Главная » Орталық ақпарат » Өңірдегі ахуал – тұрақты

Өңірдегі ахуал – тұрақты

      Бейсенбіден бері күннің күрт жылуы – аймағымыздағы су деңгейінің көтерілуі мәселесін де айналып өтпеді. Дегенмен, облыстың төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жағдайды ушықтырмау мақсатында тиісті шаралар атқарылуда.
Жауын-шашын мен еріген қар салдарынан биылғы 21-24 наурыз аралығында аймағымыздың үш елді мекенінде (Теміртау қаласы, Абай және Бұқар жырау аудандары) 12 үй су астында қалған еді. Дегенмен, осы күні аталған 12 үй судан арылтылды.
Бұдан бөлек, 12 сәуір күні сағат 20.00-де Осакаров ауданына қарасты Николаевка елді мекеніне жақын Сабырқожа өзенінде жүріп өткен сең салдарынан, өзен жағалай орналасқан 20 үй ауласын су басты. Сол күні сағат 21.30-да жергілікті атқарушы органдар күші (10 адам және 5 бірлік техника) және облыстық ТЖД бөлімшесі (63 адам және 10 бірлік техника) өзен арнасындағы судың кедергісіз ағуына жағдай жасалды. Жағдай толығымен тұрақтандырылды. Мерт болғандар мен зардап шеккендер, қираған жылжымайтын мүліктер тіркелмеді.
13 сәуір күні сағат 8.00-ден бастап өзен арнасы мен елді мекенде жергілікті атқарушы органдар және шаруа қожалықтары күшімен санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, бұзылған жол төсемдерін қайта қалпына келтіру жұмыстары да ұйымдастырылды. Жергілікті атқарушы органдар мен ТЖД бөлімшесінің бірлескен жұмысының, жедел іс-қимылының және реттелген әрекетінің нәтижесінде су деңгейінің көтерулі тоқтатылды.
Жол төсемдерінің үстімен тасқын жүру оқиғалары Қарқаралы, Бұқар жырау және Шет аудандарындағы республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар 9 жол учаскесінде тіркелді.
Облыстық ТЖД хабарлауынша, Шет ауданы арқылы өтетін Алматы-Ека­теринбург трассасындағы жергілікті маңыздағы Шопа учаскесінде де қызыл су жүріп жатыр. Жол өзен арнасы бойымен салынып, ағымға кедергі келтірмеуіне байланысты, бұл жайт маусымдық сипатқа ие. Десе де, ескерту белгілері қойылған. Жергілікті полиция қызметкерлері тартылып, бекет орналастырылған.
Тұрғындарды тасымалдау үшін жүзу құрылғылары бар ТЖД құтқарушыларымен кезекшілік ұйымдастырылған. Бұл ретте, Шопа елді мекенінің қырда орналасқанын да айта кеткен жөн. Сондықтан, елді мекен мен республикалық маңызы бар тас жолды су басу қаупі жоқ.
Облыс тұрғындары мен аума­ғын су тасқыны кезеңінде апаттық жағдайлардан қорғауды ұйымдастыру мақсатында республикалық «Су тасқыны қатерлерінің алдын алу және жою жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған шаралар кешені» атты жол Картасына енгізілген іс-шаралар ойластырылды.

Рауан ҚАБИДОЛДИН.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*