Главная » Руханият » Ескерткіш тақта қойылды

Ескерткіш тақта қойылды

Тарихи тұлға, Орта Азияның 7 дүркін, Қазақстанның 14 дүркін чемпионы Әлімшайқы СӘЛІМБАЙҰЛЫ тұрған үйге ескерткіш тақта қойылды. Бұл – данқты балуан атындағы көше немесе Ақжал кенті үшін ғана емес, аудан көлеміндегі айтулы оқиға болды.
Салтанатты сәтте Шет ауданы әкімінің орынбасары А.Әбілдин, кенттегі ақсақалдар алқасының төрағасы С.Қамбар, Ақжал кентінің әкімі М.Молыбаев әйгілі жерлес жайлы жылы лебіз білдірді. Балуан қандай құрметке де лайық екенін атап айтты.
1945 жылы 12 тамызда Мәскеудегі «Қызыл алаңда» өткен бүкілодақтық денешынықтырушылар шеруіне қатысу құрметіне ие болған, аты аңызға айналған балуанның ұлағатты өмір жолы, адами биік қасиеті – өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Былтыр кенттегі спорт кешеніне есімі беріліп, артында қалған ұрпағы ғұмырнамалық кітап шығарған еді.
Қабырғаға бекітілген ескерткіш тақтаға «Бұл үйде атақты палуан, қазақ күресінің майталманы, спорт шебері, Қазақ ССР-інің бірнеше дүркін чемпионы Әлімшайқы Сәлімбайұлы тұрған» деп жазылған. Күрес өнерінің «жілігін шағып, майын ішкен» майталман палуанның үйінде бүгінде Әділхан Омаров отбасымен тұрады. Ол да спорттан құралақан емес, еркін күрестен спорт шеберлігіне үміткер.
Салтанатты іс-шара қазақ күресінен жасөспірімдер арасында өткен турнирге ұласты.

Өз тілшімізден.
ШЕТ ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*