Главная » Жасампаздық жолында » Қуатты компания

Қуатты компания

          «Еліміздегі кен өндіру өнеркәсібінің болашағы — осындай алыптар».

Бұл — «Анненск» кеніші пайдалануға берілгеннен кейін алғашқы құрметті қонағы болған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ сөзі.

Шахта шыңырауына түсіп, технологиясымен танысқан соң Елбасы осылай қадап айтыпты. Президенттің назарына ілігіп, осы өңірде осындай жоғары бағаға ие болған басқа кәсіпорын есте жоқ.

Елбасы берген бағасын

Өткеніне үңілсек, оның “толғағы” оңай болмады. Кеңестік кезеңде басталған құрылысы жиырма жылдай “жырға” айналып, ақыры қоғамдағы тоқырауға келіп килікті. Одақ ыдырады. Экономикалық байланыс босаңсыды. Қаржыландырудың қиюы қашты…

Қуаты кеткен комбинат оны қатарға қосудан күдерін үзген кезде келген шетелдік инвестор шаруаның бетін бері қаратты. Тоқсаныншы жылдың соңына қарай тұсауы кесілді. Басында шылбырын “Шығыс” ұстаған ол тиісті техника мен адам күші бөлінген соң жеке шаңырақ көтерді. Оңтайландыруға орай “Шығысқа” қайта қосылды.

Онда небір танымал шетелдік фирманың жетілдірілген техникасы қолданылады. “Параматик” бұрғы бойлатады. Қуатты “Катер” кен тиесе, төзімді “ТОРО” тасымалдайды. Проходкаға алымды “Аксера” мен қарымды “Миниматик” қойылған. Забой төбесін “Робольт” бекітеді.

Анненск” — аймақтағы терең шахта. Шыңырау түбі — шамамен жеті жүз метр. Кен қатпары — күрделі. Әдетте, Жезқазған аймағында көлбей құлаған кен қабаты онша ойыс емес, ал “Анненск” — айрықша. Оған қалыптасқан технологияны қолдану қолайсыз, әрі онша тиімді емес. Онда кен қатпарының орналасуына қарай оны өндірудің арнайы жүйесі жасалған.

Сыртқы сипаты соны кәсіпорынның тағы бір ерекшелігі — шахта құрылысының тарихында тұңғыш рет оқпанды ұңғылау мен коперды монтаждау қатар жүргізілді. Ал, скиптің жұмысы таразы тәріздес қозғалысқа негізделген: бір басына кен тиелсе, келесі басында түсіріліп жатады.

Скип оқпанының өнімділік қуаты сағатына 750 тонна кен көтеруге жетеді. Бастапқыда ол жылына 2 миллион тонна кен өндірсе, жобалық қуатына санаулы жылда жедел жетті. 2000 жылдың өзінде өндірістік тапсырманы негізгі көрсеткіштен мерзімінен бұрын орындап, жаңа ғасырдың табалдырығын бес миллион тонналық межемен аттады.

Ал, кенші қауым “Анненск” шахтасын “Арқаның алқасы” деп әспеттейді. Шындығында, сәулеттік сипатына қарасақ, оның тұрпаты осы өңірдегі көз үйренген басқа шахтаға таза ұқсамайды. Тіпті, талай елдің топырағына табаны тиген талай тарланның өзі “мұндай жобаны кездестіру қиын” дегенді айтады.

Әкімшілік-тұрмыстық корпусын сырткөз өнер отауының ғимараты деп ойлап қалуы әбден мүмкін. Оған өзіндік үйлесіммен қабысқан қос каперді қос. Қысқасы, көрген көзді қызықтыратын көрініс. Мәскеулік архитектор тобының қиялынан туған бұл жоба Франциядағы әлемдік байқауда — екінші орынды, ал Канадада алтын медальді иеленді.

Тауықты” толымды табыспен шығарып салған “Анненск” жеті қазынаның қадірлісі саналатын “Иттің” әр сәтін игілікті іске айналдыруда. Бұл — ұйымшылдығы жарасқан ұжымдағы әр мүшесінің моншақтата төккен маңдай тері мен бірегей біліктілігінің өтеуі. Әркім “Арқаның алқасы” атаған келбеті келісті кәсіпорында істейтініне мақтанады, мәртебе санайды.

Елбасы елеген, дүйім ел демеген шахтада шаруаның шырайын шығармау мүмкін бе?!

Жапандағы «Жаман Айбат»

Түн түндігі түрілмей кеншілер қаласынан көтерілдік. Жол шеті — “Жаман Айбат”. Жезқазғаннан Қызылордаға құлайтын тасжолдың тұсынан тура қырық шақырым қашықтықтағы “Мибұлақ” ауылына жол талғамайтын жүрдек автокөлікпен “әупірімдеп” әрең жеттік. Ептеп ерсілеу естілер: “Мибұлаққа” жеткенше ми “шайқалып”, “езу тілініп” кетті. Ауылдан “…Айбатқа” дейінгі көтермежол да жетісіп тұрған жоқ. Алайда, айтпағымыз жол жөнінде емес…

Екі жүз шақырымдай жолды артқа тастағанда, қарсы алдыңнан “алып” әріппен жазылған “Жаман Айбат” деген сөз шығады. Сәл ілгері жүрген соң тура сондай “Жомарт кеніші” дегенді кезіктіресің. Кеніштің қадасы қағылған кезден бері істеп келе жатқанға бұл екі сөз де көзге ыстық көрінеді.

Себебі, “Жаман Айбат” — қуатты кәсіпорынның өткені, ал, “Жомарт кеніші” — бүгіні мен болашағы. “Жомарт” — “Қазақмыс” өз күшімен қысқа мерзімде қатарға қосқан кеніш. Бастапқы кезде келген қарағандылық шахта құрылысшылары шаруаның шырайын шығара алмай, ақыры кері қайтқаны есте.

Компанияны дамытудың стратегиялық бағдарламасы бойынша салынған бұл кеніш жылына 4 миллион тоннадай кен береді. Мамандардың есебіне қарағанда, “Жомарттың” тек бірінші кезегінің өзі 27 жылға жобаланған. Ендеше, оның биік белесі әлі алда.

Қазір де кенде қалмағаны көзге көрініп тұр. Монолитті бетоннан құйылып, сырты қапталған скип-клет оқпаны жапан далада оқшау бой түзеген, аспанға асқақтайды. Төңірегіне кеніштің күнделікті қызметіне қажетті түрлі құрылым топтасқан. Жезқазғаннан басталатын теміржол табаны да осы оқпанға келіп тіреледі.

Тіпті, әкімшілік-тұрмыстық кешені де онымен жабық дәліз арқылы жалғасқан. Бізді бір топ маман күтіп тұр екен, жаңағы жабық дәліз арқылы бірден клетке қарай өтіп, шахта шыңырауына жол тарттық. “Табанымыз тиген тұс жер бетінен 600 метр тереңдікте жатыр” деді, жол бастаған жігіттің бірі.

Қойнауына құпиясын бүккен, тәулік бойы кен өндіру толастамайтын “шахта шаһары” — геолог, құрылысшы мен проходкашы қолынан шыққан керемет. Олар ұзақ уақыт “қалғыған” жерді ұйқысынан оятып, кеніштің келешек тағдырын кеншінің сенімді қолына тапсырды.

Келген кенші “Жаман Айбаттың” екінші тынысын ашты. Кен өндірудің вахталық тәсілмен ұйымдастырылуы Қарағанды, Кентау, Түркістан, Қызылордадан қатынап істейтінінің де көңілінен шықты. Жақындағы Жаңаарқа мен Ұлытау ауданы ауылының азаматына да жұмыс табылды.

…”Қырға” көтерілгесін кеншілердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымен таныстық. Жайлы жатақхана. Жаттығу залы. Бильярд бөлмесі. Қала мейрамханасына жетеқабыл екі қабатты еңселі асхана. Қысқасы, бәрі көңілден шықты…

(Жалғасы. Басы газеттің №№39, 40 сандарында).

Суреттерде: 1. Кеніштің кіреберісі. 2. «Анненск» шахтасы.

Әлібек Әбдіраш.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*