайтын қағазға айналып қалған. Сондықтан да шығар, халық оны соғыс қорына миллиондап өткізген. Соғыстан кейін ақша реформасын жасауды қолға алады. Алайда, 1946 жылы астық шықпай қалуына байланысты болған аштық оған мұрсат бермей, ақша ауыстыру, тек 1947 жылы жүргізілген. Бұл халықтың көңіл-күйін көтеріп, карточкалық режимді жойған. Қатаң тәртіптің арқасында КСРО экономикасы бір қалыпты арнаға түсе бастаған.

Осыдан кейінгі ақша ауыстыру КСРО-да 1961 жылы жүргізілген. Көптеген сарапшылардың айтуына қарағанда мұның ешқандай экономикалық тиімділігі де, қажеттілігі де болмаған. Бұл Хрущев «валюнтаризмінің» кезекті эпизоды ғана екен. Дегенмен, бұл реформа ақша айналымын жеңілдетіп, есеп жүргізу жүйесін оңайлатқан.

1991 жылы еліміз тәуелсіздігін алған соң екі жыл бойы Қазақстан КСРО-ның ақшасын қолданғанын білеміз. 1993 жылы шілдеде Ресей Федерациясы көршілеріне ескертпей өзінің жаңа ақшасын шығарып, ескі ақшаның тек қазан айына дейін айырбасталатынын жариялады. Қараша айында Қазақстан өз ақшасын айналысқа енгізіп, рубль аймағынан шықты. Міне, біздің қолымызда жүрген ақша атты құнды қағаздың өткен тарихы қысқаша айтқанда осындай. Биыл төл теңгеміздің айналымға шыққанына – 25 жыл. Қылшылдаған жігіттік шақтағы валютамыздың қайрат күші мұқалмай, ғұмыр жасы ұзақ болсын, мәртебесі әлемдік деңгейді бағындырсын деген игі тілегімді білдіремін.

Гүлбаршын ҚАЗИЕВА.

Қарқаралы ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button