Главная » Аймақ » Қауіпсіздік шаралары күшейтілуде

Қауіпсіздік шаралары күшейтілуде

Қарағанды облысында өткен жылдармен салыстырғанда қар суының көлемі төменірек.

Әзірге, су тасу және арнасынан шығу қаупі жоқ. Десек те, арнасынан асатын өзен жағаларына тәулік бойы кезекшілік бекітіліп, қажетті қауіпсіздік шаралары қабылданған. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді.

Бүгінде жыл сайын арнасынан шығатын өзендердің жағаларында қорғау бөгеттері салынған және басқа да сақтандыру шаралары ұйымдастырылған. Мұндай сақтық шаралары елді мекендерге су кіру қаупін төмендетуге мүмкіндік беріп отыр. Мамандардың сөзіне сүйенсек, қауіп төндіретін аумаққа Нұра ауданы жатқызылып отыр. Самарқанд су қоймасында бүгінгі таңда су деңгейі 195 млн. текше метрді құраған. Сонымен қатар, Шопа өзенінде су деңгейі 30 сантиметрге ұлғайған көрінеді. Қазіргі уақытта 149 тұрғыны бар Шопа ауылының жолдарын су басып, қатынас тоқтатылып отыр. Төтенше жағдай мамандары былтырғы оқиғалардың қайталанбауына барын салуда. Мамандардың айтуынша, адам шығыны болмау басты орында. Сондықтан, шопалықтардың бұрынғы қатынап отырған жолдарын жауып, қауіпсіздік шараларын сақтауда.

Қазіргі таңда Самарқанд су қоймасынан – 15 м³/с, Ынтымақ су қоймасынан – 20 м³/с көлемінде су жіберіліп жатыр. Ірі су қоймаларынан уақытында су жіберіп отыру шарасы өзендердің арнасын шайып өтуге, сондай-ақ, су қоймаларында еріген қар суын сыйдыратын бос орын дайындауға мүмкіндік берді.

Аймақтағы су тасқынына қатысты жағдай қалыпты және үнемі бақылауда. Жағдай күрделене түссе, адам күші және техника, инертті материалдар мен құм салынған қаптар да сақадай сай. Жедел штаб күн сайын тасқынға қарсы алдын алу шараларын жасап, қадағалап отыр.

Нұрдос КӘРІМ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*