Главная » Руханият » Театр айлығы басталды

Театр айлығы басталды

Өз заманындағы озық идеяларды, ізгілік мұраттарды паш ете отырып, адам баласын адамгершілікке тәрбиелейтін театр өнері Қарқаралы жұртшылығына етене таныс. «Бір өзі бір театр» атанған тума талант Қалибек ҚУАНЫШБАЕВ туған топырақтың тарландары да бұл өнерден құр алақан емес. Бүгінде ауданда «Театр – тәрбие бесігі» атты театр айлығы басталды.

Айлықтың шымылдығын Егіндібұлақ халықтық театры түрді. Ауданда алғаш рет өтіп отырған айлықтың салтанатты ашылуында аудан әкімінің орынбасары С.Әли­ұлы сөз алды. – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының аясында көптеген рухани шаралар жүзеге асып жатқаны белгілі. Біздің ауданда да осы жұмыстар көлемінде он жеті бағдарлама даярланып, жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі – осы театр айлығы» – деп, өнер ұжымдарына сәттілік тіледі.

Егіндібұлақ театры үлкен дайындықпен келген екен. Бұл күні өнер ұжымы Т.Нұрмағанбетовтің «Табалдырығыңа табын» драмасын ұсынды. Бүгінгі қоғамдағы отбасы құндылығы төңірегінде орын алып отырған олқылықтар көрініс тапқан қойылым көптің көңілінен шықты. «Тәрбие басы – талбесік» деген дана қазақ. Бұл қойылымда қазақы құндылықтар, тәрбие мен тәлімнен кеткен кемшіліктер кеңінен суреттелді. Өмірдің таусылмас тауқіметін сахналаған Қариполла Имекеев, Еркінбек Қорабаев, Төлеген Қойшығарин, Гүлназ Үсенова, Мағжан Зейнел, Перизат Әкімбек, Арғын Имекеев, Гүлжанат Төлеуханова, Қайыржан Тиыштықов өз рөлдерін жақсы сомдап шықты.

Бір ай бойы қала халқын театр өнерімен сусындататын аудандағы төрт халықтық театр ұжымы – М.Рымжанов атындағы Абыз халықтық театры С.Сматаевтың «Шырғалаң» атты тарихи драмасын, А.Шанин атындағы Қарқаралы халықтық театры Ж.Артықбаевтың «Мұхидиннің тағдыры» тарихи драмасын, Тәттімбет ауылы халықтық театры Б.Әлімжановтың «Сектаның сор құдығы» атты драмасын сахналайтын болады.

Алдағы қойылымдарда қазақ халқының жоңғар шапқыншылығы кезеңіндегі өмірі суреттеліп, дара билердің даналығы көрініс тауып, Алаш қоғамы қайраткерлері туралы, 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргін жөнінде мағлұмат беріледі. Сонымен қатар, өзге сектадағы адамдардың қиын өмірі суреттеліп, дәстүрлі дініміздің жақсылықтары насихатталады.

Сағыныш Әбілова.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*