Бас тақырыпРесми

2020 жылдың 1 қаңтарынан…

 

… мас күйінде қылмыс жасаған адам 10 жылға бас бостандығынан, сондай-ақ, өмір бойы көлік басқару құқығынан айырылады. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде мас күйінде көлік айдағаны үшін 30 тәулікке дейін әкімшілік қамау мерзімі ұзартылып, көлік жүргізу құқығынан айыру мерзімі 8 жылға ұлғаяды. Егер азамат өз куәлігінен айырылса да мас күйінде көліктің рөліне отырса, онда көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айырылады.

***

… мал ұрлығы үшін қомақты айыппұл салынып, 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал, ірі мөлшерде адамдар тобымен алдын ала сөз байласып жасалса, 7 жылға дейін жаза тағайындалады. Бірнеше рет немесе мал қораға кіріп жасалса, 10 жылға сотталады. Аса ірі көлемде және қылмыстық топ болып ұрлық жасаса, 12 жыл бас бостандығынан айыру көзделеді. Осы санаттағы қылмыстар бойынша татуласуға рұқсат жоқ.

***

… есірткіге жарнама жасағаны үшін бас бостандығынан айыру көзделген. Мерзімі – 6 жылға дейін.

***

… жыныстық қатынасқа қатысты қылмыстар ауыр қылмыс санатына өтті. Ал, балаларға қарсы жасалған осындай қылмыстар аса ауыр қылмыстар санатына жатқызылады. Баланың зорланғаны туралы хабар бермегендер 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Осы санаттағы ауыр қылмыстар бойынша татуласуға жол берілмейді. Ал, балаларды зорлағаны үшін жазаның мерзімі 20 жылдан басталады.

***

… заңсыз аңшылық және балық аулау тәртіп бұзу қатарынан шығарылып, орта деңгейдегі қылмыс санатына жатқызылады. Ондай қылмыстар үшін келесі жаза түрлері қарастырылған:

 10 миллион теңгеге дейінгі айыппұл және 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру;

қорықта заңсыз аңшылық пен балық аулағаны үшін 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру;

ірі мөлшерде және ұйымдасқан қылмыстық топпен жасалса, 10 жыл­ға дейін бас бостандығынан айыру;

киіктерді атқаны үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру;

браконьерлік қылмыстың барлық санаты бойынша заңсыз аң аулау құралдары – қару-жарақтар, көлік пен мүлікті тәркілеу.

 Заң бойынша орман шаруашылығы инспекторының өміріне қауіп төндіру құқық қорғау органдары қызметкеріне шабуыл жасаумен бірдей болады.

***

… шағын бизнес 2020 жылдан 2022 жылға дейін КТС, ЖТС, әлеуметтік салық және бірыңғай жер салығын төлеуден босатылады. Сондай-ақ, тексеруге мораторий енгізіледі.

***

… жеке кәсіпкерлердің патент негізінде арнаулы салық режимін қолдануы бойынша жаңа талаптар күшіне енеді. Қызмет түрлерінің тізіміне тек 32 бағыт енді

***

… Салық органдары ЭЦҚ бермейді. Ұлттық куәландырушы орталық берген сандық қолтаңба ғана жарамды болады. Кабинетке кіру ҰКО ЭЦҚ немесе СМС-пароль арқылы жүргізіледі.

***

… егер бұрын фискалдық органдар тек ескертулермен шектелсе, енді БКМ қолдануға байланысты бұзушылықтар 7-ден 25 АЕК-ке дейін (18,6 мың теңге – 66,3 мың теңге) айыппұлға ауыстырылады.

***

… халықаралық почта жөнелтілімдерімен жіберілетін, сондай-ақ тасымалдаушы бір жеке тұлғаның атына жеткізетін жеке пайдалануға арналған тауарларды бажсыз әкелу нормалары 200 еуро және 31 келіні құрайды. Белгіленген нормалардан асып кеткен жағдайда кедендік төлемдерді құннан 15% ставка бойынша, бірақ құндық және/немесе салмақтық нормалардан асып түсу бөлігінде салмағы келі үшін 2 еуродан кем емес мөлшерде төлеу талап етіледі.

***

… жер салығы бұрын жердің бағалау құнына тәуелді болса, енді ол табыстан есептелетін болады. Мөлшерлеме табыстың 0,5% құрайды. Бұл шағын шаруа және фермер қожалықтарына табыс салығын төлеуден үш жыл мерзімге босауға мүмкіндік береді.

***

… белгіленген салық заң жүзінде жойылады. Төлеушілер салық салудың басқа режимдеріне көшуі тиіс

 

Басқа материалдар

Back to top button