Главная » Басты тақырып » Кемел болашақ бағдарламасы

Кемел болашақ бағдарламасы

  

    Елбасының тарихи публицистикалық жанрда жазылған «Тәуелсіздік дәуірі» атты еліміздің төрт тарихи кезеңін қамтитын, төрт бөлімнен тұратын кітабы Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де үлкен сұранысқа ие. Тұсауы кесіліп, таныстырылғаннан бері қызу талқыға түскен туындыға берілген баға – оң. Әрине, аз уақыт ішінде жоқтан барды жасағандай, бүкіл бір елді шыңыраудан алып шығып, әлем мойындаған елдердің қатарына қосу – ерлік болса, осы жылдар ішінде атқарылған ауқымды дүниені халқына түсінікті тілде, санасынан ойып тұрып орын алатындай қағаз бетіне түсіру – ол да бір қажырлылық. Кітап парақтарын ақтарсаңыз өткен шақтың қиын кезеңі мен қазіргі кемел шақты салыстыра отырып, баянды болашаққа деген сенім ұялатады. Себебі – автордың өзі «…кемел келешегіне өзінің қазақстандық жолымен қарыштаған жасампаз халқыма арналады!» деп көрсетті.

«Болашақ» академиясында өткен дөңгелек үстелде аталмыш оқу орнының оқытушылары, профессорлар, кафедра меңгерушілері және студенттер «Тәуелсіздік дәуірі» кітабын талқылап, кітапқа қатысты ойларын ортаға салды. Оның тарих үшін, келешек үшін қаншалықты маңызы барына тоқталып өтті.

«Тәуелсіздік дәуірі» кітабының қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқаларын «Болашақ» академиясының кітапхана қорына сатып алуға аталған оқу орнының ректоры Қ.Меңлібаев мұрындық болған екен. Қазақстанның болашағы – жастарды тәрбиелеу ісінде маңызы ерекше болатынын түйсінген Құралбай Несіпбекұлы кітапты академия студенттері арасында кеңінен насихаттауға тапсырма берген. «Кітап – жастарға да арналған» дейді ол.

Тарихи кітап деп емес, оқу орнының білім мен тәрбие берудегі бағдарламасы ретінде қараған оқытушылар кітаптағы құнды дүниелер студенттерінің білім сапасын көтеріп, бәсекелестік қабілетін арттыруға ықпалы етеді дейді. Республикада 130 жоғары оқу орны болса, үздік отыздықтың қатарына енетін, сапалы маман даярлауды мақсат ететін «Болашақ» академиясы студенттерінің сексен пайызы жұмысқа орналасып, өз мамандықтары бойынша еңбек етеді екен.

Филология ғылымдарының докторы, профессор М.Хамзин «…егер санаңыз рухани жаңғыратын болса, алынбайтын қамал, аспайтын белес болмайды», десе, «Бабалардың ой арманы орындалғанын Елбасымыз осы кітап арқылы танытты» – дейді кафедра меңгерушісі Қ.Сембиев.

Студенттердің кітап туралы пікірлері жақсы. Қытай Халық Pеспубликасынан келіп, білім алып жатқан Дидар Ерғали кітапта оқу-білім саласы да кеңінен жазылғанын айтуда. Кітап қытай тіліне де аударылса деген пікір білдірген Дидар Қазақстанды аспан асты елінде жақсы жағынан танитынын айта келіп, кітаптың біраз тарауларын қытай тіліне аудару ойында бар екенін жеткізді.

Ал, «Тәуелсіздік энциклопедиясы» деп бағаланған кітапты Асыл Серікова «Бұл – Елбасының тәуелсіз ұрпаққа берген есебі, болашаққа жасап берген бағдарламасы. Ендігі қадам – жастарға жүктелген сенімді адал атқару» дейді. Сондай-ақ, Түркия елінде болып қайтқан студенттің айтуынша, ол елдің жастары қазақ елін Елбасымен қатар, «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітап арқылы таниды екен.

Салтанат ИЛЬЯШОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*