Главная » Жаңалықтар » Көкейдегі кейбір ойлар

Көкейдегі кейбір ойлар

    Бір жылда екі бірдей жаңа жылды қарсы алатын қазақ басым дал болды. Қайсысын тойларымды? Ел қатарлы қаңтардың бірінде тойлайын десем, шын мәнінде жыл кіретін Наурызды қайтпекпін?! Содан өзімді алдап не бар деп, соңғы төрт-бес жылда күнтізбелік жылды тойламай қойдым. Ел айрылып-жыртылып, мейрамдап жатады-ақ. Қарсылығым жоқ. Қолданыстағы күнтізбе бойынша жыл ауысады, бірақ? Тап осы қаңтардың бірінші күні жыл кіре ме деген сауал тұрады да қояды көкейде.

Келе-келе біраз елге жеккөрінішті бола бастадық. Кей жақындарым «құттықтамадың» деп ренжитінді шығарды. Тіпті, достарымның өзі «ей, ақымақ, жыл келсін, келмесін, күнтізбенің парағында жаңа жыл басталады ғой?» десе де, қыңбадым. Қақаған қыста қайдағы жыл, ешкімді құттықтамаймын да, біреуден құттықтау күтпеймін де. Соған үйренісіп алды ма, желтоқсан аттан ауар күні ешкім қоңырау шалып, құттықтамайды. Оған қуанбасам, қамықпаймын да. Бұрындары бұл күні үйде жайбарақат жатып, концерт тамашалаушы ек, қазір одан да қалдық. Себебі, телеарналарда концерт дейтін концерт те жоқ. Есті бір дүние таппайсың. Арзан өнерге құрылған жалған көзбояушылық. Қайда барасың? Жата-жата зерігіп, қолыма өткенде ғана түскен Есенғали ағамыздың «Амал деген айыңыз…» атты жыр кітабын ашып қалсам, бірінші бетінде қасқайып мына өлең тұр.
«Бірінші қаңтар –
жаңа жыл емес,
Жаңа жыл емес
наурыз да.
Жаңа жыл күзден
басталу керек, меніңше.
Несі таң екен аспаннан
ақ қар төгілсе.
Несі таң екен қылтиып
көк шөп көрінсе?
Жаңа жыл күзден
басталу керек, меніңше.

Күл, мейлің,
Несі таң дерсің бұзылып
кенет нілдей күн,
Еңсені басса зілдей мұң.
Жаңа жыл күзден
басталу керек, алайда,
Ал неге күзден басталу керек?! Білмеймін» депті «Календарға түзету» өлеңінде.
Жаңа жылдан басқа бас қатырар мәселесі жоқтай жүрген мен үшін бұл да сабақ. Жақсылап бір күліп алдым да, рахаттанып жыр оқып кеттім. Ойлаған сайын оқырманмен ойнай түсетін сияқты Ес-ағаң. «Жаңа жыл күзден басталу керек» дейді де, «неге екенін білмеймін…» дейді. Бір сұхбатында «Адам ата мен Хауа ананың жерге түскен мезгілі күз болуы керек. Жаңа жыл күзден басталу керек дегенім сондықтан шығар» деп еді. Дегенмен, жылдың қай уақта кіретінін біле алмай дал боп жүргендерге бұл да бір ой салады. Анық наурыз айының 22-нен былай жыл құстарымен бірге енеді ғой деп жүр ем, оным да бекер екен. Құдды бір жаңа жылды құстар алып келетіндей күтіппін. Өйтетін болса, құстың тілін бізден гөрі анағұрлым білетін Есенғали ағамыз айтар еді ғой. Және бұндай ойға қалуыма «Көктемді қондырып қанатына, Құс қайтып оралды Алматыма» деген Тұманбай аға түрткі болуы мүмкін.
Бірер күннен соң тарихшы бір ағама жолыққам. Сонда жаңа жыл туралы сыр тартып көріп ем ол кісі былай көсілді. «Жыл басы наурыз екені анық қой. Бірақ, дүниежүзілік тәртіп деген бар. Солай екен деп күнтізбеден қалып, қарап отырамыз ба? Мәселен, орыстар ол баста жаңа жылды күзде тойлап келген. І Петр патша таққа отырғасын, жылдың басын қаңтарға тіреп, шампан атып, қыста қарсы алғыза бастады. Өйтпегендерінің жаңғырыққа салып, басын кестірді. Еріксіз тәртіпке бағынды ел. Қазір араб мемлекетінде жаңа жыл тойлағандардың басы кетеді. Сіз бен біздің түсінігіміз басқа болғанмен, тәртіпке бағынамыз» деді әлгі ағам.
Меніңше, күнтізбеде жаңа жылдың алғашқы күні ашылатын сәт – отбасылық мейрам ретінде қалса да жарамай ма? Оған мемлекеттік деңгейде бұқаралық сипат беру қаншалықты мәнді? Шын мәніндегі жаңа жыл – күн мен түн теңелер шақ наурыздың 22 жұлдызында. Ол туралы барша Алаш зиялылары айтып кеткен екен. Ұлт көсемі Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан да. Әлекең «Біздің қазақ жаңа жылы мартта болғаны адасқан емес. Жаңа жыл мартта болса, күн мен түн тең болғаннан бастау керек» десе, Ахаң «Наурыз – қазақша жыл басы. Біздің Жаңа жылымыз – Наурыз марттың басында болсын, ортасында болсын, әйтеуір мартта келетін болса, шын мағынамен Жаңа жыл деп айтуға лайық» депті. Ал, Міржақып әкеміз «Наурызды біздің қазақтың мейрам етуі айрықша сыйымды, артықша дәлелді» көрсе, Мағжан «Қазақ Жаңа жылы – жазғытұрғы күн мен түннің теңелген күні (22 март) болады» деп кесіп айтады.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*