Главная » Руханият » Түрме түні

Түрме түні

(қаз қалпында)

Камераның есігі сарт-сұрт ашылып жатыр. Әлдебіреу жүгіріп өтті, әркімнің әкіреңдеген боқтық сөзі. Тағы не боп қалды екен деген мазасыз ой жүйкені жегідей жеген.

– Шық! — деген бұйрыққа қоса сол қолына кісендісі, қоса жеткен.

Күнде ұмытып кетпесе «демал» деп шақыратын киіз үйдің орындай алаңша болушы еді, солай қарай айдаған. Сол жерде тағдырлас серіктесім Зейнолла тұр екен. Е, құдай, жау емес тірі адамды көретін күн де болады екен. Анау бір отызыншы жылдардың иісі аңқыған, отыз жетінің зар қабырғасынан естілгендей болатын түрменің камерасында сегіз ай бойы жалғыз қамауда болған басыма мынау бір жұмақтай көрінген. Сол камерадан тергеуге ғана апаратын. Көретінім бедірейген тергеуші Мұқанов қана еді. Артқы жағымнан келіп соққыға жығатындарды да көріп үлгермейтінмін. Е, бір жолы Мұқановтың сементал сиырдай жап-жалпақ орыс қатынын көргенім бар. Орындықтың арқасына мені таңып байлап тастаған еді. Соған да іштей қуанғанмын. Соққанда орындықпен қоса құлайсың, тепкенде бірер тепкісі орындыққа тиеді деп іштей жорамалдайсың.

– О, боже, – деді көккөз жалпақ сары қатын.

Бөтеннен көрген тірі адамым сол қатын. Енді, міне серіктесім Зейнолла алдымда тұр. Сенейін бе, сенбейін бе?

– Сен қайдаң тұрсың?

– Айтпады ма? Этаппен жөнелтетін болыпты.

Алаңшаның бір бұрышындағы темір есік ашылып, ар жағындағы темір қапасты машинаға мінгізіп, ала жөнелген. Қайда апарады? Бәрі жұмбақ. Өткенде тап осы темір машинаға мінгізіп сотқа апарған. Секіріп түскенде ентелеп тұрған овчаркасы жұлып ала жаздаған. Арсылдаған төрт — бес ит, мылтықтарын сарт-сұрт еткізіп, оқ салып дайындаған бір бөлімше әскердің арасынан өткізген еді. Әлде кімнің атымды айтып айқайлағанын естігенмін. Ал, бүгін ше? Осы бетіне жүк пойыздардың біріне жалғанған вагонзакқа салып жүре берер ме екен. Ең болмаса үй ішінің біреуімен жолықтырып, қоштастырмады да ғой. Әйтеуір, жол азық алдыртыпты. Жүрісіміз ұзаққа созылмады. Темір жәшіктің әр қабырғасына кезек-кезек соққылаған мәшине кілт тоқтады. Кенет есік ашылды.

– Шығыңдар!

Бұрын көрмеген ғимараттың алдында екенбіз. Айнала тегіс тікенекті сымдармен қоршалған. Сұп-сұр ғимараттан жаздың осы мезгілінің өзінде суық ызғар ескендей. Айдай жөнелген. Тағы да кісі жейтін овчаркалар, тағы да мылтықтарын кезенген солдаттар. Қайда әкелгенін білгім келіп, шыдамсызданып-ақ келемін. Бір реті келгенде

– Бұл қай жер? – деп қалдым айдаушыға.

– Он алтыны білмеуші ме ең?

– Е, атақты он алтыншы түрме осы екен ғой. Совет Одағы көлеміндегі ең атақты түрме екенін естуші едік. Жиырма деген жастан жаңа ғана өткен шақ. Аз ғана ғұмыр, дүние есігін кеше ғана ашқан шақтан бергі мезгіл көз алдынан тізіліп өте шықты. Ендігі ғұмыр түрмеден түрмеге түсу болғаны да. Өзі қалап алған жол. Мына орыстың отаршыл зомбылығына қарсы «ЕСЕП» деген ұйым құрды. Туған халқы қырғыннан, атып-асудан есеңгіреп, мүлгіп жатыр. Япыр-ау, бір азамат бірдеме деу керек қой. Бұлар өздерін құрбандыққа шалған топ.

– Бас аяғыңды! – мылтықтың ұңғысының ұшы арқаға қаттырақ тиді.

Түрменің әлде екінші, әлде үшінші қабатына айдап апарып, бір камераның есігін ашқанда, қолдарды шешіп мылтықтың дүмімен итеріп, кіргізіп жіберген. Камераның іші бос, тірі жан жоқ. КГБ-нің түрмесі емес, бұзақы-бұзатарларға толы түрмелерде әр камерада пәленше адам отырады деп еститін едік, мынасы түсініксіз бір түрлі көрінді. Торланған терезенің өзі түстік жаққа қарап тұр. Камераның қай тұсына орналасарымызды білмей сәл аялдадық. Төр, естуімізше, нағыз бандиттің орны. Енді онымен төбелесіп жату орынсыз. Сол жақ қабырғаның орта тұсына жайласқанбыз.

– Тек екеуіміз, ә? – деп Зейнолла таң-тамаша.

– Иә, бұған да шүкір.

Шүкір демеске лаж бар ма Бұзатардың бір тобын кіргізіп жатса, енді солармен айқасып қалу біз үшін пайдасыз. Біз сияқты саясимен сотталғандарға үстеме пәле жалғап, «төбелес ұйымдастырды» деп қосымша кесік жалғай салу түкіргеннен оңай. Ей, Алла шүкір демеске болмас.

Бір түрменің ішінде пәленше ай жатсақ та көріспеген екеуіміздің айтарымыз да жеткілікті. Бірақ, мына оңашалауларынан тағы сескендік. Әйтеуір, осы камераның бір жерінде бізді көретін көз де, тыңдайтын құлақ та барын ішіміз сезеді. Бірер сөз айтып қана мылқау адамша ымдасып, аман қалған жолдас-жоралар туралы тіл қатысқан болдық. Таудың қуысында қалған машинка туралы пианино ойнағандай саусақтарды билетіп, ол туралы еш сезіктің болмағанына риза болыстық. Машинисткамыз Рымкеш әйтеуір әзірше дін-аман. Машинканы тыққан жерімізді ұсталардан тура бір ай бұрын біздің шаңыраққа жаңа түскен келіншегім Ғалияға жобалап көрсеткенмін.

Коридордан тағы бір шу шықты. Түрме шусыз, айқай-ұйқайсыз, болушы ма еді, тек мына шу біздің камераның алдында болып жатқанға ұқсайды. Біреуді біреу желкелеп жатқандай. «Жазығым не?» дегенді құлақ шалды. Салдыр-гүлдір есік ашыла бастаған. Мылтықтың дүмі жауырынына қаттырақ тиген адам еңкеңдеп барып бойын түзеп қалт тұра қалды. Бойы орта бойлыдан жоғарырақ, сақал шашына ақ кірген қазақ жылдамдата басып келіп, камераның тура орта кезіне отыра кеткен. Жүрісі маған ерекше көрінді. Аяғын жылдамдата басқаны өзгешелеу көрінді. Тап осындай жүрісті біздің жақтың үлкендерінен көрген емеспін.

– Ассалаумағалейкум, ақсақал.

– Әлейкумсалам, – деп ақсақал бетін бұрды. Көз жанары өткір екен, сәлем берген менің өң-бойымды тінте қарап шығып барып, серіктесім Зейноллаға көз жүгіртті. Ақсақал үстіндегі қысы-жазы бірдей киюге жарарлық көнетоз сырма бешпентін шешті де, бір өңірін астына төсеп малдас құрып отыра кетті. Мұнысы да мені таң қалдырған. Иә, біз бір-бірімізге бөтенбіз ғой. Дегенмен мына кісі өзін тіпті, бөтен сезінетін сияқты. Сәлемімді алғаны болмаса бізге мойынын да бұрғысы жоқ. Жобасы елуден асып кеткен ақсақал өзінен ширек ғасыр жас біздің кім екенімізді де сұрамады. Біздің жақтағы жасы осы шамадағы ақсақалдар, үйірсектеу болушы еді, мына кісінің мұнысы қалай деген ой өзімді жегідей жеген.

– Ақсақал, ыңғайсыз жерге отырдыңыз ғой, төрлетсеңізші.

– Е, шырағым, төрлет де… – ақсақал күрсінді.

– Жасыңыз үлкен, төрлете отырыңыз.

– Төр де, шырағым. Төрге өрлеп болдық қой. Енді бізге төр не қажет, — деген ақсақалдың үнінде жабырқау да, түңілу де бар еді. Бетіме бажайлай тағы бір үңіле қарады. Неге үңіле береді, мына ақсақал. Көргенім осы, сенбейтіндей не жазып қалдым бұл кісіге. Айтпақшы, мен өзім де ешкімге сенбеуші едім ғой. Ол жағдайым өзіме түсінікті. Үкіметі мен партиясына қарсы жасырын жұмыс істеген соң, өмірім солай болуға тиіс еді. Ал, мына кісі… Құдай-ау, Совет үкіметіне де осындай бір шал қарсы шығыпты дегенді естіген емеспіз. Ахаң, Әлекең бастаған талай-талай ел ақсақалдары отызыншы жылдардан бері асқан жоқ. Сонда, мына кісі кім? Тап Ахаңдардың тобынан жазатайым біреуі тірі қалып, түрмеден түрмеге кезіп жүрсе біз сияқты өрімдей жаспен тілдеспей қалмас еді. Ахаңдардың тобынан деуге қисыны келмейді-ау, қисыны келмейді.

– Ақсақал, ең болмаса жақындай отырсаңызшы. Тіпті, ұят қой мынауыңыз.

– Ей, шырағым, қайтесің менімен араласып, осы әркімнің өз жөнімен жүргені тиімді шығар. Мені бір кердеңдеген адам деме, бірақ жөні солай болып тұр ғой.

Мына ақсақалдың бізбен сөйлескісі жоқ. Дегенмен, тегін адам емес. Санамды белгісіз күдік билеп бара жатыр. Тегін адам емес-ау… Ғалым шығар. Бірақ, біздің «халық жауын» әшкерелегіш, кешегі досын «жау ниетін білмей қалғыштарды» көпіртіп жазатын газеттер әзірге үнсіз еді. Сонда Құдайдың мына пендесі кім? Құпия адаммен тіл қатысып отырған мен ғана. Серіктесім үнсіз тыңдаған.

– Кім деп түсіндік мына кісіні? – деп қалдым оған.

– Білмедім, – деп Зейнолла иығын көтерді.

Бешпентінің бір өңірін астына басқан ақсақал бір мезетте шалқалай, шалқалай берді де құлап түсті. Аяқ — қолын жөнсіз сілтеп, тыпырлап жатыр. Мұндайды көрмеген басым, түршігіп кеткенмін. Дегенмен, ата-анамның, әжемнің Алланың пендесіне әркез көмектесу парыз деп үйреткені еркімді жиып алуға көмектесті. Жүгіріп жанына барып, ақсақалдың бетіне үргіштеп аяқ-қолын Зейноллаға уқалатып, әуре болдық та қалдық. Аздаған суымыз бар еді, сереңдеп жатқан беймәлім жанның бетіне бүркідік. Көзін ашты-ау бір кезде. Өзіміздің де жан-теріміз шыққан. Басын көтеріп, сүйемелдеп отырғызғанбыз. «Ішіңіз» деп берген суымызды бірер ұрттап барып дем алып, зорға тауысты.

– Ақсақал, не болды?

– Солай, шырақтарым.

– Ауру ма едіңіз?

– Жоқ, ауруым жоқ еді.

– Енді… – деп біз аңтарылдық.

– Басыма бірде соққы тиіп, сонан бері анда-санда осындай күйге ұшырайтын болдым. Көрдіңдер ғой өздерің де. Бір жазылмас дертке душар етті.

– Ақсақал, туысқандарыңыз бар ма еді?

– Бар ғой, бар. Тек тым алыста. Олар мұнда келе алмайды, – деп өкінді ол.

– Ақсақал, айтыңызшы, сіз осы қай жақтансыз, – деп сұрадым.

– Қарағым, мен Қытай жағынан келген қазақпын, тап кәзір Қарабас дегеннің түрмесінен әкелді.

– Өзіңіз Қытайдың қазағы боласыз, мұнда қалай тап болып жүрсіз?

– Е, қарақтарым, тағдыр да. Ал, өздерің бұл түрмеге неғып түстіңдер?

– А, ол… – деп бүгіжіктеп бір-бірімізге қарадық.

– Айта беріңдер, менен сөз шықпайды.

– Саяси қылмыс істеп.

– Не дейсіңдер? – деген ақсақалдың көзі жайнап кетті.

– Саяси, ақсақал, бір жасырын ұйым құрып, сонан ұсталдық.

– Сонан…, — деді ақсақал.

– Әр жағын тәтпіштеп қайтеміз. Осында бүгін келдік, тағы бір жаққа жіберетін тәрізді. Енді сіз өзіңіз туралы айтыңыз.

– Есімім Дәлелхан болады.

– Дәлелхан дейсізбе? Бір естіген атым сияқты. Бірақ, мұндай есім біздің жақта кездеспейді. Қызық екен. Менің інім бар еді, аты Жәлел. Тым ұқсас аттар екен, — деп таңданысымды жасырмадым.

– Иә, түбіміз қазақ болсақ та, әр жақта түрлі өзгешелік болады ғой. Ақсақал тағы бізге жалтақтай қараған. Өңінде әйтеуір бір сенімсіздік бар.

– Сонымен, Дәке, сіз мұндай жағдайға қалай тап болдыңыз? Өзіңіз Қытайдан келген екенсіз.

– Тағдыр деген адамның тілегіне көнбейді екен.

– Сізді соттайтындай ұрлық істеп, кісі өлтірген жоқ шығарсыз.

– Ондай пәледен аулақпын.

– Енді не?

– Екі үлкен вагон түйісіп қалып, – деп Дәкең ақсақал қос жұдырығын бір-біріне соқты.

– Вагонда сіздің шаруаңыз не? Теміржолда істеп пе едіңіз?

– Жоқ, теміржолға жолаған пенде емеспін.

– Ендеше вагоныңыз не?

– Әй, шырақтарым-ай, екі дәу вагон түйісіп қалып… Дәкең қолын сілтей салды.

Түсінген ештеңеміз жоқ. Құдай-ау, вагоны не бұл кісінің? Енді бір ес жиып алайықшы, сонан соң тағы сұрай жатырмыз. Менің қапшығымда сынық сүйем қазы бар еді. Дәкеңнің алдына газеттің бірін жайып, азырағын турап тастадым.

– Алыңыз, Дәке, бұйырған ас шығар.

Дәкең бір турамын алды да алақанына салып «бүйтемін бе деп пе едім» деп басын шайқап ұзақ отырды. Құдай-ау, бұл не адам деп бетіне жалтақтаймыз.

– Алыңыз, Дәке, алсаңызшы.

Үсті-үстіне айта берген соң Дәкең ақсақал бір кертпе қазыны аузына салып, ұзақ шайнады. «Болдым, рахмет» дегеннің ишарасын білдіріп, қолын сүрте бастаған.

– Дәке, мұныңыз қалай? Ел дәмі ғой, — деп зорлағандай болып, тағы бір турамын еріксіз қолына ұстаттым.

– Әй, шырақтарым-ай, ұзын жолға, қатерлі жаққа кетіп барасыңдар ғой. Мен аштан өлмеспін. Өлсем, әйтеуір, қазақ жерінде сүйегім қалар. Мына азғантай астарыңды ешкімге көрсетпей енді тығып ұстаңдар, сан қысыларсыңдар, берік болыңдар.

– Ақсақал-ау, ендігі жағдайыңыз қалай болады? Не қылған вагондар ол?

– Енді маған ешкім көмектесе алмайды.

– Неге? Не жаздыңыз сонша?

– Ол вагондар… – деп бастап Дәкең сөзін жұтып қойды. – Тағдыр неткен ауыр еді? Туған жерді бір көре алмай кетемін де. – Дәкеңнің даусы жарықшақтана шықты. – Солай да… Енді маған ешкім көмектесе алмайды.

«Енді маған ешкім көмектесе алмайды». Жарықшақ үніне шексіз сағыныш, үмітсіз түңілу жатыр. «Енді маған…» «Енді маған…» Ақсақалдың өкініші санамды тілгілеп, жүрегіме қанжардың жүзіндей сұғына еніп бара жатыр. «Енді маған…»

Түрме коридорында тағы да шу шықты. Сол шуды қаһарлы да қатыгез бір айқай басып барады.

– Қайда деймін? Әлгі …баевты қайда тықтыңдар?

Қаһарлы дауыстың қай «…баевты» іздеп зіркілдегенін қалың шудан анық ести алмай қалдым. Не қылса да оның осынша жұлқына іздеген адамы бандиттің өзі шығар деп іштей топшылаймын. Тек Дәкең ақсақал сабырсызданып, қозғалақтап, тізерлей отыра қалыпты.

– Мына камерада, – деген надзирательдің үні естілді.

– Иоп твою… Оны ешкімге көрсетпеңдер, жолықтырмаңдар дегеніміз қайда? Сен иттің баласын осы үшін басыңмен…

– Ойбай-ау, осында отырған екі жігітте 58 статьямен сотталғандар. Сіз іздеген шал да 58 адамы. Сонан соң бірге қостық.

– Иоп твою…

Сарт етіп есік ашылды. Тепкі тиген надзиратель етбеттей құлаған. Түтігіп кеткен еңгезердей дәу қара мен жанындағы екеу Дәкең ақсақалды сүйрелей ала жөнелген. Есіктен аттай бере Дәкең артына мойын бұрып қарауға зорға шамасы келді.

– 58-бап, – деп серіктесім Зейноллаға қарадым. Ол үнсіз. Теріс қарап, темекісін тұтатты.

Сонда мына аз ғана уақыт бізбен бірге болған ақсақал қай 58 деймін іштей. Қайы несі? 58 деген бір-ақ бап қой. Осы мен нені шатастырып тұрмын. Бала кезімнен естіген-білгенімді, оқыған-тоқығанымды санама қайта жаңғыртып жатырмын. Біздің үйге әкеммен сырлас, бір-біріне сенетін ақсақалдар анда-санда бас қосқанда іштегі сырларымен бөлісетін. Оқушымын. Оқулықты бетіме жапсырып, оқыған болып күбірлеп қойып, кейде сыбырға көшкен әңгімелерін үздіге тыңдаймын. Иә, бір жолы үйге Алтыбай, Тұңғышбек, Тайбектің Омары деген үлкендер келе қалған. Әңгіме төркіні өткен жылдар туралы болып жатты. Белсенділердің талай сұрқия істері айтылды.

– Отыз екі осы Шет ауданының отыз екі мыңнан астам адамын жалмады, – деп қалды Омекең.

– Несін айтасың? Бір ауылдан бір бала қалмады ғой, – деп күрсінді Тұқаң.

Бәрі үн-түнсіз отырып қалған. Меңіреу тыныштықты екі бөлмелі аласа үйдің ортасындағы пеште жанған оттың гуілі ғана бөліп тұр. Тырс етіп еденге шоқ түсті. Әкем Жүніс шоқты таяқтың ұшымен әрірек сырғытып тастады. Мен бетіме жапсырылған кітапқа молырақ үңіліп, күбірімді үдете түскенмін. Үнсіздікті Алтекең бұзды.

– Әй, әлгі самолет құлады деген бар ғой…

– Қай самолет?

– Шығыс Түркістанның басшыларын алып, Мәскеуге беттеген ше.

– Иә, оған не бопты?

– Құлады дегені өтірік екен. Самолет Ташкетке қоныпты. Ішіндегілерді…

– Әй, оны қайдан естідің?

– Естідік қой.

Қайдан естігені туралы ешкім жіктеп сұрамады. Естіді – болды. Бұлар оны ешкімге айтпайды. Осы азғантай топ ішкі сырларын айтуға әбден сеніскендер, қатал өмірдің сынынан өткендер.

– Ішіндегілерді, — деп қалды Омекең.

– Соттап жіберген шығар. – Тұқаң серіктестеріне бажайлай қарады.

Ешкім үн қатқан жоқ. Мәселенің шетін шығарған Алтакең ештене естімеген адамдай шақшасын иіскелеп, жайына отыр. Мен күбірлеп кітап оқығансимын. Кімдер екен деген бір сауал санамның түкпірінде қалып қойған-тын.

Енді, міне… Япырымай Дәкең ақсақал солардың бірі болмаса игі еді. Не қылса да осы ақсақал тегін адам емес. 58-баппен сотталған. Талай құқайды көріп, талай арандатуды басынан кешкен адам екеніне енді жүрегім сенген. Сол арандатушының бірі ме деп бізге де сене алмай кетті-ау.

Түрме де түнге оранды. Түрменің күндізі де түн ғой. Терезенің аты терезе, оған ауызын көкке қаратып қалпақ кигізіп қойған. Тұтқынның көзі жарық сәулеге, әрі-бері ел ағылған көшеге түспейді. Ол бейшараға ондай бақыт та бұйырмайды. Көрінетіні төрт қабырға, терезені жапқан қалпақтан сығылған, жаңбырдың тамшысындай ғана сәуле.

Біз отырған камераға тағы бір төртеуді әкеліп тықты. Алдыңғы шомбалдай қараның артында бірін-бірі итере сығылысып үшеу тұр. «Әй, осылар қайдан келді» деген күдікті ой келсе де, аужайын аңғарғым келіп:

– Проходите, парни, – дедім. Орта бойлыдан сәл жоғарылау шомбал қара ызғарлана тісін қайрады.

– Вон там, наши места, — деп тікелей төрге озған. Екінші жіңішкелеу сары төрдегі орынды қалпағымен сыпырып тастады. Үшіншісінің де оңып тұрғаны шамалы. Төртіншісі тәпелтек біреу, аузы – аузына жұқпайды. Қаңылтырдай неме желге ұшып кетпей неғып жүр дегендейсің. Бір бұтақтан екіншісіне секірген шымшық сияқты тыным таппаған.

Үй іші берген азғантай ауқатымыздан ауыз тиіп, жиналып біз екеуміз отырмыз. Келгендердің төртеуі де орыс. Өзара күбір-күбір етіседі. Біздің ауыл кей көк көзді – тұздай деуші еді, шомбыл қара сол тұздайдың өзі. Неге екенін қайдам, орын ауыстырғансып, біртіндеп бізге жақындап келеді. Сырғи-сырғи таяқ тастам жерге келіп орналасқан. Сол жерде ұзақ күбірлесті. Ниеттерінің түзу еместігін біз де түсіндік. Сескенген серіктесім менің ту сыртыма келіп отырған.

– Мыналар… – деді ол.

– Иә, беттері солай. Қорыққанды білдіруге болмайды. Бір айқассыз бітпейтін түрі бар. Байқап отырмын, шомбал қараның бокстан хабары жоқ.

Иә, менің де боксер болайын деген ниетім жоқ еді. Бірақ «кім белгендіні» ойлап, біраз жұдырықтасқам. Тәп-тәуір нәтижеге де жеткенмін. Қарсыластарым «соққың қатты» деуші еді. Енді, міне…

– Мен шомбалды бір ұрғаннан қалдырмауға тырысам. Сен ана жіңішке сарыға ие бола бер. Ана қаңбақ шалдайы өзі безіп кетер. Сен шыдас бер, тек қана, — деп қарсы қимылды ойластырғанбыз. Ақыры бет-ауызы бұжыр-бұжыр шомбал қара

– Ей, сендер тамақтарыңды бізге беріңдер. Оның сендерге қажеті жоқ, — деген ұры-қарының үкімін жеткізді.

– Ана, тәуір киімдеріңді де шешіндер, – деп сықылықтады қаңбақ шалдайы.

– Кәне, тездет, – деп бұйырды біреуі.

– Жә! – деп мен сол қолымды көтердім. – Біз 58 деген баппен сотталғандармыз. Ол туралы білесіңдер ма? Бұл саяси бап. Тағы айтамын, біз саяси қылмыс дегенмен отырмыз.

– Мейлі 108 баппен соттал, онда біздің шаруамыз жоқ. Кәне, орында айтқанды, – деп бір тізерлей таяй түсті. Атып тұруға ыңғайланып, біз де бір тізерлей қалғанбыз.

– Бір минут сабыр ет. Тыңда. Сонан соң көрерсің.

– Ал, — дейді шомбалы.

– Большевиктерге революция жасау үшін ақша, қаражат керек болған. Олардың біраз адамдары қаражат табу үшін банкілерді тонаған, вагондарды ашқан, онан да басқа неге қилы қылмыс жасап, сотталған, түрмелерде отырған. Оны естіген шығарсыңдар.

– Оның бізге не керегі бар, одан да айтқанды орында.

– Сәл тыңда. Біз де жаңа революция дайындап жатқандармыз. Жүздеген, мыңдаған адамдарымыз түрмелерде жүр. Түрме заңын білесіңдер, сендер бізге істегендеріңді таң атқанша бар түрме біледі. Бірер күннің ішінде Совет одағының барлық түрмелері естіп отырады. Сонда, сендер барған жерде, сол лагердегі біздің адамдар сендерді қалай қарсы алатындарын ойлаңдар. Сендерді қорлап, зорлап ақыры өлтіріп тынады. Ал, келіңдер…

Шомбал қараның көзі ақшиып аспанға шығып кетті, өңі сұп-сұр. Құйрығынан жылжып әрман қарай шегінген. Қалғандары біреулер үстеріне келіп, қалғандай апыр-жұпыр кері сырғыған. Иә, табан асты тапқан өтіріктің де пайдасын көрдік.

Шіркін-ай деген бір ой іштен кетпеді. Дәкең ақсақал арамызда болып, осыны көрсе бізге де сенер еді-ау. Басынан не сұмдық қиянатты көргенін біз де біліп қалар ма едік. «Енді ешкім маған…» Жарықшақтана шыққан сол үн құлақтан кетер ме.

Петрпаулдың түрмесі, Абылайдың Ақ үйінде, камера смертников деген жазалы орынға апарып тыққан. Ұзыны 2м, ені бір метр тас мешок. Терезесіз көрдей қараңғы, едені цемент, ызғырық соққан тар қапас. Бар киімім жалғыз қабат көйлек, аяқта тәпішке. Бір жендеті келер, бауыздар деп екі тәулік күтіп отырғанда Дәкеңнің «Енді маған ешкім көмектесе алмайды» дегені дәтіме қуат болған.

Челябінің түрмесінде пышақтастық, лагердегі карцерлерде дубинкамен сабаладық, талай құқай бастан өтті. «Енді маған ешкім…» Жоқ, қайда жүрсем де есімнен кетпеді.

Сот кескен мерзімін де орындап, елге оралдық. Бұрын бірер жыл оқыған едік, ол жойылып тынған. Институттың сырттай бөліміне қайта оқуға түскенбіз. Күні-түні аңдылудамыз. Сыртымыздан байқап жүрген Мұқановпен де, ана Қабдірасыл дегенмен де сан рет «байқаусызда» кездесіп қаламыз. Тіпті, бір жыл Диета асханасының алдында бір стакан қымызға қол жетіп, ішкен едім, сел боп ағып, көйлегім денеме жабысып қалды. Біреудің мысқылдаған даусына жалт қарасам майор Мұқанов, ыржыиып мәз болып, саусағын шошайтып, мені нұсқап тұр. Сол жерде табан асты:

Күлерсің!

Сел болып ақтым, сенделіп,

Бұлдырап маңым, дөңгелеп.

Көзімде жанған ұшқынның

Тамшылап аққан терімнен,

Дірілдеп кеткен ернімнен,

Ешбір мұңды іздеме,

Сағыныштан басқаның,

– деп басталатын өлеңімді төгіп жібергенмін.

– Ей, мынау қайтеді – ей, қайтеді… – деп майор тура қашқан.

КГБнің ғимаратына жақын Ескі мейрамханада жатамын. Кей – кезде, кешке, Жазғы театрдің артында паркке барып дем аламын. Сондай бір күн Майор дәрежесіне жеткен Қабдірасылмен ұшырасын қалдым. Кездейсоқ па, кім білсін? Сәл ішкен екен. Мені сөзге айналдыра бастаған. Осы бір жағдайды мен де пайдаланып қалғым келді. Ретін тауып, сол жылы Қарағандының он алтыншы түрмесінде ойда жоқта кездесіп қалған ақсақал жөнінде сұрадым. Вагондар жөнінде айта келіп, ол кісінің жауабына дүдәмал екенімді, соңғы өкінішті «Енді маған ешкім көмектесе алмайды» деген сөзін де жеткізгенмін.

– Е, ол шал шынын айтпаған екен ғой, айтпаған екен, — деп майор Қабдірасов шегі қата күлді.

– Ол кім өзі? Соны айтсаңыз да болар еді.

– Жоқ, оны айтуға болмайды. Болмайтын секрет. – Бар әңгіме осымен біткен. Сөйтіп күдіктінің үстіне күдік жалғанған. Ұры – қарының, не бандиттің не кереметі болса да есімі аталар еді. Айтылмағаны Дәкең ақсақалдың саяси қылмыскер болғанының айғағы. Оның ішінде мемлекеттер аралығындағы, өзара келіскен, әбден мөркенген құпия. Солай екеніне әбден сенгенмін.

Бұл уақиғаны айтудан жалыққан емес едім. Тоқсаныншы жылдардың орта кезінде Алматыдан қалтафоныма біреу телефон соқты. «Сіз Дәлелханмен түрмеде бірге отырыпсыз, соны білейін деп едік» деген сауал тастаған. Болған жағдайда оған да жайып салғанмын.

Ақыры, Дәкең ақсақалдың суретін сұратқан едім. Жедел жауап берген Дахан мен Дәулеткерей Кәпұлы болды. Иә, он алатының түрмесінде мен көрген кісі осы адам. Суретте жастау, әрі күтімі бар адам отыр. Біздің көргеніміз тағдырдың бар тауқыметін көріп, қажыған, тарыққан ақсақал.

Тағдыр бізді Шығыс Түркістанның атақты басшыларының бірі Дәлелхан Сүгірбаевпен осылай кездестірген еді. Тағдыр осылай орайластыруының өзін тегін деп айта алмаймын. Кездейсоқтықтың соңында әлем иесіне ғана белгілі заңдылық, қажеттілік жатады – ау.

Кәмел Жүністегі.

жазушы,

«Құрмет» орденінің иегері.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*