Главная » Мәдениет ошақтарында » «Қарашығы қара өлеңге толған қыз…»

«Қарашығы қара өлеңге толған қыз…»

         Ақпанда Алаш-Ананы толғақ қысса ақын туса керек-ті. Мұқағали мен Ғалым туса керек-ті. Томсыраймай келетін қайран да 9 ақпан. Қарағанды көгінде қара өлең қалықтамай қалай үнсіз қалсын?! Қалықтағанда қандай! Алатаудан ат терлетіп Арқаға Мұқағалидың қарындасы жетті. Кеншілер кеңістігін өлеңге орап Мақпал МЫСА кеп түсті.

Әсілі, Қарағанды шахтерлерден бұ­рын шайырлар шаһары болса керек. Мұнда – Бұқардың бұрқасыны, Қасым­ның құсқанаты төпелеп-ақ тұрады. Соңынан ере келген сойқан буын тағы бар.

Қош! Түс ауа Арқаның ақын атаулысы Н.Гоголь атындағы әмбебап ғылыми кітапханасына ағылды. Көзі қарақты көрермен де, ойы орамды оқырман да осында табылды.

«Алматыдан ақын келді» деп…

«Мақпал Мыса келді» деп…

«Қарашығы қара өлеңге толған қыз». Кітапхана басшылығы мен осындағы «Жыр-Жауһар» поэзия клубы ұйытқы болған үкілі кештің айдары – осы. Ормандай оқырмандарымен жүздесуге жеткен Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын Мақпал Мысаның кеші.

«Өлкеңе өмір мақтан, өмір мақтан,

Байлық бар бауырыңда

небір батпан.

Армысың айналайын, Қарағанды,

Ақпанда ақ бурадай шөгіп жатқан.

 

Жүргенде тіршіліктің нарқын кешіп,

Ақынға арайлаған әр күн несіп.

Бұл өлке ұлыларға алтын бесік,

Кешеден жетті білем даңқың көшіп.

 

Өлкеңнен өзекті жан от алғасын,

Аян ғой тыншын тауып

жата алмасым.

Мен үшін Қарағанды – Бұқар баба,

Мен үшін Қарағанды – Сәкен, Қасым…» деп бастады алматылық ақын қыз. «9 ақпанда туған өлең. Бүгін жаздым» деп бір жымиды кеш иесі. Оқырман жүрегін осылай-ақ баурап әкеткендей болды…

Бұдан әрі белгілі жүздесуді тележүргізуші Индира Тоқмурзина тізгіндеп, С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театр артисі Ахай Жұмамұратов пен клуб мүшелері нақышына келтіріп өлең оқыды. Мақпалдың өлеңдерін әрине. Сырлы сұхбат, жарасымды жүздесу. Оқырман көкейінде жүрген толассыз сауалдар легі. Мамырлаған маңғаз жыр. Әуелеген әсем ән. Бәрі-бәрі жарасымды. Жүрек-шіркін жарылып-ақ кетердей. Қан тамырың тарылып-ақ кетердей. Тамыр түгілі, кітапханадағы кең залдың өзі тарылып кеткендей болды. Ине шаншар орын болса игі еді. Ақынға деген Арқа жұртшылығы құрметінің сом үлгісі, ақынды іздеп ақын ғана келмегеннің көрінісі осы болса керек. Әйтпегенде, облыстық мәслихаттың депутаты, ҚР Білім меценаты Бекзат Алтынбеков пен Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық Хатшылығының басшысы Ерлан Құсайын ат шалдырып несі бар?

«Қара өлеңнен мойныма тұмар тағам, Қара түннің қойнынан кеткенде еніп…» деп жырлаған Мақпалдың кеші сөйтіп Қарағанды қара түннің қойнына еніп кеткенде барып түйінделгендей болды. Түйінделгендей емес, Арқаға құйын келгендей болды. Мұқағали туған өлкеде кіндік қаны тамған «қарашығы қара өлеңге толған қыздың» құйыны бұл!

Қасымын жоқтап қалған қарағандылықтардың күйігі бұл!

Ғалым жырларымен үндес Мақпалдың биігі бұл!

Рауан ҚАБИДОЛДИН.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанЖұлдызшамен белгіленген жерлерді толтыру міндетті * *

*