Главная » Жақсының аты өлмейді » Ұстаздардың ұстазы

Ұстаздардың ұстазы

Сегізжылдық шағын мектептің ауласына қарап тұратын үш терезе – бастауыш мектеп мұғалімі Қабаш Шолахұлының кабинетіне тиесілі. Сабақ аяқталғалы біршама уақыт өткен. Қыстың келте күні де ұясына еніп кеткелі сағат жарым уақыт болып қалды. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ақлима Қалақбайқызы ғимараттан ең соңғылардың бірі болып шықтым деп ойлаған еді. Аулаға шығып, төңірекке көз жүгірткен. Қабаш мұғалім кабинетінің шамы жарқырап тұр. «Мына кісі шамын сөндіруді ұмытып кетті ме екен?» деген ой жетегінде терезеге зер салған. Жартылай қыраумен өрнектелген терезенің арғы жағынан Қабаш мұғалімнің жазу жазып отырған сұлбасы көрінсін. Үстелінің үстіне түрлі-түсті бояумен салынған ертегі кейіпкерлерінің суреттерін мұқият жинап қойып, өзі ақ қағазға әлдене жазып отыр. Бұл Қабаш Шолахұлының ертеңгі сабаққа дайындығы еді.

Кешегі шәкірті (Ақлима Қалақбайқызы бастауыш сыныпты Қабаш мұғалімнен бітірген), бүгінгі әріптесі Қабаш ағаның ұрпақ тәрбиесіне бейжай қарамай, әр күнгі сабаққа осылайша асқан жауапкершілікпен дайындалып келетінін және ол кісінің бір сабағы екінші сабағына мүлде ұқсамайтынын бұрыннан білетін. Міне, тағы куә болды. Көкірегін мақтаныш сезімі кернеді. «Осындай табиғи ұстаздан тәлім алған менде де арман жоқ-ау!» деді. Жүрегін сонша тәтті сүйіспеншілік әлдиледі. Ұстазға деген, әріптеске деген, өз ісін жан-тәнімен сүйетін майталман мұғалімге деген сүйіспеншіліктің әсерін тілмен жеткізу мүмкін емес еді. Осынау әсер құшағында тұрып, Қабекең кабинетінің терезесінің алдында әжептәуір аялдап қалғанын бойының мұздап, жаурай бастағанынан бір-ақ сезді. «Апыр-ай, мына кісіні аңдып тұрғандай болдым-ау… Сырт көз не ойлайды?!» деді де, мектеп ауласынан сыртқа беттеді.

…Қабекең кабинетінің шамы түннің бір уақытына дейін жанып тұратыны жиі қайталанатын. Бұл Қабаш мұғалім кабинетінің шамы ғана емес, болашаққа жол сілтеп тұрған білімнің шырағы екенін сол кезде біреу аңдаса, біреу зер салған да жоқ. Өзінің төл шәкірті Ақлима Ашамаева жүрегін билеген әсер құшағында келе жатып жасаған түйін еді – бұл.

***

Ұлағатты ұстаз Қабаш Шолахов 1927 жылы сәуір айында қазіргі Шет ауданының №1 ауылы  «Шаруа теңел» колхозында дүниеге келген. Сол заманның төлдері тән – тағдырдың ауыр жүгін арқалады. Бес жасында ашаршылық тауқыметін тартып, он жасқа толған шағында ел ішінде сталиндік қуғын-сүргін басталды. Баласы ашқұрсақ, үлкені үреймен күн өткізген зұлматты жылдар… Қияметі мен қиянаты қатар жүрген бұл күндердің бір олжасы – ойын баласының өзін мерзімінен бұрын есейтіп жіберген. Бесіктен белі шықпаған Қабекеңдердің қатарында қоғамға деген саналы көзқарас қалыптасты. Тағдыр жарықтық 10 жасар Қабаштың да маңдайынан сипаған жоқ. «Халық жауы» деген желеумен әкесі Жуасбекті қамауға алып, тағдырын оққа байлады. Бұл – өткен ғасырдың 90-шы жылдарына дейін айтылмаған шындық. Отағасы жалған жаланың құрбаны болып, атылып кеткен соң, ағайындары Қабекеңнің анасын қазақы әмеңгерлік жолмен немере қайынағасы Шолаққа қосады. Әйтпесе, отбасының қуғындалуы әбден мүмкін еді. Қабекеңнің Шолақ әкесінің атына жазылып, ғұмыр бойы сол кісінің баласы болып атануының себебі – осы. Өз кіндігінен туған балалардың ішінде тек ортаншы қызы Рахиланы ғана «Жуасбекова» деп, өз әкесінің атына жаздырған екен.

…1987 жыл. Горбачевтің қайта құруы мен жариялылық науқаны кезіндегі жылымық. Тотолитарлық жүйе құрбандарының біртіндеп ақтала бастаған кезі. Осы жылы университет бітірген қызы Рахилаға Қабекең жылдар бойы құпия болып келген шындықтың шет-жағасын айтты.

– Қызым, сен – енді жоғары білімді заңгерсің. Менің әкемнің тағдыры осылай болған. Енді екеуміз ақтаңдақ жылдар құрбаны болған әке рухын ақтап алуға қызмет жасауымыз керек. Бұл – біздің перзенттік парызымыз. Қай жерге жерленді? Топырақ қайдан бұйырды? Осы сұрақтардың жауабын архивтерден қарайтын боламыз. Біз мақсатымызға жетеміз! – дегенде даусына діріл кіріп, жанары суланып еді. Ақыры шындықтың түбіне жете алмай, 1993 жылы 13 ақпанда дүние салды. Әке тағдырындағы ақтаңдақ беттердің ақиқатын ашуды өз ұрпағына аманаттап кетті.

…Жасынан білімге құштар еді. Алайда, толыққанды білім алуына заманы мүмкіндік бермеді. Туған ауылдағы бастауыш мектепті 1939 жылы бітіріп, Қарағанды қаласындағы Жамбыл мектебінде оқуын жалғастырған. Білесіздер, Жамбыл мектебі – Қарағанды білім ошақтарының қарашаңырағы. Қабекеңе бұл мектепті де толық тәмамдауға қайран заман мұрсат бермеген екен. Жетінші сыныпты бітіретін жылы неміс басқыншылары Отанымызға тұтқиылдан шабуыл жасап, ауылдағы ер-азаматтардың барлығы майданға аттанды. Еңкейген кәрі мен еңбектеген балаға қарап қалды ауыл. Колхозға жұмыс күші керек. Сөйтіп, Қабекең қаладағы оқуын тастап, даладағы егіс даласына аттанды. Алғашында қысқа мерзімдік тракторшылар курсын бітіріп, 1943-1944 жылдары колхозда тракторшы болып еңбек етті. Бұл жылдары майданнан жараланып оралған сарбаздар колхозшылар қатарын толықтырып жатты да, жұмыс біршама жеңілдеді. Сөйтіп, Қабаш Шолахұлы ел ағаларының қолдауымен 1945 жылғы қаңтар айында Қарағанды қаласындағы мұғалімдер даярлайтын алты айлық курсқа жолдама алды.

Курсты осы жылдың шілде айында бітіріп, елге Ұлы Жеңіс рухымен бірге оралған. Шет аудандық оқу бөлімінің жолдамасымен өзінің туған ауылы «Шаруа теңел» колхозындағы бастауыш мектепке мұғалім болып орналасты. Содан тура 42 жыл бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етті. Өз басым қырықтың жуан ортасына жеткен ғұмырымда бастауыш сынып мұғалімі болған ер азаматты кездестірген жоқ едім. Мен оқыған мектепте де болған жоқ. Қабекеңнің ұлағатқа толы өмір жолына үңіле отырып, табиғи ұстаздың қажыр-қайратына таң қалдым. «Әліпті таяқ деп білмейтін» әр үйдің бір-бір еркесіне хат танытып, қатарға қосу дегеннің педагогтік қызметтегі ең күрделі процесс екенін жақсы білемін. Ал, көзкөргендер Қабекеңнің өте балажан болғандығын айтады. Яғни, ұстаздардың ұстазы саналған Қабаш аға бастауыш мектептің бар бейнетін балажандығымен жеңген.

…1946 жылы «Комсомол» колхозының бастауыш мектебіне ауыстырылды. Бұл мектепте 1953 жылға дейін жемісті еңбек етіп, сол жылы аудандық білім бөлімінің бұйрығымен жаңадан ашылып жатқан «Қызылқой» бастауыш мектебінің директоры әрі мұғалімі болып тағайындалады. 1968 жылға дейін, яғни, «Қызылқой» бастауыш мектебі сегізжылдық мектеп болып қайта құрылғанға дейін мектеп тізгінін ұстады. Қарағанды педагогикалық училищесін сырттай бітіріп, әр жылдары білімін жетілдіру курстарына барып тұрды. 1945 жылдан бері Қабаш Шолахов қай мектепте қызмет етті, сол мектептің барлығы – Қабекеңнің өзі ашып, өзі қалыптастырған білім ошақтары. Осы тұрғыдан алғанда, Қабекеңді «Арқаның Алтынсарині» деп атауға әбден болады.

Заман түзеліп, ел еңсе көтерген шақта білім беру жүйесінің оқу бағдарламасы да түбегейлі өзгергенін білесіздер. Жаңалыққа жаны құштар ұстаз Қабекең реформа атаулыны тосырқай қабылдаған емес. Үнемі жаңалықты тез меңгеріп, тіпті, жас мұғалімдердің иегер алмай жатқан тұстарына кеңесші болғанын әріптестері әлі күнге дейін аңыздай етіп айтып жүр.

Ұрпақ тәрбиелеудегі ұзақ жылғы еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Әр жылдары аудандық оқу бөлімінің, облыстық білім басқармасының, ҚазССР Оқу министрлігінің Құрмет грамоталарымен, 1979 жылы «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісімен марапатталды. Ал, 1984 жылы ҚазССР Оқу министрлігінің «Оқу-ағарту саласының үздігі» құрмет белгісінің иегері атанды. Сонымен қатар, Қабаш Шолаховтың ұстаздық тәлімі мен сабақ өткізудегі дара тәжірибесі аудан, облыс көлемінде насихатталып, жас мұғалімдерге үлгі ретінде ұсынылды. Ол аз десеңіз, оқытудың жаңаша үрдісі мен технология тілін жетік меңгерген жастар бола тұра, Қабекең мектептегі методикалық бірлестікке жетекшілік етті.

Білімі – телегей, азаматтық болмысы асқақ тұлға ретінде Қабекеңнің асыл бейнесі шәкірттерінің, әріптестерінің жүрегінен мәңгілік орын алды.

– Қабаш мұғалім қандай құрметке болса да лайықты жан еді.  Жарты ғасырға жуық уақытты қамтыған ұстаздық жолында ол кісі өзінің ізденімпаздығымен, қайырымдылығымен, балажандығымен жүрегімізден орын алды. Ұлы ғұлама Әл-Фараби анықтамасындағы ұстаздық формуласына қатысты талап етілетін ізгі қасиеттердің барлығы Қабаш ағаның бойынан табылатын. Мен бастауыш сыныптарды осы кісіден оқыдым, кейін 18 жыл әріптес болдым. Үнемі «Білімді адамның ой-өрісі кең болады, ал, ой-өрісі кең адамның бағындырмайтын биігі болмайды» деген өзінің сүйікті сөзін қайталап, жас мұғалімдерді ізденуден жалықпауға шақырып отыратын, – деп еске алады Қабекеңнің шәкірті, ҚазССР Оқу-ағарту ісінің үздігі Ақлима Ашамаева.

…Бүгін – ұлағат иесі Қабаш Шолахұлының өмірден озған күні. Осыдан тура 25 жыл бұрын ел болашағы үшін ерен еңбегін сіңіріп, ұлы мұрат жолында жарқын істерге ұйытқы болған жомарт жүрек соғуын тоқтатқан еді. Қабаш ағай зайыбы Клара екеуі жұптарын жазбай 45 жыл отасып, 8 бала тәрбиеледі. Отбасына деген ықылас-ыждаһаты, махаббаты ерекше болатын. Асыл жары Клара шешеміздің әкесі Әбубәкір Талов майданнан оралмаған. Хабарсыз кеткен. 1985 жылы Ұлы Жеңістің 40 жылдығы қарсаңында Одақ көлемінде майдангерлер туралы деректер жинаған «Қызыл ізшілер» отрядының анықтамаларына сүйене отырып, сол кісінің қаза тапқан жерін анықтап, Клара шешейді апасымен бірге Волгоградқа апарып, Мамаев Қорғанындағы бауырластар зиратынан елге топырақ алып келгені бар. Бүгінгі таңда Алланың берген ұл-қыздарынан өрбіген 17 немере, 9 шөбере ата жаққан шырақты сөндірмеуді мақсұт етіп, тәуелсіз Қазақстанның нұрлы болашағы үшін қызмет етіп, білім алуда. Тек қана ұлдары Жолдас пен Нұрлан өмірден ерте озды. Үлкен қызы Рахия дәрігер болып зейнеткерлікке шыққан. Ұлдары Нұржан мен Ерлан – Қарағанды облысы адвокаттар алқасының мүшелері, білікті заңгерлер. Ортаншы қызы Рахила – Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасының судьясы. Немерелері де жақсы атаның атын өшірмейтіндей игілік игеріп, Отан алдында адал қызмет етіп жатыр. Фархат – полиция майоры болса, Мәди – заңгер. Элмира – ҚХР-дың Шанхай қаласындағы Шығыс Қытай университетінің түлегі, «ЭЙР Астана» АҚ вице-президентінің көмекшісі қызметінде. Әліби – М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлкекттік университетінің магистранты, Жанна – ҚарМУ заң факультетінің 4-ші курс студенті. Дәл осындай тектіліктен тамыр тартқан салиқалы сабақтастықты атам қазақ «Орнында бар – оңалар» дейді. Иә, Шолахов-Жуасбековтер әулетінің қоғамға берері Қабекеңнің ұстаздығымен түгесіліп қалған жоқ. Саналы ұрпағы кешегінің кемел болмысын бүгінгімен сабақтастырады да, Қабекеңдерден қалған сара жолды жаңғыртады да.

…«Қызылқой» ауылында ғимараты жаңарған зәулім мектеп тұр. Шамы кеш сөнетін бір кабинет бар. Ол – Қабекеңнің аманаты. «Қызылқойдың» аспанында үнемі жарық жұлдыз тұрады. Ол да – Қабекеңнің жұлдызы. Болашаққа бағдар сілтеп тұр.

Ерсін МҰСАБЕК.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*