Главная » Тұлға » Қанжығалы қаламгер

Қанжығалы қаламгер

Иманжүсіп Құтпан-ұлы бір иірімінде «Бүркіт ұстап, басыңа шығар ма едім, Көзіме бір көрінші, Ерейментау!..» деп егілетіні белгілі. Ерейменнің басына қыран ұстап шыққандар бар шығар, ал ұлтына деген ұлағат пен ұран ұстап шыққандар кемде-кем болар. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Еңбек сіңірген Мәдениет қызметкері, Ерейментау ауданының Құрметті азаматы, ақын, жазушы, драматург, сатирик, Павлодар облыстық «Ақбеттау» журналының бас редакторы Сайлау БАЙБОСЫНОВ асқаралы 60 жасқа келіп отыр.

Сәкеңнің 2002 жылы «Дат», 2008 жылы «Рух», 2015 жылы «Қызылтау» атты жыр жинақтары шықты. 2008 жылы «Ерейментау», 2015 жылы «Қызылтау құтты қоныс, киелі аймақ», 2015 жылы «Қанжығалылар», 2016 жылы «Есімдері жүрсін деп ел есінде…» атты публицистикалық, тарихи-танымдық кітаптары басылды. 2016 жылы «Депутаттың бәтеңкесі» атты сатиралық жинағы жарық көрді. «Ажалын жоғалтқан адам» атты романының үзіндісі «Жұлдыз» журналында жарияланды. «Мылтықсыз майдан» драмасы Ақмоланың «Көкшетау», Керекудің облыстық «Найзатас» журналдарында оқырманға ұсынылды.

Сайлау Байбосыновтың мерейтойы қарсаңында «Өмірге деген өкпемді өлеңге барып айтамын» атты шығармашылық кешін өткізуі тегін емес. Ол 2008 жылы «Бір өлең – бір әлем» республикалық ақындар мүшәйрасының бас жүлдесін иеленген. 2009 жылы Үмбетей жыраудың 300 жылдығына арналған аймақтық мүшәйраның Бас жүлдесін ұтып алды. «Баба байрақ» атты дастаны 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Алаш тарихының ақиқаты» атты әдеби байқауда 1-орынға лайық деп танылды. 2016 жылы сатира жанры бойынша дәстүрлі «Алтын қалам» әдеби байқауының жүлдесін алды. Өткен жылы «Жүсіпбек пен Сұлтанмахмұт» поэмасымен «Ақжол» партиясы ұйымдастырған «Алаш арманы – Тәуелсіз қазақ елі» халықаралық мүшәйрасында 2-орынға ие болды.

Сайлау екеуіміз бір ауылда құлын-тайдай тебісіп бірге өстік. Желмен жарысқан балалық шақ зу етіп өте шықты. Армандар көп болатын. Есейгенде елге қызмет қылсақ деген ізгі арман бірге бүршік жарды. Ол қиялшыл болатын. Кітапты көп оқитын. Қағаз шимайлайтын. Рухани әлемге деген махаббат оны қаламгер болуға жетелепті.

Кейіннен мен ауыл орталығынан тысқары жердегі мектеп-интернатқа ауыстым. Мектеп бітірісімен дәрігерлік кәсіпті меңгеру үшін жоғары оқу орнына түстім. Сайлаумен біраз жылдар өткен соң ғана кездестім. Ол кезде Сәкеңнің жиырмадан енді асқан кезі. Шабыттың құлагерін ерттеп мінген өр мінезді жігітке айналыпты. Қара сөздің құдіреті ғой, бойындағы өнері асып-тасып, ерік бермей тұрған бұла ақынды көрдім. Өздігінен құйылып жатқан өлең жолдары еріксіз тәнті қылды. Халықты аузына қаратып, салған әні қандай, дүркіреп оқыған өлеңі қандай?! Сол кездесуден кейін арамыз үзілген жоқ. Сәкең мені қадірлеп, тұңғышын сүндетке отырғызуға шақырды. Сонда байқағаным Сайлаудың үйінің төрінде Мұқағалидың портреті ілініп тұр екен. Бұл мені таң қалдырды. Ол уақытта бәріміз үйіміздің төрінде әке-шешеміздің, балаларымыздың суретін шығарып іліп қоятынбыз. Ақындар деген ерекше ғой, таным-түсінігі, ой-санасы бізден бөлек. Ақын үшін ақыннан қастерлі не бар?!

Тәуелсіздік алған жылдары халқымыздың ұмытылған салт-дәстүрлері, жөн-жоралғылары қайта жаңғыра бастады. Атақты ақын Жүрсін Ерманның тынымсыз еңбегінің арқасында айтыс өнері жаңаша түр-сипат алып, ортамызға қайта оралды. Сол кездері Ақмола облысы Ерейментау өңірі, қасиетті Қанжығалы жерінен алғашқылардың бірі болып айтысқа Сайлау Байбосынов қатысты. Қара өлеңнің дүлдүлі өзінің бағын айтыста да сынады. «Балуанға оң мен солы бірдей» дейді қазағым. Сайлау айтыста да алмас қылышша жарқылдап, өлең сөздің құдіретін танытты. Аузы дуалы ақын жырларымен көрерменнің ықыласына бөленді. Дегенмен, Сайлау өз соқпағын парасатты поэзиядан тапты. Ол жан жұбанышын жазба әдебиеттен іздеді.

Оның бойында жігітке тән барлық қасиет бар. Сегіз қырлы, бір сырлы деп осындай адамдарды айтатын шығар. Ақындықпен қатар, жазушылық қыры Сайлаудың жаңа тынысын ашты. Оның роман-повесть, әңгімелері шынайы өмірдің шындығын бейнеледі. Кез келген ақын жазушылыққа бет бұра бермейді. Поэзия – асау толқын секілді, қайда апарып соғары белгісіз. Ал, проза – шымырлап ағып жатқан терең көл. Оның тереңіне, тек, санаулылар бойлай алады. Сайлау Байбосынов әдебиеттің екі саласына бірдей қалам тартып, жан дүниесіндегі арпалысты, мұң мен шерді жеткізді. Әрі осы шығармалары арқылы сансыз оқырманның жүрегінен орын алды.

Ол үнемі ізденіс үстінде жүреді. Драматургияға қалам сілтеді. Ол сатираның майталманына айналды. Оның әр әзілінде өмір зілі жатыр. Күліп тұрып ойланасың, ойланып тұрып кіжінесің. Оның әзілдерінде қорғасындай ауыр шындық шырылдап тұр.

Сайлаудың шығармалары – оның жан дүниесінің айнасы. Әңгімелеріндегі кейіпкерлерден оны мазалаған ойлардың ұшығын аңғарып қаласың, өлеңдерінен жан тебіренісі сезіледі. Өзіңді толғандырған ойларды жеткізе білу де – өнер. Мен адам тәнінің дертін сауықтыруға барымды саламын. Ол – адам жанының емшісі. Тәннің дерті жанды мазалаған ойлардан, күрсіністен, қиналыстан туындайды. Тәнді сауықтыру үшін әуелі жанды емдеу керек. Содан болар, сонау бала кезде арамызда орнаған нәзік байланыс ақын мен дәрігердің арасындағы мәңгілік достыққа жалғасты.

Сайлаудың қаламынан шыққан дүниелері республикалық басылымдарда жиі жарияланады. «Жас Алаш» газетінің Павлодардағы меншікті тілшісі. Кереку халқының жан айқайын жоғарыдағыларға жеткізіп жүрген журналист.

Сәкеңнің өнерпаздығы, жан-жақтылығы өз алдына, ол мемлекет ісіне бел шешіп кіріскен азамат. Ерейментау аудандық газетінің бас редакторы, мәдениет басқармасының бірнеше жыл тізгінін ұстады. Аймақтағы өнердің дамуы мен жетілуіне көп еңбек сіңірді. Облыстық, қалалық, аудандық газеттерді басқарды.

Сәкеңнің ағартушылық-зерттеушілік қыры бір төбе. Ол – ұмытыла бастаған тарихымызды қайта тірілтуге үлес қосқан жандардың бірі. Оның ізденімпаздығының нәтижесінде, өңірдегі батырлар мен би-шешендер туралы деректер кітап болып басылды. Тарихи оқиғалар мен ежелгі ата-бабаларымыз қалдырып кеткен өсиет сөздер қағазға түсті. Сәкең жазған аңыз-әңгімелер арқылы жас ұрпақ өткенімізге қанығып, Ұлы дала тарихымен танысты. Оның тарихи-танымдық шығармалары жастарды патриотизмге тәрбиелейтін, Елбасының «Мәңгілік Ел» ұғымын паш ететін құнды еңбектер. Оның бұл кітаптары «Рухани жаңғырудың» жаңа бір үлгісі болды.

Ол шалғайда жатқан менімен де ел тарихындағы құнды жауһарларды теріп-жинаған еңбектерімен бөлісіп отырды. Бірде ол маған жұмысқа хабарласып, «Бабамыз Жантай батыр туралы поэма жаздым. Бір данасын саған жіберемін, пікіріңді айт», – деді. Енді бірде Қарағандының жанынан өтіп бара жатқанда хабарласты. «Әдеби-фольклорлық экспедициямен ауылыңның жанынан өтіп бара жатырмын. Ата-бабаларымыз туралы жаңа деректер жинауға шықтық. Олар тұрған жерлерге тәу етіп, есімдерін ел есінде қалдыруды мақсат етіп отырмыз», – деді. Айтқандай-ақ, кейін сол экспедицияның қорытындысы ретінде Ерейментау өңіріне ғана емес, бар қазаққа мәлім Жантай батыр секілді тұлғалардың, сарбаздардың өмірін тілге тиек еткен кітап жарыққа шықты.

Сәкең алпысқа құр алақан келген жоқ. Атаққа да кенде емес. Алған марапаты бір атанға жүк боларлық. Ал, халықтың оған деген ықыласы мүлде бөлек. Жыл басында Ерейментау халқы Сайлаудың 60 жасын дүркіретіп өздері атап өтті. Бұл да – халықтың сүйікті ұлына көрсеткен құрметі.

Ахмет Байтұрсынов «Елге қызмет ету мінезден» дейді. Елге берерің әлі алда.

Бейбіт САҒЫМБАЕВ,

дәрігер.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*