Главная » Басты тақырып » Маңызды мәселелер қаралды

Маңызды мәселелер қаралды

Аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ төрағалығымен облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Солардың бірі – аймақтағы көктемгі су тасқыны бойынша қалыптасқан ахуал қарастырылды. Дәлірек айтар болсақ, өзендеріндегі су деңгейі көтеріліп, жолдарды су басқан аудандардағы жағдай талқыға түсті.

Су тасқыны – бақылауда

Жалпы облыста көктемгі су тасқынына қатысты жағдай қалыпты. Нұра және Шерубай-Нұра өзендерінің жоғарғы ағысында қауіп жоқ. Қауіп аумағында Нұра ауданы қалып отыр, жағдайды бақылап отырмыз. Самарқанд су қоймасында бүгінгі таңда су деңгейі 195 млн. текше метрді құрап отыр. Яғни, 76,7%, – деп есеп берді облыс әкімінің орынбасары Анатолий Шкарупа.

Облыс әкімі жергілікті сипаттағы проблемалар бар екенін атап өтті.

Шопа өзенінде су деңгейі 30 сантиметрге ұлғайыпты. Жолдардан су өтіп жатыр. Жақын маңдағы елді мекен қатынастан үзіліп қалды. Бұл жыл сайын қайталанады. Жазда бұл проблеманы шешу қажет. Су өткізетін құбырлардың санын көбейту керек, – деді әкім. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әскербек Халтоновтың айтуынша, қашықтығы 3 шақырым жол ұзақ уақыт бойы иесіз болған.

Өткен жылы ол ауданның иелігіне берілді. Қазір жобалаушылар су өткізу қабілетіне қатысты шараларды қарастырып жатыр, – деді басқарма басшысы. Ол бүгінгі таңда Шопа кентінде 149 адам тұратынын айтты.

Қанша адам тұратынына қарамастан, біз ондайға жол бермеуіміз қажет. Мұндай жайттар қайталанбауы тиіс. Осы секілді мәселелерді уақытында шешу керек, – деп атап өтті облыс әкімі.

Нұра ауданында да су деңгейі 4 метрге көтеріліп отыр. Бір су өткізгіш құбыр істен шыққан. Жергілікті маңыздағы Жанбөбек – Баршын жолында су жүре бастады. Қазіргі таңда ол жерде тәулік бойы кезекшілік орнатылды.

Ерлан Қошанов бұл аудандарда көктемгі су тасқыны жағдайын бақылауда ұстауды тапсырды. Анатолий Шкарупа облыс аумағын ұшып, аралау барысында анықталған проблемаларға тоқталды.

Өзендердің арналары көктемгі су тасқыны кезінде жүретін су деңгейін өткізе алмайды. Жол картасына өзендерді тазарту енгізілді. Бұл мақсаттарға жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалды. Ағымдағы жылы жұмыстар басталады, – деді ол. Жолдардан су жүруге жол бермей, сонымен қатар, су өткізгіш құбырларды орнатуды аяқтау қажет. Анатолий Шкарупаның айтуынша, өткен жылы 56 учаске анықталып, оның 13-де жұмыстар аяқталған. Қалғандарында су өткізгіш құбырларды орнату биылғы жылы тәмамдалуы тиіс.

Аймақ басшысы барлық проблемаларды кідірместен шешуді тапсырды.

Осының барлығы жыл сайын қайталанады. Ол проблемаларды шешу керек. Біз қорғау бөгеттерін салдық. Міне, қазір нәтижесін көріп отырмыз. Ұшып аралау барысында олардың тиімділігіне көзіміз жетіп, олар елді мекендерді судан қорғайтынын көрдік. Неліктен Шопада ондай жұмыстар жасалмады? Қазір біз әлсіз жерлерді көріп отырмыз. Өзен арналары су жібермей жатыр. Оларды тазалау қажет. Керек болған жағдайда тереңдету жұмыстарын да жасаңыздар. Бұл жұмыстардың барлығын осы жазда жасау қажет, – деді Ерлан Қошанов.

Коммуникация тартылады

Биыл Қарағанды облысында алғаш рет тұрғын үй құрылысы аудандарына коммуникация тартуға 2 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалады.

«Нұрлы Жер» бағдарламасын жүзеге асырудың басым бағыттарының бірі – жеке тұрғын үй құрылысын дамыту болып табылады. Жергілікті атқарушы билік құрылыс аудандарына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым (ИКИ) өткізуді қамтамасыз етуге міндетті.

Облыс әкімі Ерлан Қошанов бұл жұмыстарды бақылауда ұстап отыр. Оған қатысты есеп аппараттық жиналыста тыңдалды.

Қосымша бөлінген қаражатты ескере келе, бүгінгі таңда облыста ИКИ өткізуді қаржыландыру 2,1 млрд. теңгені құрайды, – деп хабарлады облыс әкімінің бірінші орынбасары Асылбек Дүйсебаев.

Жезқазғанда биылғы жылы 670 жер учаскесі тапсырылды. Алайда, өткен жылдары өтініш берушілер кезекке тұрарда ЖСН белгілемегендіктен, рәсімдеуге қатысты қиындықтар туындады. Қазір олардың заңды екендіктерін тексеру жүргізілуде.

Қарағандыда 3500-ге жуық жер учаскесін тапсыру жоспарланған. Оның ішінде жаңалары – 756, осыған дейін берілгендері – 2700-ден асады. Оларға коммуникациялар өткізіледі.

Аппараттық жиналыста Балқаш қаласының басшылығы сынға алынды. Мұнда ИКИ өткізуге қажетті сома табылмаған. Дегенмен, өткен жылы қала басшылығы жол жөндеуге бөлінген қаражатты игере алмай, облыстық қазынаға қайтарған болатын. Осы себепті жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға қатысты проблемалар қалып отыр.

Бұл мәселені зерттеп шығып, кімнің кінәсінен болғанын балқаштықтарға жариялау керек. Әдемі сөйлей білу – жақсы жұмыс істеумен тең емес, – деп наразылығын білдірді Ерлан Қошанов.

Электронды кезек – тиімді жүйе

Сондай-ақ, аппараттық жиналыста жыл соңына дейін облыстың бес аймағында электронды балабақша кезегі жұмыс істей бастайды.

Балабақшалардан орын алуға арналған электрондық кезек биылғы жылы тағы екі қала мен үш ауданда пайда болады. Бұл туралы білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев мәлімдеді.

«Мектепке дейінгі мекемелерге электрондық кезек» жобасы облысымыздың алты қалаларында сәтті жұмыс істеп жатыр. Жыл соңына дейін бағдарлама тағы бес аймақта орнатылады – Балқаш, Қаражал, сондай-ақ, Абай, Ақтоғай және Шет аудандарында. Ол облысымыздың мектепке дейінгі ұйымдарының 48% қамтуға мүмкіндік береді,– деді Есенғазы Иманғалиев.

Жоба қазіргі таңда Шахтинск, Қарағанды, Теміртау, Саран, Жезқазған және Приозерск қалаларында сәтті жұмыс істеп жатыр. Мақсаты – баланы мектепке дейінгі мекемеге тіркеуді толығымен автоматтандыру. «Цифрлық балабақша» Қарағанды облысындағы білім саласын сандық жүйеге ауыстыруды дамыту жоспарының бір бөлігі болып табылады. 

Аталмыш жоспар «Цифрлық Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасын тиімді жүзеге асыру үшін жасалған және де онда екі бағыт қарастырылған – «Цифрлық мектеп» және «Цифрлық колледж». Білім саласында жоспарланған жобаларды енгізуге кедергі келтіретін мәселелерге тоқтала келе, Есенғазы Иманғалиев кейбір шалғайдағы аудандарда интернеттің жоқтығын атады.

Жалпы, біз байқап отырғанымыздай, облыста сандық жүйеге көшу жұмыстары атқарылып жатыр. Алайда, неліктен Сәтбаев қаласында осы уақытқа дейін балабақшаға электрондық кезекке тұру мәселесі шешілмеген? – деп сұрады облыс әкімі Ерлан Қошанов.

Сәтбаев қаласы әкімі Асқар Ыдырысовтың сөзінше, қаражат бөлінген және жақын арада байқау өткізіледі.

Білім саласын цифрлық жүйеге ауыстыру бағдарламасын жүзеге асыру облысымыздың балабақшадан бастап барлық білім ұйымдарын бірыңғай ақпараттық кеңістікте жұмыс істеп, білім саласын толықтай сандық жүйеге ауыстыруға мүмкіндік береді.

Қала қоқыстан тазаруы тиіс

Облыс әкімі Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіровті қоқыстар мен лас көшелер үшін сынға алды. Аймақ басшысы қала әкіміне таңертеңгі уақытта қала ішін аралап шығу қажеттігін айтты.

Қаланы қоқыстан жақсырақ тазарту қажет. Кеше таңертең мен Қарағандыны аралап шықтым. Түсінікті, әрине, қар енді ғана еріді. Бірақ, біз қоқысқа көміліп жатырмыз. Бір аптадан соң мен үнемі қаланы аралауға шығатын боламын. Нұрлан Ерікбайұлы, сіз қаланың басшысы ретінде ертерек ояныңыз. Мен емес, сіз қаланы үнемі аралап отыруыңыз керек, – деді Ерлан Жақанұлы.

Облыс әкімі Сәтбаев көшесіне назар аударды. Онда жөндеу жұмыстарынан соң көптеген шұңқырлар көрініп, асфальт жабындысы бұзылып жатыр.

Мен таңертең Сәтбаев көшесінің бойымен жүріп өттім. Бір сау жер жоқ! Ал, жөндеу жұмыстары 2016 жылы ғана жасалған. Сіз ол көшені көрдіңіз бе? Проблема неде? Екі жыл да өтіп үлгерген жоқ қой, – деді Ерлан Қошанов.

Өз кезегінде мердігерлердің уәжін алға тартқан қала әкімі Нұрлан Әубәкіров барлық кінәні суға жапты. Бұл жауапқа облыс әкімінің көңілі толмады. Заңдық тұрғыда бас мердігерден жолдың сапасына жауап беруін талап ету керектігін айтты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*