Главная » Пхенчхан Олимпиадасы » Қоржында – қола жүлде

Қоржында – қола жүлде

          Қуан қазақ! Қоржынымызда қола бар. Қазақстандық фристайлшы – Юлия ГАЛЫШЕВА Пхенчхан Олимпиадасында могул сайысының финалдық кезеңінің соңғы сатысында бақ сынап, қола жүлдеге қол жеткізді.

Дүбірлі дода барысында елімізге тұңғыш медаль сыйлаған Юлияның арқасында Қазақстан құрамасы жалпы­командалық есепте 11-інші ор­ынға көтерілді. Үкілеген үмітіміз ақ­талды. Фристайлшы алғашқы финалдық кезеңде 75.10 ұпай жинап (7 орын), екінші финалға жолдама алған болатын. 12 фристайлшы бақ сынаған екінші финалда Ю.Галышева 76.81 ұпай жинап (6-шы орын), финалдың соңғы кезеңіне шықты.

Ал, үздік алты спортшының арасында алғашқы болып жарыс жолына шыққан отандасымыз 77.40 ұпай жинады. Бұл нәтижесі оны Олимпиаданың қола жүлдегері атандырды. Отандасымыздан қарсыластары шамалы ұпаймен ғана озды. Францияның намысын қорғаған Перрин Лаффон 78.65 ұпай, канадалық Жюстин Дюфур-Лапуант 78.56 ұпай еншіледі. Финалда соңғы қарсыласы жарыс жолынан шығып қалды.

Жеңісінен кейінгі әсерімен бөліскен Юлия Галышева: «Шешуші финалдық сында қатты қорықтым. Қазір өз-өзіме сенбей тұрмын. Қуанышымда шек жоқ. Негізі, мен бақыттымын. Толқып тұрмын. Жарыста ең жаманы — төртінші орын алу. Төртінші орынды ағаш медаль дейді. Ондай орыннан бесінші орын алған әлдеқайда жақсы. Жалпы, қуаныштымын»,– деді.

25 жастағы Ю.Галышева карьерасында осымен үшінші Олимпиадаға қатысып отыр: 2010 жылы  11-орын, 2014 жылы  7-орын алған. Шығыс Қазақстанның саңлағы спорттық жолында қиындықтармен көп кездесті. Ел әлі ұмыта қойған жоқ. Қазылардың әділетсіз шешімі жерлесімізді Сочиде медальсіз қалдырды. Бірінші айналымда да, ақтық сында да тәп-тәуір нәтиже көрсеткен-ді. Бірақ, төрешілер Юлияны соңғы алтылыққа жібермеді. Сайыс басталғанда сүрініп кеткен американдық еш қателіксіз жылдам келген Юлияның алдын орап, 3 орынға көтерілгенде көңіліміз құлазыған. Десек те, Сочиде кеткен есемізді осы жолы қайтарып алдық. Өткен күндегі өкініш есіне түсті ме екен. Спортшымыздың көзіне жас үйірілді.

Жарысқа оралайық!

Пхенчхан олимпиадасы Қазақ­стан құрамасының спортшылары үшін сәтсіз басталды. Әйелдер арасындағы 7,5 шақырымдық спринт жарысында Азия ойындарының төрт дүркін чемпионы Галина Вишневская үздік нәтиже көрсете алмады. Галина спринтте 30 орын алған спортшы ретінде тіркелді. Спринттік жарысқа қатысқан қазақстандық биатлоншылар Дарья Климина – 58-ші, Ольга Полторанина – 63-ші, Алина Райкова 71-ші орындардан көрінді.

Шорт-тректен Қазақстан құрамасының мүшесі Нұрберген Жұмағазиев 1500 метрлік жарыстың финалына шыға алмады. Іріктеу сынында өз тобында екінші келе жатқан Жұмағазиев мәреге екі-үш айналым қалғанда мұзға шалынып құлап, жарысты ерте аяқтады. Осы қашықтықта сынға түскен тағы бір қазақстандық Денис Никиша да финалға өте алмады.

Шаңғыдан әйелдер арасында­ғы 7,5+7,5 шақырымдық скиатлон (шаңғымен классикалық әдіспен жүгіру+коньки әдісімен жүгіру) жарысында Анна Шевченко – 36-орынмен, Елена Коломина 54-орынмен шектелді. Өкіншке орай, Валерия Туленева мәре сызығына жете алмады.

Фристайлшы Аяулым Әміренова­ны жарыс барысында жіберген кішігірім қателігі ақтық кезеңнен алыс­татып жіберді.

Қазақстан спортының тарихында шана спортынан Олимпиадаға алғаш рет қатысып жатқан 19 жастағы Никита Копыренко де іріктеуде төмен нәтиже көрсетіп, финалға шыға алмады. 35 орынды місе тұтты.

Кешегі дерек бойынша дәл қазіргі сәтте бір қола медаль алған құрамалар саны – төртеу. Бізден бөлек Италия, Финляндия, Ресей спортшылары да осы межені бағындырып отыр.

Көшбасында Германия спортшылары тұр. Олардың еншісінде – төрт алтын, бір қола медаль.Нидерланд пен АҚШ-та қос алтыннан.

Нұрдос КӘРІМ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*